Қоңыр күздегі сағыныш...

«Мм, исін-ай бауырсақтың, мама», деп тамсанып қоямын.
Буы бұрқыраған бауырсақты анам дастарқанға қойып жатыр.
Менің қуанышымда шек жоқ деймін, кенет біреу есік қақты. Басында жай қаққан еді, артынша гүрсілдетіп әкетіп барады. «Ейй, тұрсайшы» деп біреу иығымнан жұлқи түседі.
«Түуф, сайтан». Түсім екен ғой. Әбден ескірген тақтай есікті күзетші тағы келіп дүңкілдетіп қақты.
«На работу», – деп гүр ете түсті.
«Дүниедегі ең жек көретін дауыс – осы» деп күңкілдей жүріп киіне бастадым. Бөлмедегі қыздар киініп болып қалыпты. Бәрі асығыс, көзіңді тырнап аша салып, даладағы қол жуғышқа асығасың, асықпасаң болмайды, сәл кешіксең, ұзын-сонар кезекте дірдектеп тоңып тұрғаның. Сары апайлар дайындап берген ботқамен бір тілім нанды жеп, картоп жинау үшін алқапқа автобуспен кеттік. Жұмысқа алғаш келген күні қызық, асханаға апарғанда, әсіресе бірінші курс студенттері сызылып отырып, қонаққа келгендей тамақтанған едік. Ал… кешкісін жұмыстан кейін майысуға шама жоқ, жанталасып, тамақ соқтық. Бір есімде қалғаны, нанды әкеліп ортаға үйіп тастады, бәрі жапа-тармағай талап алды. Мен де ашығып тұрмын ғой, бірнеше тілім нанды жинап алыппын. Қарсы бетте бір бөлмеге орналасқан Әлия группаласым отыр. Әбден сілесі қатып шаршаған тәрізді, әдемі жұқа өңі құп-қу болып отыр, алдында нан жоқ. Үш тілім нанды алдына ысырдым. Үнсіз ғана бас изеді.
Иә… «сельхозка» деген осы екен...Үйде жасамаған жұмысты орындауға тура келді. Екі адамға бір үлкен кәрзеңке береді. Қасыма иығы төртпақ келген Жанерке есімді қыз бұйырыпты. Оған алғашқыда қуанып жүрдім.
Үлкен алқапты трактор жыртып кеткен соң, кәрзеңкеге картоп жинаумен ит сілікпең шығады. Алты ұлдың ортасында өскен мен даланың жұмысын жасай қоймап едім. Бірінші күні-ақ қолдарым қанап, тілініп кетті. «Әй, ақымақ басым, қонаққа келгендей қолғап алып келмегенім» деп өкініп қоямын. Менің бұл жағдайымды көріп жүрген қазақ топтарының кураторы Ғанибет ағай бір күні бірнеше пар қолғап әкеп берді. Кейде картоптан жалыққанда, қулыққа басып, картопты топырақтың астына көміп кете береміз. Басында бұл қулығымыз іске асқандай болған, кейін әшкере болды. Алқапқа еңгезердей екі бригадир әйел шығып, әлгі біз тыққан картоптарды аяғымен теуіп шығарып, айқайға басады. Амалсыз көнбіс қалыпқа түсіп, қайтадан жинайсың. Жаңбыр жауған күндер керемет еді. Трактор жер жыртуға шықпайды, біз кейде алқапта қалып күтіп жүреміз. Жоғарғы курстың жігіттері отқа пісірген картопты бөліп жейміз, ән айтамыз соңында бір- бірімізге күйе жағып, асыр саламыз.
Алғашқы аптаның бір күнінде кешкісін бөлмеміздегі екінші курста оқитын Гүлнар деген пысық қара қыз төсектердің темір басын жұлып ала бастады. Сосын түн ішінде барлығымыз бөлмеге жайғасқан соң, әлгі төсектің темір бастарын есіктің екі жағындағы қабырғаға тіреп қойып, кендір жіптерді алып шығып, есіктің тұтқасын соған тартып байлап қойды. Оған аузы сөзден босамайтын Анар көмектесті. Бір бөлмеге жеті қыз орналасқан едік, бесеуі екінші курстың қыздары, Әлия екеуміз бірінші курсқа келген «сары ауызбыз». Екінші курстың қыздары, әрине бізден өздерін ақылды санайды. «Өй, неге шандып байлап жатсыңдар ананы, түнде шықсақ ше?» – деймін мен шыдамай кетіп.
