Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:48, 27 Қазан 2021

Қаңғыған ит-мысық қазақтан қымбат па?

None
None

Құрметті редакция! Қартайған шағымда, былайша айтқанда, «төрімнен көрім жақын» дейтін жасқа жеткенімде қолыма қалам алып, сіздерге хат жолдауымның себебін түсіндіріп көрейін.

Біз, Қонысбай ауылының тұрғындары, қателеспесем, 1998-99 жылдары бүкіл Қазақстан халқымен бірге 99 пай иелері жалпы 1000 гектардай жер алғанбыз. Ол кезде жер бергенімен, техника берілмегендіктен, «Зеренді астық» фирмасына кіруге мәжбүр болғанбыз.

Нендей себеп екені бізге беймәлім, «Қарлы Көл» ЖШС болып, «КазЭкспортАстықтың» құрамына  кіріппіз. Жоғарыда айтылған «КазЭкспортАстық» біздің жерді кепілдікке қойып, банктен техника алып, оны қайтара алмаған соң, 300 гектар жайылымды «Қайсар» фирмасы иеленіп, ал қалған 722 гектар қазір коллекторға қойылып, біз енді жерден айырылып қалуға жақынбыз.

2020 жылы «Қарлы Көл» фирмасы ретінде «КазЭкспортАстықтың» құрамынан шығуға талпынып сотқа жүгіндік. Сот бізге оңтайлы шешім қабылдап еді, бірақ қарсы жақ апелляцияға беріп, енді жерімізден айырылатын жайымыз бар.  Сондықтан бүкіл БАҚ салаларынан жалынып көмек сұраймыз!

             Жер халықтыкі ме, банктікі ме?

Қазақта «Өгізге туған күн бұзауға да туады» деген мақал бар. Теледидардан, газеттерден көріп оқушы едік, сол күн біздің де басымызға туғанын өкінішпен мойындап отырмыз. Жер дауы, жесір дауы қазақтың маңдайына жазылғаны бекер болмаса керек.

Қазақ елінің шамамен 41 пайызы ауыл тұрғындары болса, солардың көбі осы проблемамен кездеседі, ауыл тұрғындары үдере қалаға көшіп жатыр, неге десеңіз, Жер-ананың мәйегінен айырылды. Көптеген жер өңдейтін фирмалар садақа ретінде өнімнің көп болса 5-10 пайызын береді, одан артық өнім халыққа харам боладыға пара-пар. Жер өңдейтін фирмалардың, банктердің мүддесі ауыл құрып, орнына егін салып өнім алуы ма, әлде қалай?

Ауылда тұрған соң, азын-аулақ (көп емес) мал ұстаймыз, оған жемшөпті қайдан алмақпыз? Міне, қазір бір-екі күннен соң қараша айы келеді, жылқыларымыз әлі қамауда, өйткені егін орылып біткен жоқ. Жануарлар көтерем халде.

Ертеде қазан айының бірінші демалысы Ұстаздар күні, екінші демалысы ауыл шаруашылығының күні болушы еді, сонда орақ аяқталды деп есептелетін. Қазір қар астында қалған егінге де айыппұл салынады. Орақтың аяқталар мезгілін белгілеуге болмас па екен?

Банктерге келер болсақ, халқымыздың дені – бесіктен белі шықпаған баладан бастап, еңкейген кәріге дейін кредиттің құлы. Қазақстан емес, Банкстан болып бара жатырмыз ба, қалай?

Қорыта келгенде, жетпіс пен сексеннің ортасында дау даулайтын жасым емес, жайнамаз шетінде елімізге тыныштық, халқымызға ырыздық, береке тілеп отыруға тиістімін, бірақ та «Шын жыласа соқыр көзден де жас шығады» демекші, жоғары заң қабылдаушы орындарға қаңғыған ит-мысықты қорғайтын заң шығарғанша, қарапайым ауыл халқына да көңіл бөлетін уақыт жетпек түгіл, өтіп кетпеуін еске салайын деп едім.

Көпшіліктің атынан өтініш білдіруші

Қазақ ССР-нің «Үздік ағартушы ұстазы»  Қайдар Бекенов

Тегтер: