Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:35, 02 Мамыр 2025

“Саяси ойын ба?”: АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкциялар ұсынды

Линдси Грэм
Фото: ашық дереккөз

АҚШ Сенатында Ресейге қарсы кезекті әрі ең қатаң санкциялар пакеті ұсынылды.

Бұл заң жобасының бастамашысы — республикашыл сенатор Линдси Грэм. Ол Дональд Трамптың ең сенімді серіктестерінің бірі ретінде танымал. Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама тек сыртқы саясаттағы қысымды арттыруды ғана емес, сонымен қатар алдағы президенттік сайлау алдындағы ішкі саяси күрестің бір бөлігі болып отыр.

Заң жобасына сәйкес, ресейлік мұнай, газ, уран және басқа да табиғи ресурстарды сатып алатын елдерге 500 пайыздық кедендік тариф енгізу көзделген. Бұл санкциялар тікелей Ресейге емес, оның шикізатын тұтынатын үшінші елдерге бағытталған, яғни жанама қысым тетігі ретінде қарастырылады.

Санкциялар Владимир Путин Украинадағы соғысты тоқтату жөнінде нақты әрі мазмұнды бейбіт келіссөздер бастамайынша күшіне енеді. Сенатор Грэм бұл құжатты «Кремльге қысым жасаудың тиімді құралы» деп атап, оның мақсаты — Ресейді бейбітшілікке шақыру екенін айтты.

«Егер Путин соғысты тоқтатып, шынайы келіссөзге бармаса, онда Ресеймен ынтымақтастық орнатқысы келетін кез келген ел ауыр экономикалық салдарға тап болады», — деді ол.

Бүгінде заң жобасын АҚШ Сенатындағы 100 мүшенің 72-сі қолдап отыр. Ал Өкілдер палатасында да бастаманы қолдауға дайын депутаттар жеткілікті. Бұл — Конгрестегі екі партия арасындағы сирек кездесетін келісімдердің бірі. Сонымен қатар, бұл құжат Дональд Трамптың халықаралық аренадағы ықпалын арттыруға және демократиялық әкімшіліктің сыртқы саясаттағы әлсіздігін көрсетуге бағытталған саяси стратегияның бір бөлігі ретінде де қарастырылып отыр.

Мұндай бастама әлемдік нарыққа әсер етпей қоймайды. Әсіресе, ресейлік ресурстарға тәуелді елдер үшін бұл ескерту сигналындай. Қытай, Үндістан, Түркия секілді мемлекеттер мұндай тарифтерге тап болса, жаһандық энергия тасымалы мен шикізат нарығында үлкен өзгерістер орын алуы мүмкін.

Тегтер: