Reuters: АҚШ үнді компаниясына ресейлік мұнайдың орнына венесуэлалық мұнай сатып алуға рұқсат берді
АҚШ үнділік Reliance Industries Ltd компаниясына Венесуэладан мұнайды тікелей сатып алуға мүмкіндік беретін лицензия берді. Бұл туралы Reuters агенттігі екі дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Қаңтар айының басында Reliance лицензия алу үшін өтінім берген. Құжат Венесуэлада өндірілген мұнайды, сондай-ақ оның қайта өңделген өнімдерін сатып алуға, экспорттауға және сатуға рұқсат береді. Агенттік дереккөзіне сәйкес, Венесуэланың ауыр мұнайы жеңілдікпен сатылатындықтан, бұл Reliance үшін ресейлік мұнайды экономикалық тұрғыдан тиімді алмастыруға мүмкіндік береді.
Осы айдың басында АҚШ президенті Дональд Трамп үнділік мұнайға салынған 25 пайыздық баж салығын алып тастағанын жариялап, Нью-Дели алдағы уақытта АҚШ-тан және, мүмкін, Венесуэладан көбірек мұнай сатып алатынын айтқан.
Үндістан ресейлік мұнайдан бас тарта ма?
2025 жылдың ортасына қарай Ресейден Үндістанға жеткізілетін мұнай көлемі тәулігіне шамамен 2 миллион баррельге жеткен еді. Алайда Reuters мәліметінше, үнділік мұнай өңдеу зауыттары, оның ішінде Reliance, сәуір айына жоспарланған ресейлік мұнай жеткізілімдерінен бас тартып отыр. Сарапшылар мұндай үрдіс ұзақ мерзімге созылуы мүмкін екенін айтады.
Мұнай өңдеу және сауда саласындағы дереккөздердің пікірінше, бұл қадам Нью-Делиге Вашингтонмен сауда келісімін жасауға көмектесуі ықтимал. Ақпан айының басында Кремль өкілі Дмитрий Песков Ресей Үндістан тарапынан ресми хабарлама алмағанын мәлімдеген.
Санкциялар және Ресей бюджеті
Бұған дейін Reliance Венесуэла мұнайын тұрақты түрде сатып алып келген, алайда 2025 жылдың басында АҚШ санкцияларына байланысты жеткізілімдер тоқтатылған еді. Компания тәулігіне шамамен 1,4 миллион баррель өңдеу қуаты бар екі зауытты басқарады.
Reuters талдауына сәйкес, Ресейдің мұнай-газдан түсетін кірісі қаңтар айында 405 млрд рубльге дейін төмендеп, 2020 жылдың тамызынан бергі ең төменгі деңгейге жеткен. Жыл қорытындысы бойынша кіріс шамамен төрттен біріне азайып, 8,44 трлн рубль болады деп болжанған. Бұл Ресей Қаржы министрлігінің 8,65 трлн рубльдік болжамынан төмен.
Агенттік кірістің төмендеуін мұнай бағасының құлдырауы және рубльдің нығаюымен байланыстырады. Қараша айында ресейлік мұнайдың рубльмен есептелген бағасы қазанмен салыстырғанда 17,1 пайызға арзандаған.
22 қазанда АҚШ Қаржы министрлігі Ресейдің ірі мұнай компаниялары – «Роснефть» пен «Лукойлға» қарсы санкциялар енгізген. Дональд Трамп бұл шаралар Ресейдің Украинадағы соғысына әсер етеді деп үміт білдірген.
Санкциялар ресейлік мұнайға рекордты жеңілдіктер жасауға әкеліп, «Лукойлдың» шетелдік активтеріне қауіп төндірді. Қытай және Үндістан сияқты негізгі сатып алушылар жаңа тендерлерде ресейлік мұнайды жиі алып тастай бастаған.
2025 жылдың қарашасында Владимир Путин АҚШ тарапынан жаңа санкциялар енгізіледі деп күтпегенін мойындаған болатын.
Айта кетейік, мұнай мен газдан түсетін табыс – Ресей бюджетінің негізгі кіріс көздерінің бірі.