Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:40, 01 Тамыз 2024

Рәміздерді қорлау фактісі жиі тіркеледі

рәміздер

Еркіндік пен теңдік, егемендік пен тәуелсіздік қай халық үшін де ежелден аса қадірлі ұғымдар. Мұны түсіну үшін «елім» деп соққан зор жүрек, «жерім» деп соққан жанпида сезім керек.

 Еліміз тәуелсіздік алған күннен бастап, жақсылықтың хабаршысы боп келген ұлы құндылық – мемлекеттік рәміздеріміз еді. Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіз жеке дербес ел болудың бір сипаты, біздің мемлекетіміздің, біздің егемендігіміздің мызғымас негіздерінің бірі. Мемлекетіміздің мызғымас негіздерінің бірі саналатын бұл құнды белгілерімізде халқымыздың сан ғасырлық арман-тілегі, мұқалмас рухы мен қаһармандығы жатыр. Десек те, қазіргі кезде жастардың басым бөлігі мемлекеттік рәміздерімізді танымайтын деңгейге жеткен. Әлеуметтік желілер мен шараларда рәміздерге жасалған құрметсіздік пен сыңаржақ пікірлерді жиі кездестіріп қаламыз. Тіпті осыдан бірнеше жыл бұрын орта мектепті бітіріп, 11 жылдық еңбегі сіңген мұқабасында мемлекеттік Елтаңба бейнеленген аттестаттарын қоқыс жәшігіне лақтырған үш жасөспірімнің жөнсіз әрекеті әлеуметтік желіге тарап, қоғамның ашу-ызасын тудырған болатын. Біраз уақыт өткен соң сол жасөспірімдер жасаған әрекеті үшін халықтан кешірім сұраған бейнежазбасы да тараған-ды. Ал осыдан тура екі жыл бұрын жастар арасына кеңінен танымал топ пен әртістің концерт барысында туға құрметсіздік көрсетіп, сахнада балағат сөздер айтуы көптің шамына тиді. Әлеуметтік желі қолданушылары «Ирина Кайратовна» тобының мүшесі Азамат Маркленов пен Асхат Жолшиевтің сахнадағы әрекетін сынға алып, заң жүзінде шара қолдануын талап етіп, заң жүзінде жауапқа тартылған еді. Бұл осы сипаттағы өрескелдіктің бір парасы ғана. Осыған қатысты медиа маман Молдияр Ергебеков: «Ту – әрбіріміз үшін әртүрлі игі мағынаға келеді. Мен үшін көк ту – қазақ елінің бейбіт пейілінің, еркіндікке құлшынған азаматтарының және бәрінен бұрын тәуелсіз халық пен елдің, мемлекетіміздің символы. Бұл екі топ үшін көк ту – «тру-мру» деп мағынасыз ән жазып, миллиардтаған ақша табудың инструменті. Оны осы сұмдық әрекеттері арқылы дәлелдеп берді. Өз мемлекеттік рәміздеріне құрмет көрсететін ел бұл әрекетке қылмыс деп баға берер еді», – деп пікір білдірген еді.

Республика көлемінде биылдың өзінде әр ай сайын кемінде бір рет рәміздерді қорлау фактісі тіркеліп, аталмыш мекеме не тұлға заңмен жауапкершілікке тартылып отырған. Әсіресе мемлекеттік мекемелердің ішінде рәміздерді қорлау фактісі жиі тіркелген. Кейбірінде байрағымыз тұғырда кірлеген немесе жыртық күйінде желбіресе, кей мекемелерде ту мен елтаңба атымен жоқ екенін алға тартты Әдемі Нысанбек.

«Ай сайын департамент қызметкерлері мен әкімшілік бірге жүріп, қалада орналасқан мемлекеттік органдардың ғимараттарын тексереді. Мемлекеттік ту, елтаңба дұрыс орналасқан ба, түнгі уақытта жарық түсе ме, мемлекеттік ту кір немесе жыртық емес пе? Соның барлығын бақылап жүреді», – дейді ҚР СИМ техникалық реттеу және метрология департаментінің бас маманы.

Айта кетсек, 4 маусымда қазақстандықтар Мемлекеттік рәміздер күнін тойлайды. Ал қылмыстық кодекстің 372-бабына сәйкес, Мемлекеттік рәмізді қорлау әрекеті бойынша 3 000 АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не 900 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не 2 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Күні кеше олимпиада ойындарында мемлекеттік туымыздың биіктен көрінуі халықтың рухын көтеріп, айбынын оятқаны рас. Сәйкесінше, жастар мен жасөспірімдердің отансүйгіштік қасиетті арттыра түсу үшін рәміздердің насихаты да дұрыс болу керек дейді Әдемі Нысанбек.

«Мемлекеттік рәміздер – елдігіміздің нышаны, азаттықтың айнасы екені жалпыға аян. Елдің танымалдығы мен қарым-қайраты – ең әуелі рәміздеріне деген қатынасынан, оның танымалдылығынан көрініп жатады. Сондықтан да рәмізді қадірлеу – елдікті қадірлеу, рәміздерді насихаттау – елдікті насихаттау болмақ. Рәміздерді насихаттау ісін осы тұрғыдан алғанда басты идеологиялық жұмыстардың бірі ретінде қарастыруға болады. Оның дұрыс және ауқымды жүруі мемлекеттің ішкі саясаты үшін де маңызды», – дейді.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Тегтер: