Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:42, 08 Қазан 2024

Сәтбаевқа бардың ба, жертөлесін көрдің бе? Әбдіғалиұлы он шақты тұрғынның пікірін тыңдар ма екен...

Сәтбаев қаласы
Фото:Jas Аlash коллаж

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласының тұрғындары мен белсенділері қаланың коммуналдық қызметіне көңілдері толмайды.

 Әлеуметтік желілерде жылумен қамту бойынша облыс әкімінің орынбасары Ұлантай Үсеновтің уәдесінде тұрмайтыны туралы айтылған видео тарады. Аталған видеода Сәтбаев қаласы үйлерінің жертөлелері суға толып, адамдардың наразылық білдіріп жатқаны көрсетілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҰЛЫТАУҒА БАРДЫҢ БА?

Жыл сайын жылу маусымы басталғанда «Сүйікті қала» коммуналдық мекемесі мен қоқысқа жауапты «Сәт Тазалық» компаниясына қатысты дау туып жатады. Қала тұрғындары арасында «міндетін толық орындамайтын бұл екі компанияға әкімдік тарапынан басымдық беріліп жатыр» деп есептейтіндер де бар. «Жас Алаш» тілшісі мәселенің мән-жайын анықтауға тырысып көрді.

Қала тұрғындарының айтуынша, «Сүйікті қала» мен «Сәт Тазалық» компаниясының иесі облыс басшыларына ықпал ете алатындай кәсіпкер. Бірақ оларды басқалар басқарып отыр. Әу баста қоқысқа да, қаладағы коммуналдық қызметке де «Сәт Тазалық» жауапты болған. Бірақ 2021 жылы бұл компаниялар екіге бөлінген. Алғашында да, бөлінген соң да аталған кәсіпорындардың жұмысына тұрғындардың көңілі толмаған. Тіпті бұған қатысты соттасқандар да бар екен. Тұрғындардың кейбірі аталған компаниялар «нарықтан кету керек» дейді. Бірақ оларды нарыққа қайта жіберетін әкімдік пен екі компанияның нағыз иесі саналатын кәсіпкер арасында байланыс бар деп есептейді. Бұдан бөлек, келісімшартқа отыру бойынша да проблемалар туындап жататынға ұқсайды. Мысалы, Сәтбаев қаласының тұрғыны Қаламқас аталмыш компанияларды адамдар жиі шатастыратынын, «Сүйікті қаламен» жұмыс істеу мүмкін емесін айтады.

Сәтбаев қаласы
Сәтбаев қаласы. Фото: Jas Alash

«Сүйікті қала» бізді ойыншық көреді

«Осы үйде тұрып жатқаныма 42 жыл болды. Көшіп келген кезде қыста терезені ашып қоятынбыз. Ыстық еді. Қазір олай емес. Үй жылымайды. 4-5 жылдан бері айтамыз, ешкім тыңдамайды. Жылу болар-болмас кеп тұрады, бірақ үй суық. «Сүйікті қала» бізді ойыншық көреді. Арыз білдіріп, тексеруге комиссия келетін кезде, не ғажабы барын кім білсін, үй бірден жылиды. Олар кеткесін үй қайтадан суып кетеді. Енді бұл дегенің сиқыр! «Сүйікті қала» қызметкерлерінің не істейтінін білмейміз, ал ақшасын ай сайын төлеп отырамыз. Қаржы жағынан бізде мәселе жоқ, керісінше, оларда ақша жағынан проблема бар. Мысалы, бірдеңе істеу керек болса ақша жоқ екенін айтады. Қыстыгүні сыртқы есігімізді ашу мүмкін емес. Жертөледегі аққан судан, көтерілген будан дәлізді қырау басып қалады. Үйге кіре алмай қалған кездер болды. Облыстық әкімдікке, жауапты мамандарға бұл мәселені талай айттық. Ештеңе өзгермейді. «Сүйікті қала» қызметкерлері де келгенде «жөндейміз-істейміз» деп құрғақ уәде беріп кетеді. Бізде ортақ чаттар бар, сол жерде әлі де тұрғындар «жертөлеміз шіріп, сасып жатыр» деп наразылықтарын жазып жатады. Қысқасын айтқанда, қысқа дайын емеспіз», – дейді қала тұрғыны.

