Қасқа тай

Адассаң тізгінді қоя бер. Ат ауылды өзі табады, өй мынау жылқы мінезді екен!
– деген сияқты жылқыға теңей айтылған сөздерді бала кезде көп еститінмін.
Бүгін соның куәгері болатынымды қайдан білейін.
Сонымен....
* * *
Көктем шығып-ақ қалған болатын. Жылқылардың ішінде кәрі торы бие бірде жатып, бірде тұрып мазасы болыңқырамай жүрді.
Өзі буаз болатын. Бәріміз: сәл шыдаса көкке ілініп кетеді, оның үстіне құлындап алсын, сосын біржола жібереміз деп мән бермей жүргенбіз. Биыл шөп болмай қалды да, сатып алынған күріштің пресін беріп жүрдік. Бірақ жергілікті шөптей қайдан болсын, кәрі бие күннен-күнге арықтап бара жатты. Қабырғалары адырай білініп, міне, бүгін тұрмай қалды.
Далада шарбаққа сүйеніп тұрғанмын. Алыстан кісінеген былтырғы тайдың дауысы естілді. Тани кеттім. Жылқылардың ішінен қашып шығыпты. Құйын-перен шауып келеді. Қант берген боп ишарасын жасап едім қарағанда жоқ. Қайта өзімді қағып кете жаздады. Сол екпінімен ашық тұрған қораға кіріп кетті. Ақырын баспалай қарап едім, қимылсыз хал үстінде жатқан енесін иіскелеп тұр. «Тұрмайсың ба», дегендей тұяғымен жер тарпиды.
Кешке қарай мал болмайтынын білген соң қасапшыны шақырып кеп, пышаққа іліндірдік.
Сенесіздер ме, әлгі тай шырқырай кісінеп енесіне екі келіп, екі кетті. Ақырында қораның арғы бұрышына барып тұрды. Қайтып қораға келгенде жоқ. Енесін адамдардың қолына бергендей.
Әкеміз айтып отыратын. Адамнан кейінгі есті жануар жылқы деп. Сұраймыз ғой сонда есті болғанда қалай деп. Бізде күрең қасқа айғыр болатын. Шет жағасын өзімде білемін. Сол үйіріндегі жылқыны қасқырға алдырмайтын мінезі болатын. Бірде таң сәріде келіп тұр, үстін сауыс-сауыс тер жапқан. Кейін аңғардық оң жақ сауырының терісі жалбырап, қасқыр тартыпты. Кебе қоймаған булары әлі де білінеді. Арқырай кісінеп қасына адам жолатпайды. Әкем қыл шылбырды орай лақтырып ақыр шым-шымдап талға іліктірді. Айғыр әр қимылдаған сайын жіпті тарта түсіп байлап қойды да, астын сыпырып жерге мақта төсеп тастады. Менде дегбір жоқ:
– Өлтіретін болдыңыз, деп айғайлаймын.
– Тоқта, кейін көресің. Ол асықпай жауап берді.
Есіңде болсын балам, жараға хайуанның өз зәрінен артық дәрі жоқ. Доқтырлар анау мазды әкеліп жағады, мынау мазды әкеліп жағады. Оны қайдам, менің емім осы деді.
Ол кезде ветврач дегеніңіздің өзі шашылған тарыдай қолға түсе бермейді. Солай болса солай-ақ шығар деп әкемнің ем-домымен үнсіз келіскенмін. Жылқы деген қазақтың жаны, бұрынғының көлігі. Ауылымыздың желке тұсында «Көкібел» деген асу бар. Өзі биік болған соң онан асқан атты адам, бейне бір ғайыптан пайда болғандай жыбырлай көрінеді. Кейде ол адам емес, бұлттардан пайда болған әкеміздің елесіндей. Баламыз, бізге солай елестейді. Сол асудан жексенбі, күн бесінге қарай ауғанда көз алмаймыз. Неге? Негесі сол, көрші ауданда делдал боп ырзығын айыратын әкеміз, базардың бар дәмдісін алып келетіндей асыға күтетінбіз.
Бәріміз қоржын түбін қол сұға ақтарып, бізге деген науат, кәмпитті уыстай алып, кешке қарай әлгі жылқылар туралы, олардың жер танығыштығы туралы, кейбір жүйріктерінің ұшатыны, міне сол кезде оларға құйын да жете алмайтынын айтысып, кәмпиттерді сора жатып ұйқыға кететінбіз. Жылқының ерекшелігі секем алған нәрсесін ұмытпайтындығы. Қазақ оны үркек дейді. Ертеректе әр үй бидай егіп, оны уалмен бастыратын. Мәнісі, бидай сабақтарын айналдыра төсеп, үстіне бала мінген жылқыны қашан дәні қауызынан айырылғанша шыр айналып бастыра беру. Кейде екі-үш тананы қосақтай байлап оныменде бастырады. Әкем жылқы мінезді бір беткей адам еді. Айтқан сөзінен қайтпайтын. Бидай сабақтарын жайып тастағанбыз. Қара айғырға мен мінетін болдым.
