Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:35, 29 Сәуір 2022

Саяси фельетондар

None
None

Ұшақ есігінен бірінші болып шыққан Инвестордың қырағы көзі өнерпаз қыздардың бас киіміндегі үкі қауырсындарына түсті.

Алтыншы түйсігінің алдамағанына іштей дән риза болды. Әуежайдан сырнайлатып-кернейлетіп қарсы алған қазыналы елдің атқамінерлері «Дәстүріміз еді» –  деп, жұбайына құндыз бөрік, өзінің иығына қасқыр ішік жапқанда Инвестордың алдағы жасалатын келісімшарттың бүтіндей өз пайдасына шешілетініне еш күмәні қалмады. Қуанышын жасыра алмай сойған түлкідей ыржалақтай берді… шенділер де мәз мейрам. Кең мол тігілген тон жерге сүйретіліп, тапал бойлы инвестор құбыжыққа ұқсап қалған еді. Инвестордың сапары ресми кездесуден гөрі құдалыққа ұқсап бара жатты.

 Салтанатты қарсы алу рәсімі аста-төк қонағасыға ұласты. Даңғазалықты жаны сүймесе де Инвестордың өз мүддесі үшін көнуіне тура келді. Жұбайы екеуі үстелдегі табақ-табақ ет, көзе толы қымыз бен шұбатқа жирене қарап, балғын көкөністерден жасалған корей салаты мен мейіз қосып пісірілген етсіз палаудан ауыз тиіп отырды. Ауыл шаруашылық министрі қонақтарға арнап сойылған ақ сарбас қойдың басын әкеліп бата сұрағанда күтпеген жағдай орын алды. Күйеуінің қабағынан орайлы сәттің келгенін сезген ханымы құйқасы былбырап піскен қойдың басына қарап ет жақынын жоғалтқандай еңіреп қоя берді. Сасып қалған атқа мінерлер «Не болғанын түсіндірсеңші» дегендей әлекедей жаланған даяшы еврейге жаутаң-жаутаң қарай берді.

– Aясаңдаршы!.. олар да сендердей жан иесі ғой, – деді қыстыққан инвестордың әйелі тілге келіп. Езуі тілініп, көзі өлеусіреген басқа жан бітіп: «Қыршынымнан қидыңдар… обалым сендерге» – деп лағнет айтып тұрғандай еді. Көзінің астымен бәрін бақылап отырған инвестор шынына көшті. «Біз өркениетті қоғамда жасап отырмыз. Өркениетті қоғамда хайуанаттардың құқығы қатаң қорғалуы керек» – деп бастады сөзін. «Өзім де, ханымым да табиғат жанашырымыз. Халықаралық хайуанаттарды қорғау қорымыз бар. Ұшақтан түскелі бері сіздердің елде хайуанаттардың құқының сақталмайтынына, өрескел бұзылғанына куә болдық. Бұл бізді өте алаңдатады...» – деп, сөзінің артын айтпай, шенділердің аңысын аңдады. Әдетте екі сөзінің біріне боқтық араластырып сөйлейтін шенеуніктер үнсіз. Кінәлі адамдай мойындарын ішіне алып мүләйімси қалыпты. Бірде-бірі суырылып шығып: «Хайуанаттардың құқына түкіргенім бар», – деп айта алмады. Инвестор олардың ұлттық жоралғыларды елін алдарқату үшін ғана жасайтынын түсінді. Жалынышты көздерінен қонақжай дала халқына жат тойымсыз дүниеқорлық пен екі беткей аярлықты байқады.

Атқамінерлер мен Инвестордың қандай келісімге келгені сол күйі жұмбақ болып қалды. Бір анығы сол кездесуге мұрындық болған даяшы еврей мен оның екі сыбайласы әлемдегі ең бай адамдардың тізімінен көрінді. Қазыналы елдің аңқау жұрты алақандарын ысқылап әлі жүр...іс жүзінде, жер астында да, жер үстінде де оларға тиесілі ештеңе қалмаған еді.

Туалеттегі шабыт

Түс ауа ұйқысынан оянған әнші, композитор Ырбигүл жан ұшыра туалетке жүгірді. Кеше түнде үлкен мерекелік шараға қатысып, жүз бірдеңе ұлт мекендейтін бақытты еліндегі ашты-тұщтылығымен даңқы шыққан корей мейрамханасына жолы түскен. Жақпайтынын білсе де, көзі қимай, үстел толы таңсық тағамдардан қарбытып-ақ жіберіп еді. Енді, міне, қырық түрлі қышқылдан құралған дәмдеуіштер өзінің күшін көрсете бастады. Іші таудан көшкін жүргендей гүрілдеген Ырбигүл туалетте ақ тер, қара терге түсіп, «Ішім-ай… ішім-ай…» – деп ышқынумен болды. Қиналыспен ұзақ отырып, төсегіне жақындай бергені сол еді, іші қайтадан бұрап ауырып, кері зыңғыды.

Туалетте ауа жоқ: божыған, жидіген күлімсі иістер қолқаны қабады. Әдетте жоқ нәрсеге кірпідей жиырылып, кірпиязданып жүретін Ырбигүл бұл жолы аузы-мұрнын тұмшалаудың орнына, жалаңаш санын шапалақтап, өзгеше күйге енді. Шабыты келе қалған екен… шабыт шіркін жер таңдай ма?! Ыңқылы ыңылға ұласты. «Ішім-ай… нә – нә – нәй… нә – нә – нәй… ішім-ай… нә – нә – нә – нә – нә – нә – нәй ...” санын бұрынғыдан да жітірмелете шапалақтады… Иә, сәт! Бекерге жінікпеген екен, көп өтпей құлақтан кіріп, бойды алатын ойнақы әуен дүниеге келді. Айтқан сайын айтқысы келе берді… Туалетті басына көтерді. Телеэфирден күніне бір ән жазатынын айтып сұхбат бергенде, күлкіге айландырып табалағандар да табылған, ал күліңдер енді… шабыты шарықтап, ішінің ауырғанын ұмытқан Ырбигүл жаңа әнін жаздыру қамына кірісті. Алдымен ойындағыдай мәтін жаздыру керек, бірден ақын құрбысы Саунагүлге телефон шалды. Әннің қалай туғанын, шабытының қалай келгенін, не ішіп, не жегенін жіпке тізгендей ғып тәппіштеп баяндап берді. Ән мәтінінде «Ішім-ай» сөзінің сақталуын ерекше ескертті. Мына сәйкестікке қарамайсызба?! Сырлас досы да буын-буыны босап, самайынан алты айғыз тер ағып, парда қыздырынып отырған екен, өтінішін екі етпеді. Қас пен көздің арасында смс пен мәтін жазып жіберді. Әуенге құйыла кетті:

Ішім-ай, ішің-ай!

Ауырмасын ішің-ай!

Ауырса да ішің-ай,

Бәрі елің үшін-ай!

Студияда ән жаздырған кезде де, Ырбигүл туалетке мың кіріп, мың шықты. Осылайша Ырбигүлдің әуені – туалетте, сөзі – саунада жазылған жаңа әні әуе толқынына шыққан сәттен бастап супер хит болып шыға келді. Бесіктегі баладан, белі еңкейген кәріге дейін әуеніне елітіп, «Ішім-ай, ішің-ай, ауырмасын ішің-ай!» – деп билейтін болды. Соңғы екі жолы әсіресе атқа мінерлерге ерекше ұнаған сияқты, бұрынғыдан да міндетсіп, шалқаятын болды. Әннің құрметіне мемлекеттік деңгейде үлкен шоуұйымдастырып берді. Ырбигүлдің достары өткен күннен естелік айтысты. Бала кезде тығылмақ ойнағанда, Ырбигүлдің ылғида туaлетке жасырынатынын еске алысты. Кештің түйін сөзі атақ-ордені екі есекке жүк болатын өнертанушы Зердесіз Зердебаев мырзаға берілді. Айналасына қораздана қарап, жөткірініп алған Зердебаев Ырбигүлдің жаңашыл стиліне ерекше тоқталды. Бұрынғы ақын, әншілер тау-тас кезіп, табиғат аясынан шабыт іздесе, Ырбигүл мұндай әуре-сарсаң ескі дәстүрге тойтарыс жасап, дала кезбей-ақ, таза ауасыз, туaлетте отырып өлмес ән жазуға балатынын дәлелдеген – мыс. «Ішім-ай» әнінің шығу құпиясына қаныққан жанкүйерлер «Бенефис» шоудан кейін туалетке ағылды. Туалеттің есігін ішінен іліп алып, сағаттап шабыт шақыратындар көбейді. Қайда барсаң да, үйде де, түзде де қырғын кезек. Бұл мәселе депутат Ұятсыз Ұялғанов мырзаны бей-жай қалдырмады. Үкіметтен «Ішім-ай» сияқты хит әндердің көптеп жазылуы үшін көшелер мен үйлерде туалет санын көбейтуді талап етті.

Құнажындар неге құтырды?!

Сібір Аюының қақпайынан құтылып, екі тізгін, бір шылбырды қолға алған қоңырлар елінде құнажындар мінез шығара бастады. Су бұзылды ма, жоқ заманақыр таяды ма, әлде Cібір аюы дуалап кетті ме, кейінгі кезде қоңырлар елінде азбандар көбейген. Солардың парламенттегі қу жақ пысықтары: «Өрісіміз кең, санымыз аз», «Бұқа кімдікі болса болсын, бұзау өзіміздікі» – деп, тілін безеп, қисынын келтіріп, азбандықты заңдастыруды ұсынған. Сол сол-ақ екен, құнажындар да іштен тынып, зорға шыдап келген екен, азғындықтың көкесін көрсетті.

«Алғашқы күйлеу» деген киномен танылған, орысша мөңірейтін сәнқой құнажын тым белсеніп кетті. Төрт аяқтап құмға аунаған, суға сарыған фотоларын салып, ғаламторды шулатты. Бұқаға көз сүзбеген үш құнажыншығарды қосақтап «Кешу» деген топ құрды. Көз алдыңызға елестетіңізші… шілденің шіліңгір ыстығында оқыра тиген зеңгі баба тұқымы қандай күйге түсуші еді?! Жанын қоярға жер таппай, алдындағының бәрін жайпап өтіп, ағынды суға «Күмп» ететін. Онда да байыз таппай, құйрығымен суды шылпылдатып, өзгелерді желіктіретін. Бұлардың сахнадығы өнері дәл сондай еді. «Көп асқанға – бір тосқан» деген рас екен… көп өтпей сәнқой құнажын ауруханадан бір-ақ шықты. Ел аузындағы қауесетке сенсек, сәнқой құнажын бұқасының көзіне шөп салыпты. Бұқасы жер-көкті шаңдатып оны іздейді, таппайды. Сөйтсе сәнқой құнажын басқа бұқамен шетел асып кетіпті. Көзін қан жапқан ашулы бұқасы оны әуе жайдан күтіп алып, мүйіздеп тастапты. Төрт аяғын аспаннан келтіріп, көзін ағыза жаздапты.

Қоңырлар елі өрісіне қарай шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік деп бөлінетін. Оңтүстіктің құнажындары өріс пен қора-қопсының арасында ғана жүретін, жеңіл жүріске жоқ еді. Бұқалардың көзіне де түзу қарамайтын. Олардың мұндай көнпістігі сәнқой құнажындарға ұнамайтын. «Бұқалардың мүйіздегеніне, енесін боқтағанына қалай шыдайды?!» – деп мүсіркейтін. Басынан сөз асырмайтын оңтүстіктің «Шаншар» таңбалы әзілкеш бұқасы жанынан бір елі тастамайтын ілмиген арық серігін ертпей, сахнаға жалғыз шығып, қосақтарын неге мүйіздейтіндерін, арада ешқандай зіл жоқ екенін күлдіріп жеткізген. Сәнқой құнажынның бұқасы оңтүстіктің емес, қара Ертістің суын ішіп, асқар Алтайдың шүйгінінен оттаған шығыстың текті бұқасы екен, намысын жіберсін бе?!

Жақында, «Сіздермен болған жаман сасыған, сасымай жүріңіздер» – деп мәтелдеп мөңірейтін журналист бұқа қосақ ауыстырып, ескі әуеніне қайта басқан сәнқой құнажыннан сұхбат алыпты. Әңгімелері сол «Сүйреу» мен «Күйлеудің» төңірегі. «Қан тазалығы», «Тектілік» жайында сөз қозғайды деп дәмеленгендердің салындысы суға кетті. Намысы оянған Нән деген жыршы бұқа тапа-тал түсте, қан көшеде бұқаларға көз сүзетін бассыз кеткен жезсирақ құнажындарды мүйіздейік деп үндеу тастады. Бірнеше құнажынды тырқыратып қуып жүрген видеосын жариялады. Бірақ көп өтпей оның да арты ашылды. Жезсирақ құнажынды сомдаған өз қосағы болып шықты.

Қоңырлар елінің бұрынғы сықбыты осындай еді. Қазіргі күйі тіптен сорақы. Сәнқой құнажын модадан қалып, оның орнын бұзаулағысы келмейтін, желінін әукеге өзгерткісі келетін феминис құнажындар басты.

Тегтер: