Сафуан Шаймерденов: Кенесары көтерлісі жер үшін болатын

Сафуан Шаймерденовтің туғанына – 100 жыл
Заңғар суреткер Мұхтар Әуезов: «Әдебиетіміздің болашағы» деп бата берген Қазақстанның халық жазушысы, драматург Сафуан Шаймерденов сәуір айында 100-ге толды. Осыған орай, алдағы шілде айында қаламгердің туған елі – Солтүстік Қазақстан облысында қаламгер мерейтойы өтпек. Қайсар жазушы халқына қалтқысыз қызмет етті. 1986 жылы Колбиннің солақай саясатына қарсы шыққан екі адам болса, соның бірі – осы Сафуан Шаймерденов.
– Көгалдағы хоккейден КСРО-ның жастар және ересектер арасындағы 9 дүркін чемпионы, 2 рет күміс жүлдегері Саян ағам қызметте жүр. Мен де қызметке тұрғалы жатырмын. Біздің болашағымызды ойлаған жоқсыз ба? Сіздің мына сөзіңізден кейін биліктегілер бізге қырын қарайды ғой, – деген сұрағына:
– Балам, балалық жасама? Елдің тағдыры қыл үстінде тұрғанда, әркім өз басын күйттеп, отбасын, әулетін ойласа, онда қазақ бүгінгі күнге жетпес еді, – деп жауап беріпті Сафекең журналист ұлы Сайынға.
Көлгірсуді білмейтін, тура мінезді Сафуан аға қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беру үшін де жанын салып, ұлт мүддесін көтеріп, қазақ аспанына төнген қара бұлтты сейілтуге ат салысқан санаулы тұлғалардың бірі.
Мен 1990 жылы «Қазақ әдебиеті» апталығында жұмыс істеп жүргенде Сафуан ағамен емен-жарқын бірнеше сағат әңгімелескен едім. Бірақ дайындаған материалымның үштен бірі ғана жарық көрді. Архивте сақталған сол сұхбатымның толық нұсқасын, қазақ оқырманы сүйіп оқитын өзіміздің «Жас Алашқа» ұсынып отырмын. Сафуан ағаның сол кезде айтқандары әлі өзектілігін жоя қойған жоқ секілді.
***
Қазақ қаламгерлерінің шығармаларымен мектеп қабырғасында жүргенде таныстық. Таралымы көп «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан пионері» газеттерінің әр санын асыға күтетінбіз. Әдебиетші ұстазымыз Сейсек Жақыпжанов М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, Ә.Нұрпейісовтың, С.Жүнісовтың, М.Мағауиннің, Ә.Кекілбаевтың, т.б. жазушылардың туындыларын тігісін жатқыза әңгімелегенде қызыға тыңдайтынбыз. Және сол шығармаларды тез тауып оқуға тырысатынбыз. Солардың қатарында Сафуан Шаймерденовтің повестері маған айрықша ұнап еді.
«Жазушы» баспасынан 1982 жылы жарық көрген таңдамалы шығармаларының 2 томдығынан, «Мезгіл», «Қарғаш», «Жыл құсы», «Ит ашуы» повестерін қызыға оқығаным есімде. Әсіресе «Мезгіл» хикаятының орны бөлек еді. Тағдыр теперішін көп көрген жансебіл әйел Бибігүлдің өгей демей Мезгілге қамқорлық танытуы, туған әке-шешесін жоқтатпай, мейірімге бөлеуі жүрек қозғайтын үлкен адамгершілік! Кісілік кескін-келбет!.. Содан да болар, қырық жыл бұрын оқыған осы «Мезгіл» хикаяты жан дүниемді қопарып, астаң-кестең еткені әлі күнге дейін жадымда.
Бұл – сарабдал қаламгер қаламынан туған шебер шығарманың әсері!..
Сафуан Шаймерденов – өзіндік әлемі бар, реальды өмірге өз шындық тұрғысынан, өз дүрбісімен қарайтын суреткер. «Бойыңызда талант бар, я жоқ деген үкім шығара алмаймын; Бюффен айтқандай, талант қашан да қажыр-қайрат пен төзімнен тұрады, ар жағы өзіңізге байланысты...» – деген ғой Гюстаф Флобер жас Ги де Мопасанға.
Сафуан Шаймерденовтің бойындағы қажыр-қайрат, төзім және турашыл мінезін оның көркем шығармаларынан анық аңғаруға болады.
«Сафуан Шаймерденовтің қаламгер ретіндегі қадірі, оның қолынан шыққан бұйымдардың өнер туындысы ретіндегі қасиеті неде? Бұл сұраққа жауап беру үшін Сафуанның суреткерлік табиғатына тән айрықша сипаттарды атап өтпей болмайды, деп жазады осы қос томдыққа енген «Қазық» атты алғы сөзінде көрнекті ғалым, танымал сыншы Зейнолла Қабдолов.
Біріншіден, Сафуан – тілге мұқият кісі...
Екіншіден, Сафуан – талғампаз адам...
Үшіншіден, Сафуан – мәдениетті жазушы...
Төртіншіден, Сафуанның қай шығармасын алсақ та күн шуағы секілді жылы, нәзік лиризм толқып, төгіліп тұрады. Бұл оның сыршыл суреткер екенін танытады.
Бесіншіден, Сафуанның қай шығармасын алсақ та таза, тұнық парасат бар. Ал интеллект әдеби шығармаға ауадай қажет...»
***
Келісілген уақыт түскі сағат 13-ке бес мүйнет қалғанда есік қақтым. Өзі қарсы алды. Бойшаң денесін тік ұстаған, жылы жүзді ақсары өңді адам екен. Бойымды әлдеқандай қобалжу сезімі билеп тұрып қалсам керек.
– Қысылма!.. Апаңның шәйін ішкесін асықпай тілдесейік, – деп мені төрге оздырды...
Жазушы кабинетінің қос қабырғасын алып жатқан сөрелер толы кітап. Мұнда да реттілік пен ұқыптылық мен мұндалап тұр. Өзімше пысықтық танытып, Сафуан ағаның 2 томдығын, 1988 жылы Абай атындағы Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлық алған «Ағалардың алақаны» кітаптарын ала барған едім. Сол кітаптің біреуіне:
«Толымбек ініме!
Өз атың секілді өнерде де, өмірде де тіршілік тынысың әманда толымды болғай... Автор. 02.09.1990» – деп қолтаңба жазып берді де, маған бұрылып:
– Ал әңгімеңді айта отыр, – деді жылы шыраймен.
– Шығармашылықты қай жасыңыздан бастадыңыз, қандай жағдай әсер етті?
– Көптеген қаламгерлер секілді бала кезімде мен де өлең жаздым. Шынын айту керек, төрт аяғын тең басқан мықты емес еді ол өлеңдерім. Ауылда Бәри деген жыршы қарт тұрды. Сол кісінің қиссаларын тыңдап өстім. Маған қатты әсер еткені сондай, әдебиетке деген құштарлығым оянды. Ал үлкен прозаға, 1950 жылдың басында, университетте оқып жүргенде кірістім.
– «Болашаққа жол», кейіннен «Инеш» болып аты өзгерген романыңыз 1950 жылдары жарық көргенін білеміз. Осы туындыңыз туралы айтасыз ба?
– Роман жазу идеясы университетте оқып жүргенде келді. Бұл менің кертартпалау ұғымымның, көзқарасымның жағдайында туған туынды болатын. Студент болсақ та аздап өмір көргесін бе, өмірге сын көзбен қарай бастаған шағымыз. Қала қыздары боянып, сыланып жүреді, киім киістері ауыл қыздарынан өзгешелеу. «Инеш» осыларға қарсылық есебінде дүниеге келген шығарма. Ол кезде Инеш сияқты қыздар некен-саяқ. Қазір мыңдап саналады. Сол мыңдаған жаңашыл қыздардың қасында елуінші жылдардың Инештері жіп есе алмай қалған сияқты. Сұлу ажармен жан дүние тазалығының әдемі үйлесімі болатын. Білімді, әдемі қыздар жақсы киініп, боянып жүрсе несі айып?! Қайта жарасымды емес пе? Бұл менің бүгінгі ұғымым. Елуінші жылдардағы өмір жолынан өтіп келген, өмірбаяндары маған ұқсас жігіттердің көзқарасы өзгеше еді. Қыздардың әдемі түріне қарап тон пішетінбіз. Сөйте тұра мен Инешті жақсы көрдім. Оның қасында адамшылығы зор, жағымды образ – Мәулен бейнесі әлде қайда солғын, тар шеңберде шыққан секілді. «Инеш» романы жарық көргелі отыз жылдан асса да, қазақ және орыс тілдерінде 300 мың тиражбен алты рет қайта басылды.
– Лев Толстойдың: «Анна Каренина мені тыңдамайтын болды, өз алдына әрекет жасайды» – дейтін сөзі бар ғой. Инеште сондай мінез кездесті ме?
– Жазу барысында жазушы туындысына иелік еткенімен, кейіпкердің авторға бағынбайтын кездері болады екен. Бастапқыда Инеш жеңіл мінезді, ұшқалақтау қыз болатын. Кейіннен байқасам – оның адалдығы, алғырлығы, білімділігі, сүйкімділігі, мінез-құлқындағы ерекшеліктері мол екенін байқадым. «Инеш» кезінде үлкен жаңғырық туғызған роман. Оқырмандар жолдаған 3 мыңдай хатты архивке тапсырдым. Менің 1982 жылы жарық көрген «Әдеби толқындар» деген кітабымдағы Қазақ телевизиясының тілшісіне берген «Сырласу» деген сұхбатымда бұл тақырыпқа кеңінен тоқталғам.
– Көркем шығарма кітап авторының, оның жан-дүниесінің, адамгершілігінің көшірмесі делінеді. Зейнолла Қабдолов: «Әдеби шығарма адамның күллі ой-қиялын, сыр-сезімін түгел баурайды; қуантады, сүйіндіреді, таңдантады, күйіндіреді, жылатады, күлдіреді… Қысқасы, адамның көңіл күйінде сан-сапа құбылыстар туғызып, із қалдырады. Бұл – әдеби шығарманың эстетикалық әсері, оның таным, тәрбие тарапындағы мәні де осыған негізделген...» – дейді. Ақын-жазушы үшін басты қасиеттер не болуы керек?
– Зейнолла керемет айтып отыр! Алып қосарым жоқ. Бұл жөнінде ұлы Мұхтар Әуезов: «Адамның жанын қойма ақтарғандай қопармаған соң, жазушылықтың мәні жоқ!..» – деп тұжырымдаған. Мен жазушыны – өз халқының рухани көсемі деп білемін.
– Жазушылық жолдағы ұстазыңыз кімдер?
– Мұхтар Әуезов, одан кейін Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповті де ұстаз санаймын. Жас кезімде Сәкен Сейфуллинді, Бейімбет Майлинды, Ілияс Жансүгіровты көп оқи алмадым. Күні кеше ақталған Мағжан мен Жүсіпбекті, Ахмет Байтұрсынұлын тіпті білгем жоқ. Аймауытов шебер прозашы екен. «Ақбілек» романы ғажап қой! Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытовтың шығармаларымен ертерек таныссам, жазушылық тағдырым басқаша болар ма еді?!.
– 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы жайлы ой бөліссеңіз?
– Желтоқсан көтерілісі жастарға ерекше әсер етті. Қазақтың кім екендігін танытты. Бірақ барша қазақтың санасын дүр сілкіндіріп, ұлттық намысын көтеретіндей дәрежеге жете қойған жоқ… Қалалықтарды айтпағанның өзінде, ауылдағы кейбір қазақтар әлі күнге дейін орысша сөйлейді. Оларға кеңес айтсаңыз: «Е, несі айып?! Орыс тілі – екінші тіліміз емес пе?» – деп жауап қайтарады. Міржақып Дулатов кезінде «Оян, қазақ!» деп жар салған. Сол ұран мағынасын әлі жойған жоқ! Ояну керек!.. Жағаласпай жан қалмайды!.. Алматыдағы желтоқсан көтерілісі басқыншы елге деген қарсылық!.. Отаршыл, озбыр орыс империясы түбі құлайды!.. Азаттыққа талпынған халықты бұғауда ұстау жақсылыққа апармайтынын кәрі тарих талай дәлелдеген!..
– Елінен ауа көшкен орыстар мен өзге ұлт өкілдері көп жағдайда табиғаты жайлы, жері шұрайлы алқаптарға орын тебеді екен. Дәлелді алыстан іздемей-ақ, осы Алматы облысындағы қазақтар ғана мекендейтін – Нарынқол, Кеген, Күрті аудандарында орыс ағайындар ырымға жоқ қой...
– Қазақты көшпелі халық дейміз. Бір қызығы, сол көшпенді халық қазір көшпейтін ел. Бұрын жайлауға, одан күздеуге 200-300, ары кетсе 500 шақырым төңірегінде ғана көшіп жүрген. Бірақ себептен-себепсіз бөтен елге қоныс аудармаған! Қазақ нақылына қараңыз: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Кіндік қаны тамған жер»… Менің әкем Шаймерден 1983 жылы 87-ге қараған шағында дүние салды. Мен ол кісіге: «Алматының маңайына, қазақ ауылдарының біріне қоныс аударыңыз, бірге тұрайық» деп қанша үгіттесем де қозғалған жоқ. «Ата-қоныстан алыстап қайда барам?» деп көнбеді. Топырақ, кіндік қаны тамған туған жерінен бұйырды. Қазақстандағы қиын мәселе – миграция. Кеңес одағы көлеміндегі түсініспеушілік, толып жатқан итіс-тартыс, айқай-шу осы миграцияға байланысты. Әр халық өзінің туған жерінде отыратын болса, басқа жаққа көз алартпаса, біз айтқан проблемалардың бірі де болмас еді.
Мен Алматыда 1945 жылдан тұрам. Ол кездегі халық саны 120-130 мыңдай ғана болатын. 12-13 шақырымға созылған Ташкент көшесі мен аэропорттың арасы бос жатқан. Айналасы 15-20 жылда халық 600-700 мыңға жетті. Бұл табиғи өсім емес. Алматының табиғаты жайлы болғандықтан, Сібірден орыстар көшіп келіп, бос жатқан жерге қоныс тепті. Өз қазағымыз келе алмады. Билік прописка мәселесін қасақана қиындатып, қазақ өз жерінде өгей баланың күйін кешіп отыр.
– Ғабеңнің – Ғабит Мүсіреповтың: «Қазаққа Алла тағала бәрін берген, бірақ көршіден жарытпаған...» – деген сөзін оқып едім...
– Сонау ғасырлардан бері орыс пен қытайға керегі біздің кең байтақ жеріміз! Қазба байлығымыз!.. 1937 жылы жазықсыз жазаның құрбаны болған қазақ халқының ардақты перзенті, көрнекті ғалым Телжан Шонанұлының 1923 жылы жазылып, 1926 жылы «Қазақ жер мәселесі тарихы» деген атпен Ташкентте тұңғыш жарияланған кітабында, Ресей империясының ұлан-байтақ қазақ жеріне қызыға көз салу себебін, осы жолдағы айла-шарғысын, қитұрқы саясатын жан-жақты дәлелдеген жинағынан бірер мысал келтірейін.
«… Сібір – Ресейге сыйлық болды» деп айтқан Г.Н. Потанин, «Сібірдің басындағы мұңдары» деген мақаласында. («Девренен» баспаханасы, 1908 жыл, 293-бет). Осыған сәйкес, қазақ жері де Ресейге тегін сыйлық болды, деп жазады Телжан Шонанұлы.
Осы кітаптағы жерге қатысты тұстарын күнделігіме жазып қойыппын. Міне!
«...Қазақ орыстың қол астына 1732 жылдан бері қарай кіре бастаған. Қазақ жерін отарға айналдыру, қазақ даласын талау тарихын екі дәуірге бөлуге тура келеді:
1) Орысқа бағынғаннан бастап 19 ғасырдың 80-жылдарының басына дейін.
2) 80-жылдардың аяғынан, 90-жылдардан бастап бері қарай Николай құлағанға шейін қара шекпенділер үшін жер алу дәуірі.
… Ресейдің қол астына кіргеннен бергі қазақ жерінің тарихы – колония тарихы. Колония тарихы – бірте-бірте қазақ жерін сырттан келіп иемденудің тарихы, талаудың тарихы. Адам баласының тарихын, тұрмыс салтын өзара қатынастарына бағытқа салып мұрындықтап, жетелеп жүргізіп отырылатын мықты күш – кәсіптің, өндірістің әдістері. Үкімет саясатында әсер беруші, міне, осы күш. Колония саясатында бағыт беруші сол. Бұл даусыз шын...
...Қазаққа шоқпар қылуға үкіметте атты казактан артық құрал жоқ. Қазақ жерін шетінен атты казакқа үкімет тартып алып бере берген, атты казак қазаққа өте-мөте қарсы болмақ. Қазақ ішіне кіре беруге ынтық болмақ. Қазақ даласына алғаш әкім болып келген Кириллов айтқан: «Атты казактар пайдалы іске жарарлық адамдар, олар бұл жерлердің тігісіне дейін біледі» (В.Витебский. 2-том. 445-456 беттер) – деп, соның үшін атты казактарды орналастырып, қазақ жерін талау керек болған. Қысқасы, үкімет 19 ғасырдың 90-жылдарының басынан бері қарай қазақ жерін атты казак үшін һәм «мұнда жіберілген, түрлі содырлар, некесіз туғандар, ауыр жаман қылмыстылар, басына бостандық беріліп, қуып жіберілген құлдар, әйтеуір соғыс қызметіне жарамсыз һәм салық төлей алмағандар» (В-Витебский, 2-том, 464-бет) үшін қазақ жерінен қоныс берген.
...1838 жылдан бастап, ұдайынан 8 жыл Кенесарының үкіметке қарсы көтеріліп, соғысуының мықты себебі – ЖЕР ҮШІН БОЛАТЫН. 1835 жылы Орынбор атты казагына жерді көбірек талау үшін үкімет Жаманқала мен Троицк арасындағы шепті қазақ ішіне кіргізіп, жаңа (Новая линия) деген шеп тартып, ескі һәм жаңа шеп ортасында қалған 4 1/2 млн десятина жерді қазақтан атты казакқа тартып берген, осы күнгі Сасықоба, Құмақ, Атаманск, Маржан, Аннинск дейтін атты казак станциялары сол 1835 жылы тәртіп бойынша салынған. Бұл тәртіп алғаш 4 жарым млн десятинаға да қанағаттанбай, беріректе 7 қаланың тұсынан 5-8 шақырым жерді қазақтан тағы атты казакка кесіп берген, атақты «миллионный отвод» мәселесі осыдан шығатын.
Кенесарының өте-мөте өш болғаны да осы жаңа шепке келген жерге шыдамағандық еді. Сондықтан да Кенесары осы шеп бойындағы Адырлы сықылды қорғандарды қиратты.
Кетемін деген есте жоқ,
Кетірді дұшпан жауларым, – дейді қонысынан ауып бара жатқанда.
Нысанбай Кенесарыны:
Дүр жауһар данасы,
Үйсіздерге үй болған.
Би отанның ханасы, – дейді.
Наурызбай Кәрібозға айтады:
Жақсы айтасың, Кәрібоз,
Қонысты орыс алған соң,
Кенекем көшкен жерінен...
Қонысты орысқа талатпаймыз деп соғысып, жеңілген Кенесары амалсыз Алатауға асып, қоныс іздеген. Күштілер қонысын тартып алса, әлсіз халық қоныстан ауатыны тарихта табиғи нәрсе. Баяғыда татардан қашып, жеңіліп, орыс халқының қалың ормандарға сіңіп кеткені де осындай нәрсе.
Сарыарқада жырланатын жырлар, Кенесары жайындағы қара сөздер – бұл көтеріліс қоныс үшін болғанына, бұл көтеріліс халық ойының сәулесі екендігі айғақ...
...Қысқасы, қазақтың орыс қол астына кіргеннен бергі көтерілісінің себебі – жер болатын. Орыстың Перовский деген генералы Азияны талауға жорыққа шыққан сапарында Жем бойында қазақты қосақтап қырған, сол Жем Есеттің қонысы болатын. Қысқасы, Жайық, Ер!