Қарағандылықтар кімді дәріптеуде?

Қарағандыда «Әлихан Бөкейхан -ұлт азаттық күрескері» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті.
Танымдылық шара «Алаш Орда» автономиясының құрылғанына 105 жыл және азаткер тұлға есімінің Октябрь ауданына берілуіне 1 жыл толуына орай ұйымдастырылған. Екі бөлімнен тұратын танымдылық туындының авторы- өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанов пен оның немересі Медеу Әбеузар. Жас ізденуші М. Әбеузар былтыр дарынды оқушылардың республикалық шығармашылық байқауында жүлдегер атанып, есімі «Алтын кітапқа» енген.
- Әлкеңнің рухын көтеруге алғаш рет жария мүмкіндік туып отыр. Әлкеңнің рухын асқақтату мақсатында ой-арманымызға айналған фильмге тәуелсіздік жылдарында жинаған мұрағаттарым және 30 жылдың ішінде республика көлемінде өткізілген шаралар қамтылған. Тың фильмді жария етудегі мақсатымыз-Алаш қайраткерлері және Алаш қозғалысы жайлы жұртқа кеңінен мағлұмат беру. Себебі, қазірге дейін үлкен тұрмақ, жасөспірімдердің бірегей жандардың елдіктәі сақтаудағы еселі еңбегі жайында танымдары өте аз. Неге десеңіз, қазіргі кезге дейін Алаштықтарды айтуға тыйым салынды. Осылайша, ардақты ақтаңлақтар 70 жыл халық жауы деген жалған жаланың шылауына ілінді. Әлі күнге дейін бұл сөз суық естіледі,-дейді зерек зерттеуші Тұңғышбай Мұқанов.
— Алаш идеясын негізін Мәмбет Қойгелді, Кеңес Нүрпейісов секілді отандық ғалымдар салып берді. Бірақ ұлы дүбір басталған сол кезеңдерде, түрлі құйтырқы әрекеттердің кесіренен Алашты дәріптеу ісі бәсеңдеп қалғанын жоққа шығаруға болмас. Былтырғы қаңтар оқиғасы біздің халықтың рухани түлеуге сабақ берді. Енді міне, халқымыз жоғалғанымызды қайта тапқандай Алаштықтармен жаңа реңде қауышып жатыр. Бүгін қала әкімдігі ұйымдастырған кеш соның жарқын белгісі дер едім. Алаш айлығы бүгінде қалалық деңгейде ғана емес, Қарағанды университетінде өтті. Әлихан Бөкейханды жас буынға ұлықталып жатқаны қуантады. Бұдан былай қарай, бірегей темірқазықтың жолына жетудің амалы қандай деген мәселені ойлауымыз керек,-дейді Е. Бөкетов атындағы университеттің тарихшы ғалымы Әділет Жағыпар.
Қазақтың ұлт-азаттық көтерілісіне арқау болған «Алаш Орда» партиясы көсемінің ұлы мақсатын дәріптейтін фильмді көруге келген көрермендердің қарасы қалың болды. Облыс, қала әкімдіктері туынды авторларына ұлттық дәстүрге тән құрмет қошемет көрсетті.