– Қорықпа, жылқы малы ақылды келеді. Үстінде отырған қандай адам, қорқақ па оны да сезеді деді.
– Мені де біледі ме?
– Әрине!
Сонан қолтығымнан демеп көтеріп жібергені сол еді, ердің үстіне дік ете қалдым.
– Ал шу де!
Өзі арырақ барып тұрды. Тізгінді келте ұстап айнала бергенім сол еді, бірнеме сықыр еттіде онсызда құлағын қайшылап әрең тұрған айғыр айдалаға ата жөнелді. Мен бидай бауларының үстіне жамбастай құлап түстім. Уалды сүйреткен айғыр безіп барады. Тоқылған уалдың шыбықтары быт-шыт. Ол кезде қазіргідей түзу көше қайда, бес-алты үйдің адамдары іркес-тіркес үрпиісе қарап қалған. Үріккен айғыр мертікпесе екен дейміз. Сонан іздеп жүріп уалдың тек жіптерін ғана алып келгенбіз. Осының бәрі жылқының мінезінен көргендерім. Әкем бейшара оның тіл жоқ, болмаса адамнан артық түсінеді деп отыратын.
Сонда мынау қасқа тай енесінің ауыр жағдайда жатқанын қалай білді? Әлде Жаратқан тіл бермесе де, оларға біз білмейтін сезім беріп сол арқылы қияннан шауып келді ме? Ертесіне әлгі тайды үйіріне әкеле жатқан кезде кешегі мінезінің бірі жоқ, томпылдап жетегімде ерді де отырды. Күн арқан бойы көтеріліп қалған. Жолда түрлі ойларға беріліп үлгердім. Ерекше жылқыға қатысты оқиғаларды еске түсірдім:
Бір биенің жоғалып кетіп он бес күнде өз үйін қайта тапқандығы.
Аттың айдалада жатқан егесін тастап кетпей, сол маңайда жайылып жүргендігі, топ қасқырға алдырмай сақа айғырдың ауылға шауып келгендігі бәрі-бәріде сәтінде көз алдыма елестеп өтті. Жылқы құмар қазақтың жаратылысы ерекше ғой. Пәлен жерде алтын бар десең, оған бармай көкпарға баратынына да мен кепіл. Мен мұны неге айтамын. Жылқы мен қазақ егіз.
Мынау мен жетектеп келе жатқан нәумез тай соның көрінісі. Жетегіме қарап қоямын. Алдымыздан тау қыраттардың иісін сездіме жүрісі пысықталып еріп келеді. Кешегі өзімді қағып кетердей шабыстың бірі жоқ. Жылқы ақылды деген осы шығар. Жақсы ойларға берілуге тырыстым. Келешекте мұнан да Алпамыстың тайбурылындай тұлпар шығар. Қобыландының ақылды жүйрігіндей адам тілін түсінер арғымақ шығар деп те қиялдадым. Мына қызықты қараңыз. Аспанда да жердегі бізге ұқсап тай жетектеген бір адам жосып барады. Тай бір шөкім ақ бұлт қалып келе жатыр еді, енді егесінен озып сәл жүрді де ыдырай кетті. Тура біз. Есесіне тау үстінен тізілген ұбақ-шұбақ түйелер шықты. Алдыңғысы анасы жай қозғалады, соңында боталары. Бірқалыпты көктемнің жылы желімен жосып барады. Сіздің сәуірдегі осындай көріністерді көргеніңіз бар ма? Қиялдағаныңыз дұрыс. Жылқылар соны біледі. Құйрық жалы төгіліп, қырдың үстінде жарысады. Бірақ сізге айта алмайды. Ол үлкен кеңістікті ұнатады, еркіндікті аңсайды. Осы арада жетегімдегі тайға қарап қойдым. Көктемгі көріністі қиялдап келе жатып, аңғармаппыз, дәл төбеміздегі ақ бұлт, бірге қоюланып жылы жаңбырын төгіп жіберді. Жауын астында қалсақ та қандай рахат! Ал қою бұлтымыз сәл түнерді де, түтілген мақтадай ыдырай жөнелді. Міне, табиғаттың кереметі. Табиғаттың мінезі. Басқосуларда қарттардың әңгімесін, даламен, таумен байланыстыра айтатындарын көп естігенмін. Соған қарағанда тау, жылқы, адам бір-бірімен байланыста болса керек... Жетегімдегі тай кенет үсті-үстіне кісінеп жіберді. Қиялмен келе жатып аңғармаппын. Әудем жерде өзінің үйірін көріпті. Жақындай түсіп, байланған жіпті шештім де сауырдан бір тарттым. Жаратушыдан алдағы уақытта мұндай азапқа салмауын тіледім. Тай үйіріне қарай бізе шапты. Алыстан тыраулаған тырналардың даусы естілді.
Иә, көктем оянған еді.