Ресей Тергеу комитеті экс-судья Айгүл Сайлыбаева өліміне байланысты тексеріс бастады
Ресей Федерациясының Тергеу комитеті Германия аумағында қаза тапқан бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаева ісі бойынша процессуалдық тексеріс жүргізе бастады.
Бұл туралы ведомство басшысы Александр Бастрыкин мәлімдеді.
Федералдық телеарна эфирінде көрсетілген сюжетте Германияда Қазақстаннан барған әйелдің өлтірілгені айтылған. Журналистік материалда қылмысқа оның бұрынғы күйеуі мен оның туыстары қатысы болуы мүмкін екені, ал олар қылмыстық іс қозғалғаннан кейін Мәскеу қаласына жасырынған болуы ықтимал деген болжам келтірілген.
Сюжет жарияланған соң қаза тапқан әйелдің туыстары Ресей Федерациясының Тергеу комитетіне жүгініп, істі назарға алуды сұраған. Осыған байланысты Мәскеу қаласы бойынша Тергеу комитетінің бас басқармасы процессуалдық тексеріс бастаған.
Ресей Тергеу комитетінің төрағасы Александр Бастрыкин Мәскеу қаласы бойынша Бас тергеу басқармасының басшысы Дмитрий Беляевке тексерістің барысы туралы жеке баяндама жасауды тапсырды.
Аталған тапсырманың орындалуы Тергеу комитетінің орталық аппаратында бақылауға алынғаны хабарланды.