Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:00

Садыр Жапаров «жаңа Қырғызстан» құрмақ

Садыр Жапаров
Садыр Жапаров. Фото: Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров елдің даму бағытын айқындайтын жаңа реформалар курсын таныстырды. Ол бұл стратегияны «жаңа Қырғызстан» деп атап, басты мақсат – әділетті, өркендеген мемлекетті қалыптастыру екенін айтты.

Бұл жөнінде Конституция күніне және елдің даму стратегиясына арналған президенттің ресми сөзінде жарияланды.

«Біз жаңа Қырғызстанды құруға көңіл бөлуіміз керек. Ол сыртқы жетістіктерімен ғана емес, әрбір азаматтың ішкі байлығымен – рухани тазалық, адамгершілік, қонақжайлық, кеңпейілділік және білім тереңдігімен ерекшеленуі тиіс», – деді Садыр Жапаров.

Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі Ұлттық даму бағдарламасының басым бағыттарын еске салды: тұрақты өсімге қол жеткізу, халықтың өмір сапасын арттыру, адами капиталды дамыту, рухани құндылықтарды нығайту.

Президент елдегі конституциялық реформаның билік құрылымын өзгерткенін, экономикада тұрақты өсім белгілері байқалғанын, қоғамда тұрақтылық орныққанын атап өтті. Сыртқы саясат көпвекторлы сипат алып, әр салада жаңа мүмкіндіктер ашылғанын айтты.

«Бүгінде халықтың мемлекетке деген сенімі қайта оралды. Басқаша айтқанда, өмірдің барлық саласында айтарлықтай өзгерістер жүріп жатыр және ол жалғасуда», – деді Жапаров.

«Жаңа Қырғызстан» стратегиясы мемлекеттік басқаруды реформалау, сыбайлас жемқорлықпен күрес, бизнесті қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту сынды қадамдарды қамтиды.