— Көресің түнде не үшін байлағанымызды, ал түнде шықпауға тырыс, – деп Анар осымен сөз тәмам дегендей жарықты өшіріп тастады.
Бұл түні тыныш ұйықтадық. Келесі күні түнде терезенің тықырынан ояндым. Біреулер терезені қағып тұр екен. «Қыздар, тұрыңдар есік ашыңдар» деп, орысша айтқан бір жігіттің дауысы шықты. Есік алдында үш-төрт адам тұрған сияқты. Шошып кетіп орнымнан атып тұрдым. Гүлнар шап беріп ұстай алды да аузымды жауып «тыныш жат, жайлап...» деді. Денемнен суық ызғар жүріп өткендей дірілдей жөнелді. Олар біраз тұрып, барактың басқа жағына қарай кетті. Екінші курстың қыздары бұл осы маңдағы елдімекендердің «местный» жастары екенін, түн ішінде осылай келіп тұратынын, олар келгенде есікті мықтап бекітіп, үндемей отыру керек екенін айтып, нұсқаулық жасады.
Аптасына бір рет би кеші болады. Сол кезде осы «местныйлар» келіп студенттерді қоршап қарап жүреді. Бұл кез тоқырауға түскен тоқсаныншы жылдың соңы болған соң ба кім білсін, күзетшілер де көзге түспейді. Күзетші дегеннен жалғыз шал ғана болса керек, оның өзі таңертең бір көрініп жоқ болып кетеді. Би аяқталған бойда біздің бөлменің қағидасы бойынша бір-біріміздің қолымыздан ұстап, жатын орынға жүгіреміз. Бөлмеге кіре салып, бір-бірімізді түгендеген соң, есікті шандып байлап қоямыз.
Бір күні түн ортасында барактың ортаңғы жағынан шу шықты. Шыңғырған қыздардың дауысы мен терезенің сынғаны, ер адамдардың боқтық сөздері тыныш түннің шырқын бұзды. Әлия шыр ете түсті. Оған басқа қыздар басу айтып жатыр. «Тссс, әйтпесе бізге келеді, қой» дейді қыздар. Далада енді қыздардың дауысынан гөрі жігіттердің дауысы қатты шығып жатты. Шамасы төбелесіп болып жатқан сияқты. Ара-тұра «өййй, әкең… өлтірем» деген қазақша айқай шығады.
– Мыналар бір-бірімен төбелесіп жатыр ма, местныйлардың арасында қазақша сөйлейтіні жоқ еді? –дейді Айым шыдай алмай.
Сүт пісірім уақыт өткен соң көлікпен полиция келген тәрізді болды. Осыдан кейін даладағы айқай-шу басылып қалды. Келесі күні түнгі оқиғаның мән жайына қанық болдық. «Местныйлар» түнде бірінші курс қыздарының есігін бұзып кіріпті. Қыздардың екі-үшеуі далаға қашып шығып, студент жігіттердің бөлмесіне барып көмек сұраған. Пед колледж болғандықтан, ұлдар аз болатын еді. Бөлмедегі бес жігіт жалаңаш, жалпы сол жерге жетіп барып, местныйлар қылжақ қып жібермей тұрған қыздарды босатуды талап еткен екен. Осыдан кейін шарт-шұрт төбелес басталып кеткен. Қыздар «местныйлардың» қарасы көп болған соң барактың төменгі жағынан полиция инспекторы мен Ғабиден ағайды шақырып келген. Кейін алысып-жұлысқан екі топты тәртіпке шақыру үшін көлікпен полиция келіпті. Осы шудан кейін қауіп біраз сейілгендей болды. Сөйтіп, қызығы мен шыжығы қат-қабат алмасқан бір айға жуық жұмыс күндеріміз өте шықты...
Міне, тағы қоңыр күз, тағы да сағыныш. Бала күнімнен күз мезгілі жаныңа сағыныш толтыратын көңілсіз мезгіл ретінде жадымда сақталған. Өйткені күз басталса болды, күзеуде совхоздың сиырын бағып қалатын әке-шешемізден кетіп, ауылдағы әжеміздің қолына барып, сабақ оқитын едік. Күз бойы жабығып үйрене алмай анам мен әкемді сағынатынмын. Ал бүгін сарғайған жапырақтарға қарап, сонау қоңыр күздің бірінде қалған албырт шағымды, тағдыр жан-жаққа лақтырған аңғал достарымды сағынып тұрмын...