Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:38

Павлодар мұнай-химия зауытында мұнай өңдеу құны үштен бірге өседі

мұнай
Фото: 365info.kz

  2025 жылғы 1 мамырдан бастап Павлодар мұнай-химия зауытында (ПМХЗ) мұнайды өңдеу құны 34 пайызға өседі. Яғни, бір тонна мұнайды өңдеу тарифі қазіргі 26 500 теңгеден 35 400 теңгеге дейін көтеріледі. Бұл туралы алғаш болып халықаралық ақпарат агенттігі хабарлады, мәлімет зауыт басшылығының хатына сүйене отырып таратылған.

Бүгінгі таңда ПМХЗ-ның процессинг қызметін 27 компания пайдаланып отыр, олардың қатарында «ҚазМұнайГаз» бен KC Energy Group та бар. Қазақстандағы үш ірі мұнай өңдеу зауытының ішінде Павлодар зауыты ең төмен тарифпен жұмыс істесе де, өңдеу көлемі жағынан соңғы орында (2024 жылы – 5,5 миллион тонна).

Салыстырмалы түрде айтсақ, Атырау мұнай өңдеу зауытында мұнайды өңдеу құны – 54 400 теңге тоннасына. Бұл зауытта өткен жылы 5,55 миллион тонна мұнай өңделген. Саланың сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, Атыраудағы жоғары тарифтің себебі — зауытты жаңғыртуға бағытталған инвестициялық шығындардың тариф құрамына енгізілуі.

Жаңа тарифке қарамастан, Павлодардағы процессинг құны Атырау мен Шымкент зауыттарынан арзанырақ болып қала береді. Сондықтан сарапшылар бұл баға өсімі еліміздегі мұнай жеткізу жүйесінде үлкен өзгеріс жасай қоймайды деп санайды.

Айта кетейік, 10 сәуірден бастап ПМХЗ-ға жаңа басшы тағайындалды — Маждай Ахметов бұрынғы директор Қуаныш Бишімовтің орнына келді. Қазір Бишімов Атырау мұнай өңдеу зауытын басқарады.

Тегтер: