Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:10, 26 Қазан 2021

Сейітқазы Матаев: Төртінші билік? Биліктің көзіне шыққан сүйелміз

None
None

       Тәуелсіздіктен бергі 30 жылда журналистердің қызметіне кедергі келтірген 1000-ға жуық оқиға тіркеліпті.

Ал қысым көріп, істі болып, сотталған тілшілер де аз емес. Қарапайым тілші емес, Қазақстан журналистер одағының төрағасы Сейітқазы Матаев та сотталып, бір жыл уақытын темір торда өткізді. Бұл осыдан 3-4 жыл бұрынғы оқиға. Ұмыт болатындай уақыт. Бірақ әділетсіз сот, жазықсыз жапа шегу адам жүрегіне шемен боп қатпаса, майдай жақпасы анық.

Сейітқазы Матаевты әңгімеге тартуымызға себеп болған тақырып  журналистерге әлеуметтік статус беру туралы мәселе еді. Иә, қазір барлық сала мамандарының әлеуметтік статусы айқындалған. Тек журналистер ғана «есепте» жоқ. Неге? Журналистер одағының басшысына осы сауалды қойдық.      

  – Сейітқазы мырза, сіз біраз жылдан бері Қазақстан журналистер одағының төрағасысыз. Бізде журналистер одағы сияқты 12 одақ бар екен. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қазақстан жазушылар одағы тәп-тәуір жұмыс істейді. Одаққа тән қызметтік үй, шығармашылық үй бар. Біраз адамға жұмыс беріп отыр дегендей. Сіз басқаратын одақ та сол сияқты мекеме. Бірақ не істеп жатқанын ешкім білмейді: аты бар, атқарған жұмысы жоқ сияқты. Осыған келісесіз бе?

     – Әрине, келісемін. Әңгімені басынан бастайын. Біздің де үйіміз болған. Қазақстан журналистер одағының өзінің қызметтік үйі бар еді. 2016 жылы Ақордадағы жігіттер «Сен журналистер одағының жұмысын тоқтат. Өзің бұл қызметтен кет» деді. Өйткені біз баспасөз мәслихатын өте көп өткізетінбіз. Жылына 300-ге жуық баспасөз отырысы өтіп тұрды. Оның көбі билікке ұнамайтын отырыстар болатын. Үлескерлер мен оппозиция өкілдерінің баспасөз жиындары. Мен «Журналистер одағының жұмысын тоқтатуға, Ұлттық баспасөз клубының қызметін шектеуге ешкімнің құқықы жоқ. Жаппаймын» дедім. Содан 2016 жылдың қаңтар айында маған хат келді. Біз отырған ғимарат жер сілкінісіне шыдамайды екен. «Құлағалы тұр» деген сияқты былжырақ әңгіме. Сынықтан сылтау іздеген түрлері ғой. Арызды жазған – біздің офистен бірнеше шақырым алыс тұратын, Достық даңғылындағы бір мекеме. Ал біздің ғимарат қазіргі Назарбаев көшесінде. Астананың тапсырысы екенін сол кезде-ақ түсіндім. Сот болды. Бірақ судьялар қарап, «бұзу керек» деген шешім шығара салды. Екі жұмадан кейін ғимаратты қиратты да тастады. Ол кезде өзім үйқамақта болдым, шыға алмадым.

– Журналистер одағының жұмысы содан бастап тоқтады ма?

– Иә, солай тоқтады ғой. Маған іс қозғалды. «ҚазТАГ» агенттігі үкіметтен ақша алып, мемлекеттік тапсырысты орындамаған» деген жала жапты. Тексеріңдер дедім. Бәрін тексерді. Еш нәрсе таба алған жоқ. Соңында «салықтан жалтарған» деген айып тақты. Қоғамдық бірлестік НДС төлемейді. Оны айттым. Бірақ күйе жағамын дегендер жақпай қоймайды ғой. Салықтан төленбеген болмашы тиын-тебен тауыпты… Олардың қойған талабына көнген жоқпын. Мені «сындыра» алмаған соң, баламды ұстады. Кез келген адамның ең әлсіз жері – не баласы, не жақындары болады екен. «Журналистер одағынан кетесің» деген талап қойды олар. Мен көнген жоқпын. Солай түрмеге отырдым. Мен бір жыл түрмеде болып, зейнеткерлерге жасалған рақымшылыққа іліндім. Баламды менен кейін, жарты жылдан соң бостатты. Бірақ мен де, балам да ешкімнен кешірім сұраған жоқпыз, бірде-бір құжатқа қол қойған жоқпыз, тағылған айыптарды мойындаған жоқпыз. Қазір балам екеуміз үш айда бір рет құзыретті органға барып, «отметка» жасатып тұрамыз. Өмір бойына солай міндеттеп қойды. Бұл адамды қорлау ғой. Бірақ амал қанша?    

         Сіз журналистер одағын жазушылар одағымен салыстырып отырсыз. Оныңыз қателік. Қазақстан жазушылар одағы мемлекеттің мойнында отырған мекеме. Оларға ақшаны әртүрлі жолдармен үкімет береді. Ал біз осы уақытқа дейін биліктен бір тиын алған емеспіз. Үкімет бір тиын берсе, оған жүз теңгелік өтемақы қайтаруыңыз керек. Ол бұрыннан бар дәстүр. Ақша жүрген жер таза болмайды. Түрмеден шыққаннан кейін одақтың қызметінен кетейін деп ойлағанмын. Баспасөз жиналысын өткіздім. Келгендердің бәрі қарсы болды, сөйтіп, мені қайтадан журналистер одағының басшылық қызметіне сайлады.   

– Журналистер одағының қызметтік мақсаты не?

– Ең негізгі мақсаты – журналистердің құқығын қорғау. «Әділ сөз» қорымен бірге сотты, істі болған журналистерге тегін қызмет көрсетеміз. Олар одақтың мүшесі ме, мүшесі емес пе – оған қарамаймыз. Бәріне бірдей қызмет көрсетеміз. Талай тілшіні биліктің бишігінен, күштілердің шоқпарынан, от пен соттан аман алып қалдық. Өздері айтпаса, қайсыбірі есте қалсын...

– Журналистер – әлеуметтік статусы айқындалмаған, құқықтық, әлеуметтік жағынан қорғалмаған топ. Мемлекеттік қызметкер де емес. Біреуі ТОО-да, біреуі АО-да жұмыс істейді. Еңбекақылары да ала-құла. Жалақы директорлар мен бас редакторлардың шешімімен төленеді. Журналистерді осылай ұстау кімге тиімді, әдейі жасалып отырған саясат емес пе?

– Мұны біз зерттеп көргенбіз. Бұрын журналистерге тегін пәтер, үй, демалыс орындарына жолдама берілетін. Қазір ондай тегін дүние жоқ. «Кәсіподақ құрсақ» деген жігіттер болды. Кәсіподақ құрылса, жиналған ақшаға журналистерге арнап қызметтік пәтер, баспана салу сияқты жұмыстар істесек деген еді. Ол да құрылған жоқ. Оған бірінші болып қарсы шыққандар – газеттің құрылтайшылары.

       Журналистер одағының жұмысын әлсірету үшін билік Бас редакторлар клубын, тағы бір клубтар құрды. Бірақ солардың біреуінің жұмысы жүрген жоқ, орта жолда қалды. Ал біз бармыз.  

– Жуырда сенатор Нұртөре Жүсіп парламентте журналистердің әлеуметтік статусы туралы мәселе көтерді... 

– Иә, көтерді. Бірақ ол айтылған жерде қалатын ескі әңгіме. Бүгінге дейін бұл мәселе бірнеше рет айтылып, көтеріліп, жазылып келе жатыр. Мен осыдан бес жыл бұрын парламентке барып, осы мәселені айтқанмын. Көбі қарсы болды. Тіпті оған «әу» деген билік те болмады.

       Шерағаңша айтқанда, журналистер атан түйенің күйін кешіп отыр. Біз ұстаздар мен дәрігерлердің  мәселесін көтердік пе? Көтердік. Кез келген қоғамдық тақырыптың бәрін журналистер көтеріп, шешілуіне ықпал етеді. Бірақ өздеріне келгенде түк те жоқ. Қазір мұғалім мен дәрігердің, соттың, заңгерлердің – бәрінің әлеуметтік статусы айқындалған. Журналистерде ондайдың бірі жоқ. «Төртінші билік» деген көпірме атағы бар, биліктің көзіне шыққан сүйелміз.  

