Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 10 Қараша 2019

Референдум өткізу туралы бастама көтерген топтың жиынында айғай-шу болды

None
None

Жексенбі, 10 қарашада Нұр-Сұлтанда сайлау және саяси партиялар туралы заңнаманы өзгерту мақсатында референдум өткізуді қолдайтын азаматтардың жиыны басталар кезде белгісіз ер адам конференция залында айғай-шу шығарды.

Белсенділердің сөз сөйлей бастағаны сол еді, залда отырған бір ер адам орнынан тұрып, жиынның заңды өтіп жатқанына күмән келтірді.

— Әрбір қаладан отыз адам келді дейді, орындарыңыздан тұрыңыздаршы, көрейік, — деп айқайлады ол.

«Халық өкілімін» деп айқайлап, аты-жөнін айтпаған ер адамды жиынға қатысушылар қоршап алып, күзетшілер күшпен залдан шығарды.

Бүгінгі жиынды соңғы президент сайлауында бақылаушы болған және 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтар ұйымдастырған. Залда Қазақстанның 14 облысынан келген шамамен 500-ден астам адам болды.

«Референдум — халық еркі» референдумын өткізу туралы бастама көтерген азаматтар жиыны. Нұр Сұлтан, 10 қараша 2019 жыл.

Референдум өткізу тобы штабының жетекшісі болып Нұрлан Есқалиев сайланды. Хатшысы белсенді Ақмарал Қамбарқызы болды.

«Референдумның негізгі мақсаты — бұл халықтың өз құқығы үшін күресі, бұл құқық бұзылып жатыр. Азаматтық белсенділік азайып барады. Билік халыққа қызмет етуі тиіс болса да, билік пен халық арасындағы „апан“ тереңдеген. Билікті диалогқа шақыру керек. Біз Қазақстан тұрғындарын мемлекет басқару ісіне тартуымыз керек. Егер мұны референдум арқылы жүзеге асыру мүмкін болмаса, онда мәселе басқа» деді Нұрлан Есқалиев.

Бұдан кейін әр облыс бойынша бастамашыл топтың жетекшісі таңдалды. Жиын соңында ұйымдастырушылар референдум өткізу мақсатында 200 мың адамның қолын жинай бастау үшін жиын хаттамасын республикалық сайлау комиссиясына тапсыратынын айтты.

-Заң бойынша референдум өткізуге президент қана рұқсат бере алады. Президент шешімінен кейін дауыс беру науқанын өткізу тәртібі бекітіледі. Қазіргі заңнама бойынша, партия құру үшін кемінде мың адам қатысқан құрылтай съезін өткізу қажет. Оған облыстардан, республикалық маңызы бар қалалар мен астанадан адамдар жиналуы керек. Партияны тіркеуден өткізу үшін оның құрамында кемінде 40 мың адам болуы керек.

-2019 жылы Қазақстанда саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді талап еткен қарсылық акциялары жиіледі. Мұндай акциялардың басым бөлігі шеруге қатысқандарды ұстап, әкімшілік қамауға алу және айыппұл салумен аяқталған.

-ЕҚЫҰ бақылаушылар миссиясы сайлау кезінде көптеген заңбұзушылық пен азаматтарды ұстау болғанын айтып сынады.

Тегтер: