Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:32

Пентагон басшысы аймаққа келген сәтте Солтүстік Корея зымыран ұшырды

Ким Чен Ын
Фото: KCNA / Reuters

Солтүстік Корея Пентагон басшысы Пит Хегсет аймаққа сапармен келген күні бірнеше зымыран ұшырды.

 Бұл туралы Yonhap агенттігі хабарлады.

Агенттіктің мәліметінше, шамамен он реактивтік жүйеден атылған снарядтар Солтүстік Кореяның жағалауынан Сары теңіздің солтүстік бөлігіне қарай бағытталған.

Жарылыстар Пит Хегсеттің Оңтүстік Корея аумағындағы Бонифас әскери лагеріне келуінен бір сағатқа жетпей бұрын болған. Бұл лагерь екі Корея арасындағы бірлескен қауіпсіздік аймағына жақын орналасқан.

Бұдан бөлек, сенбі күні Солтүстік Корея тағы он артиллериялық зымыран ұшырған. Бұл оқиға дәл сол күні – Оңтүстік Корея президенті Ли Джэ Мен мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің саммиті өткен уақытта тіркелген.

Сарапшылардың пікірінше, бұл әрекет Пхеньянның аймақтағы геосаяси ахуалға жауап ретінде жасаған саяси қадамы болуы мүмкін.

Сеулдің жауабы

Оңтүстік Корея Қарулы күштерінің өкілдері өз мәлімдемесінде елдің қорғаныс жүйесі толық дайын екенін жеткізді:

«Біз берік қорғаныс ұстанымын сақтаймыз және кез келген қауіп-қатерге қатаң жауап беруге дайынбыз», – делінген Оңтүстік Корея Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Солтүстік Кореяның бұл әрекеттері аймақтағы қауіпсіздік шиеленісін одан әрі ушықтырып, Пентагон мен Сеулдің әскери серіктестігіне ашық ескерту ретінде бағаланып отыр.