        Соңғы жылдары журналистерден ешкім қорықпайтын болды. Айтып жатыр ма, жазып жатыр ма – ешкім пысқырмайды. Қазір билік әлеуметтік желіден қатты қорқады. Қызық! Фейсбукқа жазылған сынға жауап береді, ал газетте аттандап жатсаң да қарамайды.

– Түрмеде отырып шықтыңыз. Ол жақта сіздер сияқты саяси тұтқындарды қалай «сындырады» екен?

– Мені балам арқылы «сындырды». Ең әлсіз жерімнен ұстады. Сол жаныма қатты батты. Бірақ түрмеде бізге басқалардан бөлек жағдай жасалды. Маған күнде түрменің кітапханасына барып тұруға рұқсат берілді. Ұлым Әсет кітапханада жұмыс істеді. Мен денсаулығыма байланысты медициналық бөлімшеде жаттым. Қан қысымым көтеріліп кетті. Шетелдік бақылаушыларға, БҰҰ өкілдеріне көрсетіп тұру үшін медициналық бөлімшеге жатқызды. Бір күні баламды кітапханадан ауыстырып, менің қасыма әкелді. Содан бастап ол медициналық бөлімшені басқарды, екеуміз бірге бір палатада тұрдық. Жүрегім содан кейін ғана орнына түсті. Бірақ балаңмен бірге түрмеде отырғаннан артық азап жоқ екен.

       Түрменің «пахандары» бізді қатты құрметтеді. Әсет оларға арыз жазуға көмектесіп тұрды. Журналист екенімізді, әділетсіз сотталғанымызды бәрі білді. Содан шығар, бізді бәрі сыйлады. Тіпті түрме қызметкерлерінің өзі бір тал шашымызға тиген жоқ. Балаларым, немерелерім келіп, кездесіп тұрдық.

– Біздің журналистер қауымы сиырдың бүйрегіндей қырыққа бөлініп тұр. Қазақ журналистерінің өз аудиториясы, өздері көтерген тақырыптар бар. Орыстардың мұңы басқа. Олар қазақтың ұлттық мәселесіне бас қатырмайды. Журналистерді осылай ала-құла ұстау кімге  тиімді?

– Бұл пікіріңіз өте орынды. Өзім Ресейде туған қазақпын. Жылқышының баласымын. Қазақстанға келіп университетке түстім, жатақханада Шымкенттің жігіттерімен бірге тұрдым. Қазақшаны солардан үйрендім. Бірақ орыстілді журналиспін.  

       Жалпы, қазақ журналистикасы мен орыс журналистикасы бір-біріне мүлде жақын емес. Олардың жазған тақырыптары, көтерген мәселелері де ұқсамайды. Қазақ журналистері көп жағдайда әдеби, мәдени тақырыптарға жақын. Тарихты да көп жазады. Ал орыс журналистері сенсацияға үйір. Бірақ қазақ журналистері білімді, көтерген тақырыптары терең. Өздеріңіздің «Жас Алаш» сонау «Лениншіл жас» кезінде-ақ дүркіреп тұрған жоқ па еді?! Қазақтың мықты журналистері ғана «Лениншіл жаста» істей алатын. Шерхан Мұртаза сияқты қазақтың ұлы тұлғалары бас редактор болды.

        Бір мемлекетте қостілді журналистиканың болуы, олардың мұң-мұқтажының бөлек болуы, әрине, дұрыс емес. Бір қазаннан ас ішкенмен, тағдыры бөлек. Бірақ астанадағы шенеуніктерге сөз ұстаған журналистердің осылай ала-құла болғаны тиімді болып тұр. Басқару оңай. Бір-біріне айдап салу да оңай.

– Салыстырып қарап көріңізші, орыстілді журналистерден шенеуніктер үнемі ығып тұрады. Орыс баспасөзінде көтерілген мәселеге билік бірден жауап береді. Мемлекеттік тапсырыс та соларға көбірек берілетін сияқты. Мұның қандай құпиясы бар?