Қала тұрғыны Қаламқастың сөзін жерлесі Гүлсім де қуаттайды.Оның айтуынша, тұрғындар «Сүйікті қала» компаниясымен келісімшартқа отырмаған. Жағдайды облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы жақсы біледі. Арнайы келіп кетіпті. Бірақ содан шешілген ештеңе жоқ.

Әкімдік жауапкершілік алудан қашып, «сотқа беріңдер» дейді

«Біз «Сүйікті қала» дегенді білмейміз. 2019 жылы «Сәт Тазалықпен» келісімшартқа отырдық. 5 жыл бұрынғы келісімшарттағы қолымызды былтырғы келісімшартқа, яғни «Сүйікті қалаға» аударып қоя салыпты. Бұл дегенің жалған құжат жасау емес пе?! Подъезді өзіміз жөндеуден өткіздік. Қанша жылдан бері ақшасын төлеп келе жатырмыз. Солардың ақшасы қайда кетті? Ал жертөлеміз белуардан су боп жатады, судан қашқан тышқан, бүргелер пәтерімзге кіріп кетеді. Осы уақытқа дейін үйіміз суық болды, сыртқы киім мен байпақ киіп отырдық. Әкімдікке айтсақ, «иә-иә, бәрін қатырамыз» дейді де, жеме-жемге келгенде ешкімді көрмейміз. Айқай-шу шығарсақ қана «Сүйікті қаланың» жауапты адамдары келеді, бірақ жауап беруден қашады. Басшыларының кім екенін олар да білмейді. Әкімдік түк шешпейді. Облыс әкімі өткенде келіпті, көршілер осы жылу мәселесін де айтыпты. «Соттасыңдар» дейді. Осы уақытқа дейін соттасып келе жатырмыз. Әйтеуір, әкімдік жауапкершілікті алмай, бізді сотқа итере салады», – дейді қала тұрғыны.

Шәмші Хамзе
Сәтбаев қаласының белсендісі Шәмші Хамзе

Осы қаланың қоғам белсендісі Шәмші Хамзе аталмыш компанияларға әкімдік тарапынан басымдық беріліп жатыр деп есептейді. Оның айтуынша, компаниялар нарықта қалу үшін қитұрқы әрекеттерге баратын көрінеді.

«ЖКХ саласы өмір бойы түзелмейтін сала ғой. Бірақ дұрыстап жұмыс істесе ол да түзеледі. Орыста «кто платит, тот и заказывает музыку» деген сөз бар. Егер бұл компания абыройын ойласа, сол үшін жұмыс істесе, тұрғындардың тілін табуға тырысар еді ғой. Ал бұлар біздің үйге келіп, әйеліме «біз мына жерді сыпырдық қараңыз, мына жерге қол қойып жіберіңіз» дейді. Әйелім қолын қойып бере салған. Сөйтсе, ол келісімшарт болып шыққан. Олар жұмыс істеп жатырмыз дейді, бірақ жертөлеге кірейік, көріп кетіңдер десек, кірмейді.

2022 жылы «Сәт Тазалық» нарықтан шығады да, орнына «Сүйікті қала» компаниясы кіреді. «Сәт Тазалықтағы» келісімшартымыз автоматты түрде екінші ЖШС-ға ауысып кеткен. Ол қалай сонда? Қайтадан келісімшартқа отыруымыз керек емес пе? Тұрғындар «бір қалтадан екінші қалтаға ауысқан сыңайлымыз» дейді, яғни бәрі бұрынғы. Басшылар да, басқасы да сол баяғыдай. Тұрғындар «менің жертөлем сасып жатыр немесе тышқан бар» деп айтса, олар сотқа бере салады. Былайша айтқанда, қит етсе, сотқа жүгіреді. Коммуналды салада олай жұмыс істемейді. Бұлар нарық саласында қалмауы керек еді. Бірақ сыртқы тараптан оларға «лоббирование» болып тұр. Біз қаншама қаражатымыз қайда кетіп жатқанын білмейміз. Негізі компанияны біз таңдауымыз керек қой. Жергілікті басшылар, жылумен қамтамасыз ету бойынша облыс әкімінің орынбасары жылу маусымы кезінде үйіміз жылуға дайын деп актіге қол қояды. Егер қол қоймаса, бұл компаниялар нарықтан кетер еді. Міне, сондықтан менің күмәнданатыным, жеке бизнеске «лоббирование интересов» болып тұр ғой, яғни әкімшілік қызметкерлері менің үйімді қарамай, менің жағдайымды ойламай, құр қағаздарға қол қойып отыр», – дейді ол.

 Нұрболат Базарбекұлы
Сәтбаев қаласының белсендісі Нұрболат Базарбекұлы

Тағы бір қала белсендісі, облыс әкімі орынбасарын уәдесінде тұрмаған деген Нұрболат Базарбекұлы да әкімдік тарабы аталмыш компаниялардың жұмысына араласу керек дейді. Бірақ әкімдік тарабы мұның бірін де істемейді екен.

«Сүйікті қала» компаниясына жергілікті билік тапсырма бере алады. «Мына жер істелмепті, мына жерді дұрыстап істеңдер» деген сияқты. Бірақ жергілікті жауапты қызметкерлер негізгі мәселелерді шешпейді, жоғарғы басшыларға өтірік есеп бере салады. Евгений Лукьянов деген «Сәт Тазалықтың» құрылтайшысы. Бірақ оны әкімдік те, біз де көрмегенбіз. Оның орнына мәселені басқа біреулер шешеді. «Лукьяновты шақырыңдар» десек, әкімдік шақырмайды. Мұның артында біраз адам бар сияқты. Ел де соны айтып жүр. Бұл мәселе республикалық деңгейге жетті. Бұл сондай деңгейге шығатын мәселе емес еді. Біздің проблемамыз парламентте де көтерілді. Сол кезде басшылық мәселені шешеміз деген, сол күйі уәдесінде тұрмады. Өткенде облыс әкімінің орынбасарымен сөйлестім. Өзіңіз де видеодан көрген шығарсыз. Жауап бере алмайды. Сіз екі компанияның басшыларымен де, әкімдікпен де сөйлесіп көріңіз, сол баяғы қырық өтірігін айтады. Әкімдік бұларға бір шара қолдану керек қой. Иә, заң бойынша олардың қаржылық есептерін тексере алмайды, бірақ материалдық есептерін тексере алады. Бұлар соның өзін істемейді ғой», – дейді қала белсендісі.

Әкімдік бәрін жоққа шығарады

Jas Alash тілшісі қала тұрғындарымен, белсенділермен әңгімеден соң Ұлытау әкімінің орынбасары, Энергетика және ТҮКШ бойынша жауапты маманҰлантай Үсеновке хабарласты. Ол қала белсенділерінің сөзін жоққа шығарды. Шенеуніктің айтуынша, таралған видео да жалған. Монтаж жасалған. Мұның бәрі «Сүйікті қалаға» деген жергілікті азаматтың өкпесі ғана екен. Ал видеода көрсетілген Абай көшесіндегі үйге әкімдіктің комиссиясы барып тексерген. Облыс әкімінің орынбасары, керісінше, «Сүйікті қалаға» Сәтбаев тұрғындарының 80 пайызы қол қойғанын, жұмыстың сапасына олардың көңілі толатынын айтады. Ол тіпті бізді айыптағандай сөйледі: Егер журналист ретінде шындықты жазғыңыз келсе, бүкіл тұрғынмен сөйлесуіміз керек екен. Әкім орынбасарының мұнымен «қаладағы тұрғындардың барлығы «Сүйікті қалаға» бірдей наразы емес» деп айтпағын аңғардық. Сонда облыс әкімдігі мәселені тексеру үшін бүкіл қала тұрғындары наразылыққа шығуы керек пе? Өзге тұрғындардың наразылығы мүлде қаралмай ма?

«Видеодағы аталмыш үйге қатысты тұрғындар істелген жұмыстың ақшасын төлеуге дайын. Тек төрт-бес тұрғын ғана келіспей тұр. Керек пе, құжаттарын жібере аламын. Сіздің бүкіл тұрғынмен сөйлесуге мүмкіндігіңіз жоқ. Мысалы, бір көпқабатты үйде алпыс тұрғын бар. Сондықтан шындықты білу үшін бәрімен сөйлесу керек. Бір-екі адамға байланысты көзқарасты өзгертуге болмайды. Бір-екі адам айтты екен деп, жорамал жасауға тағы болмайды. Шындыққа, ақиқатқа жетіңіз».

Біз тұрғындардың «жертөледегі ыстық судан шыққан будан сыртқы есікті аша алмай қалдық» деген сөзін де жеткіздік. Бірақ әкім орынбасары аталмыш мәліметтерді тағы да жоққа шығарып, мұның барлығы бір-екі азамат ұйымдастырып отырған саботаж екенін алға тартты.

«Тұрғындар сол үйдің мекенжайын жіберсін. Біздің де жауапты мамандарымыз бар. Бар шарасын көреді. Қазір арызға құлақ аспайды дейтіндей 90-жылдар емес. Ол заман өтті. Қазір бәрі құжатпен. Барлық жұмыс істеледі. Ал мынаны бір-екі азамат қана ұйымдастырып отыр. Кімдердің хабарласып жатқанын да білемін. Қысқаша айтқанда, мұның бәрі – саботаж. Ол азамат осыдан екі жыл бұрын соттан жеңіліп қалды. Себебі пәленбай жыл КСК-ның (пәтер иелері кооперативі) ақысын төлемеген. Соған байланысты өкпесі бар. Жыл сайын көтере береді. Қазіргі КСК-ның да ақшасын төлеп жатқан жоқ. Ол басқа азаматтарды да коммуналдық қызметтің ақысын төлемеңдер деп үгіттейді. Бұл дұрыс емес. Заңға қайшы. Тұрғындар істелген жұмысқа ақысын төлеу керек. Ақы төленбесе, компаниядағы мамандар да жалақы ала алмайды. Мәселенің бастысы – істелген жұмысқа тұрғындар ақша төлегісі келмейді. Ал қаламыз қазір 98 пайыз жылу маусымына дайын. Облыс бойынша да жылу маусымына дайындық жүріп жатыр», – дейді әкім орынбасары.

Jas Alash тілшісі әкім орынбасарынан екі компанияға қатысты да сұрады. Тұрғындардың «басшыларды көрмегенбіз» деген сөзін ол тағы да жалған деді. Үсеновтің айтуынша, бұл екі компанияға қала белсендісі айтқандай, әкімдік тарапынан ешқандай басымдық берілмейді. Компаниялардың құрылтай құрамында әкімдік қызметкерлері де жоқ.

«Олай болуы мүмкін емес. Тұрғындар құрылтай мүшелерін көрмеуі мүмкін. Ал басқа басшылар сол жерде жүреді. Ал бұл екі компанияға облыстық әкімдік тарапынан басымдық беріледі дегені де шындыққа жанаспайды. Тұрғын-үй қатынастары заңы бар. Сол бойынша шешімді көпшілік қабылдайды. Біз ешкімді үгіттеп, «анау қалсын, мынау кетсін» деп айтпаймыз. Әкімдік жақтан ешқандай басымдық берілмейді. Мысалы, пәтер иелері кооперативі бізде бірнешеу. Былтыр «Самға тазалық» деген компания жұмыс істеді. Бұл нарыққа кез келген компания кіре алады. Бұл екі компанияға жаңа айтып өткенімдей, әкімдік тарапынан еш тұлғаның қатысы жоқ. Олар өз алдына жеке компания. Иелері әкімшілік салада жұмыс істемеген. Оның құрылтай мүшелігінде әкімдіктің қызметкерлері де жоқ. Бұл сөз де жалған».

Сөз соңында Ұлантай Үсенов «мұның бәрін көзбен көру керек» деп, «Жас Алаш» тілшісін облысқа шақырды. Келсе, кездесуге уәде де берді. Ал«Сүйікті қаланың» директоры Гүлфайруз Мұсаеваға хабарласқанымызда, ол «Сәт Тазалықтың» иелері өз компаниясына еш қатысы жоғын алға тартты. Елдің сөзі өтірік екенін, керек болса жалған сөз үшін сотқа бере алатынын да қоса кетті. Ол өз компаниясын сапалы қызмет көрсетіп жатыр деп есептейді.

«Мен күллі халықтың атынан бір-ақ адамның жүргенін білемін. Оның кім екенін де сезіп тұрмын. Ол кісі не заңды, не басқаны білмейді. Тек білетіні – агитация мен дезинформация. Содан келіп компанияның абыройына нұқсан келтіреді. Қаладағы құбырлар мен жертөлеге қатысты сұрағыңызға мен, керісінше, «бәрі дұрыс» деп жауап беремін. Сізде видео болса, мен оған кереғар видео жібере аламын. Ал жалпы мәселелерге келетін болсақ, коммуналдық қызмет болғасын проблема болмай тұрмайды. Біз ол мәселелердің шешімін табамыз. Жылу маусымы болғасын кейбір құбырлардан су ағады. Ол жылда болатын мәселе. Біз оны жөндейміз. Сол кісінің ізінде жүрген он шақты адам шығар. Бірақ он шақты адам дегеніңіз бір қала халқының көзқарасын білдірмейді. Бізде де ортақ чат бар ғой. Сол жерде есеп беріп отырамыз», – дейді компания директоры.

Бір қызығы, компания басшысы да, облыс әкімінің орынбасары да кімдердің қарсы болып жүргенін біледі екен. 80 пайыз, он шақты тұрғын деп бөлетіндей, бұл бір АЭС салу емес, қарапайым шешімі бар мәселе емес пе? Әлде Ұлытауда проблеманы қарау-қарамауды дауысқа салып шеше ме екен? Айтпақшы, арнайы хабарласып сұрадық, қазір наразылар WhatsApp-та «Сүйікті қала» мекемесіне арыз, шағым» деген атпен арнайы чат ашып, проблеманы талқылап жатыр екен. 450 адам тіркеліпті...

«Сәт Тазалық» пен «Сүйікті қала» компанияларының нағыз иесі кім?

Сәтбаевта «Сәт Тазалық» пен «Сүйікті қала» компанияларының иесі ретінде Қарағандыда тұратын бизнесмен Валерий Сибагатулиннің аты аталады. Оған ешкімнің сөзі де, тісі де өтпейтін көрінеді. Оған Ұлытауда ешкім қарсы келіп көрмепті. Оны қос қаланың әкімі де білетінге ұқсайды. Әкімдік ұйымдастыратын жиналыстарға екі компания атынан сол кәсіпкер қатысады. Біз бұл сөздердің қаншалықты рас-өтірігін тексеру мақсатында «Сүйікті қаланың» директорына қайта хабарластық. Ол «иә» немесе «жоқ» деп нақты жауап бермеді. Тек кәсіпкердің өзінен сұрау керегін айтты. Сосын «Сәт Тазалықтың» директоры Мұхтар Мәкішевке де хабарластық. Ол да нақты жауап беруден бас тартты. «Телефонмен мәлімет бере алмаймыз» деп қысқа қайырды. Ал Валерий Сибагатулинге қоңырау шалғанымызда аталған кәсіпорындарға «еш қатысым жоқ» деді. Ол тек акционерлердің өтініші бойынша екі ЖШС-ның жұмысын бақылайды екен.

Валерий Сибагатулин
Валерий Сибагатулин. Фото: ашық дереккөз

«Өзіңіз де құжаттардан бұл екі компанияның негізгі иесі кім екенін көре аласыз. Иә, мен аталған ЖШС-лардың жұмысымен айналысамын. Себебі менен олардың қалай жұмыс істейтінін бақылаңыз деп акционерлер өтініш жасады. Мен бұл компаниялардың иесі емеспін. «Сәт Тазалық» атынан менде сенім хат бар. Сол бойынша жұмыс істеймін. Бұлар басында бір компания болды. Кейіннен екіге бөлінді. Қазір екеуінің де директоры мен құрылтайшылары бөлек адамдар. Бір-біріне еш қатысы жоқ. Бұл бизнес түрі бізге қызық емес. Себебі табыс әкелмейді. Олармен тек әлеуметтік жауапкершілік үшін ғана жұмыс істеймін. Корпорация адамдарды жұмыстан қысқартқан кезде біз адамдардың жұмыссыз қалмауы үшін осы компанияны аштық. Қысқарған адамдар жұмысын сақтап қалды. Сондықтан бұл компаниялардан мен ешқандай ақша таппаймын», – деп жауап берді қарағандылық кәсіпкер.

Былтыр желтоқсан соңында әлеуметтік желіде жариялаған Сәтбаев қаласының парақшасында «Сүйікті қала» коммуналдық мекемесін тексеруге прокурордың орынбасары Өмірзақ Әлиев пен Валерий Сибагатулин бірге Наурыз көшесіне барғаны жазылған. Әкімдік Валерий Сибагатулинді «Сәт Тазалық» ЖШС басшысы деп көрсеткен.

Жалпы Валерий Сибагатулин туралы мәлімет интернет беттерінде өте аз. Ұлытау тұрғындарының оны «ірі кәсіпкер» деп айтқан сөздерінде шындық бар сияқты. Себебі әділет министрлігі оның «Атрон», «Квант – С», «Авиационный Учебно-Тренировочный Центр», Led Display Karagandy, GREEN PLAZA, KAZ GREEN ENERGY, СКУ-50, Q7 Airlines, «Қөркем қала-2021», SunAir, KAZ GREEN PROJECTS, KGE Finance, AA SOLAR сынды 13 компанияның директоры немесе құрылтай мүшесі деген мәлімет берді.

Авиационный Учебно-Тренировочный Центр
Авиационный Учебно-Тренировочный Центр

Оның «Авиационный Учебно-Тренировочный Центр» деген компаниясының былтырғы қаржы айналымы 21 млрд-қа жуық. Төлеген салығы 400 млн теңгедей. Осы уақытқа дейін мемлекеттік қазынаға 1 млрд теңгеден астам қаржы аударған. Мемлекеттен алып орындаған келісімшарттар саны – 60. Мысалы, 2018 жылы 3,2 млрд теңгеге бір келісімшарт алған. Былтырғы тендері жарты млрд-қа жуықтайды.

Сүйікті қала
Сүйікті қала

Ал осы мақалаға тақырып болған «Сүйікті қала» компаниясының былтырғы қаржы айналымы 1 млрд теңгеге жуық, 2023 жылы 20 млн теңгедей салық төлеген. Директоры да, құрылтай мүшесі де Гүлфайруз Мұсаева. Жаңадан ашылғандықтан әлі мемлекеттен тендер алып үлгермеген сыңайлы, ол туралы мәлімет кездеспейді.

Сәт тазалық
Сәт тазалық

Керісінше, «Сәт Тазалық» компаниясы келісімшарт жағынан табысты. Аталмыш кәсіпорын нарықта 13 жылдан бері қызмет көрсетеді. Бірақ жыл өткен сайын қаржы айналымы түсіп барады. Мысалы, 2020 жылдары қаржысы 7,3 млрд теңгеден асса, былтырғы қаржысы 3,2 млрд теңге. Осы уақытқа дейін мемлекет қазынасына 1 млрд теңгедей салық төлеген. Мемлекеттен алған келісімшарттар саны – 705. Құрылтайшылар құрамында Евгений Лукьянов бар. «Сәт Тазалық» компаниясы ақылы немесе келісімшарт негізінде мүлікті басқаратын «Балқаш универсал» ЖШС-ның құрылтай мүшесі. Бұл компанияның былтырғы қаржы айналымы 8 млрд теңгеден асады.

P.S. Көріп тұрғандарыңыздай, тұрғындар, әкімдік және компания иелерінің сөздері бір-біріне мүлде сәйкес келмейді. Екі тарап та бір-бірінің сөзін жоққа шығарды. Жалпы Ұлытау облысында бір-біріне кереғар мәселелер өте көп. Біз бұған былтырғы арнайы сапар барысында да көз жеткізгенбіз. Бұл туралы газетімізде бірнеше рет жаздық. Мысалы, өткен аптада «Шайжанов алдапты, Әбдіғалиұлы Астанаға бармапты» атты мақаламызда да мұндай кереғарлықтарды байқадық. Сірә, жаңа құрылған облыс басшылығы тұрғындармен қалай жұмыс істеу керек екенін әлі үйрене алмай жатқан сияқты. Олар әзірге бәрін жоққа шығарудан алдына жан салмай тұр.

Айтпақшы, өткен аптада бір мекеменің мәселесін облыс көлемінде шеше алмаған Берік Әбдіғалиұлы демалысқа қарамай, Астанаға барып қайтыпты (бұл туралы келесі нөмірде жазамыз). Бір мекеменің мәселесі үшін Астанаға барған Әбдіғалиұлы орынбасары мен сол облыста жұмыс істеп отырған компания өкілдері көзге ілмей отырған он шақты тұрғынның (!) пікірін елеусіз қалдырар ма екен, әлде тағы да жолға шығар ма екен? Астанаға болмаса да, қол созымда тұрған Сәтбаевқа...

Тұрсынбек БАШАР