Ресейде көше наразылық акциялары жиілеп келеді
Ресейдің Украинаға қарсы соғысы басталғаннан бергі төртінші жылы елде көше наразылық акцияларының саны арта бастады.
Бұл туралы оппозициялық саясаткер, бұрынғы кәсіпкер Михаил Ходорковскиймен байланысы бар «Можем объяснить» Telegram-арнасы жазды.
Арнаның жазуынша, наразылықтың классикалық саяси митинг түрі ғана емес, сонымен бірге мәдени, әлеуметтік және экономикалық сипаттағы бастамалар да көбейіп отыр.
«Шетел агенттері» атанғандарды қолдаған концерттер
Мақала авторлары мысал ретінде музыканттардың «шетел агенттері» деп танылған әртістердің әндерін орындауын келтіреді. Бұл акциялар «Стоптайм» тобына қолдау білдіру мақсатында ұйымдастырылған.
Бұл топтың мүшелері – әнші Диана Логинова (Наоко), оның күйеуі, гитарист Александр Орехов және перкуссионист Владислав Леонтев қамалған. Оларға қылмыстық іс қозғамай-ақ, қамақта ұстау мерзімі қайта-қайта ұзартылып келеді.
Соғысқа қарсы пикеттер де бар
Материалда соғысқа тікелей қарсы акция мысалы ретінде биыл ақпанда Пермь қаласында өткен пикет айтылады. Оны тіркелмеген «Рассвет» партиясының мүшесі Екатерина Дунцова ұйымдастырған. Пикет қысқа мерзімде тарқатылса да, «соғысқа қарсы ашық ұстаным танытқан сирек оқиғалардың бірі» ретінде сипатталған.
Билік ресми түрде қоғамдағы «бірлікті» және «тұрақтылықты» алға тартып отыр. Алайда тәуелсіз сарапшылар мен медиа ресурстар бұл қарсылықтарды қоғамдағы терең қақтығыстар мен шаршаудың белгісі ретінде бағалайды.
«Можем объяснить» арнасының мәліметінше, Ресейде соңғы уақытта қоғамдық наразылықтың тағы бір жасырын формасы таралып келеді – билік «шетел агенті» немесе «террорист» деп атаған жазушылардың кітаптарын әдейі оқу.
Мақалада айтылғандай:
- мұндай авторлардың кітаптары көбіне шетелдік баспаларда жарық көреді;
- кейін олар Ресейге ресми бақылаудан тыс арналармен жеткізіледі;
- оқырмандар үшін бұл билік жүргізіп отырған цензураға үнсіз қарсылық әрі ақпараттық альтернативаны іздеу формасына айналып отыр.
Авторлардың пікірінше, бұл құбылыс ресейліктердің бір бөлігі ақпараттық шектеулерді айналып өтіп, басқа көзқарастарды іздей бастағанын көрсетеді.
Тәуелсіз сарапшылар әзірге Ресейде 2011-2012 жылдардағыдай жаппай митингтер байқалмағанын айтады. Дегенмен, локальды қарсылық ошақтарының көбеюі, олардың географиясының кеңеюі мен тақырыптарының алуан түрлі болуы – қоғамның жалпы көңіл күйі өзгеріп бара жатқанын аңғартады.
Ресми Мәскеу бұл үрдіске түсініктеме бермей отыр. Ал тәуелсіз медиа мен құқық қорғаушылар Ресейде соғыс жалғасқан сайын экономикалық және әлеуметтік қысым күшейіп, билікке бағытталған наразылықтың жаңа формалары пайда бола беретінін ескертеді.