– Орыс журналистері өткір, оны мойындау керек. Біздің шенеуніктер тұтас орыстілді. Олар қазақ газеттерін оқу түгіл, аттарын да білмейді. Қазақ газетінде бір шенеунікті есекке теріс мінгізсең де үндемейді. Себебі оқымайды. Олардың көмекшілері де қазақ басылымдарын оқи алмайды. Бәрі дүбәра. Егер қазақ газеттеріндегі өткір мәселелер орысша аударылып тұрса, сонда ғана Ақордадағы шенділер қазақ журналистері көтерген тақырыпқа мойын бұрып, қазақ журналистерімен санасар ма еді. Ондай аударма газеттер болған. Бірақ ғұмырлы болған жоқ. Бізде қостілді журналистер бар. Солар үнемі айтып жүреді: қазақ журналистерінің ұлттық тақырыптарды өткір жазатынын, мемлекеттік саясатты терең талдайтынын, ал орыс журналистер көп жағдайда сенсация үшін қызмет ететінін айтады.

– Нақты мысал келтіре кетейін, қайбір жылы Abai.kz сайтында Қытай экспансиясына қатысты бір мақала жарық көреді. Арада бір ай өткенде оны әлдебір журналистер орысшаға аударып, сайтқа салады. Бір ай үнсіз жатқан Ақорда орысша аударманы оқи салып, 15 минуттан кейін аударма авторына хабарласқан. Осының өзі біздің биліктің қазақша оқымайтынына анық дәлел болатын сияқты...

– Мұндай мысал өте көп. Биліктің қазақ басылымдарына шыққан материалды оқымауы, қазақ журналистерімен санаспауы үлкен қателік. Болашақ қазақтілді қоғамның қолында. Соны мыңқ етіп, қазақша сөйлей алмайтын депутаттардан тартып, бүкіл шенеунік түсінуі керек. Қазақ тілінің болашағын көре тұра, онымен санаспау жаулықтың, дұшпандықтың белгісі дер едім.

– Сейітқазы аға, бұрын журналистерді ҚазМУ мен ҚарМУ-да ғана оқытатын. Тәуелсіздіктен кейін барлық оқу орындары журналистика бөлімдерін жаппай ашты. Оларды даярлайтын оқытушылық, материалдық база бар ма, жоқ па – оған қарап жатқан ешкім болмады. Ақша үшін жекеменшік оқу орындары да тілшілерді оқытуда. Бұл сауатсыз тілшілердің санын көбейтіп, сапасын төмендетпей пе?

– Қазір журналистер даярлау шопан дайындау сияқты оңай болып кетті. Бұл ең алдымен қазақ журналистикасы мектебінің сапасына сын келтіреді. Содан кейін сауатсыз тілшілердің санын арттырады. 19 миллион халық үшін үш университетте ғана журналистерді оқытсақ, соның өзі жетіп жатыр. Қалғанын жабу керек. Журналистика бөлімдерінің көп болуы – қып-қызыл ақша. Оны жұрт түсініп отыр. Грантты мемлекет төлейді. Ақша университет қожайындарының қалтасына түседі. Қожайындары астанадағы шенеуніктер. Оны мен жақсы білемін. Міне, осындай әңгіме. Облыс орталықтарындағы журналистика бөлімдеріне сабақ беретіндер кімдер? Бәріне бірдей сауатты оқытушы-журналист табыла бермейді ғой. Сондықтан зейнетке шыққан тарихшы, филолог, заңгерлер барып дәріс береді. Оны естіп, көріп жүрміз.

– ҚазТАГ қай жылы құрылды? Алыпқашпа әңгімелерден естуімізше, сіздің түрмеге отыруыңыз, журналистер одағы ғимаратының қиратылуы – бәрі ҚазТАГ-қа таластан туған деген сөз бар. Осы рас па?

– ҚазТАГ 2007 жылы құрылды. Әуелде бұл мемлекеттік ақпарат агенттігі болатын. Кейін олар бұл брендті қажет етпеді. Содан кейін мен сатып алдым. Ол Мұхтар Құлмұхаммедтің министр болған кезі. Хабарластым. «Мұхтар, мен бір агенттік ашайын деген едім», – дедім. «Иә, Секе, ашыңыз. Бір агенттік керек қой. Қажет болса, ақша жағынан көмектесеміз. Агенттігіңіздің аты қалай аталады?» – деп сұрады. «ҚазТАГ», – дедім. Мұхтар қорқып кетті. «Болмайды, Секе! ҚазТАГ мемлекеттік агенттік қой», – деді. «Жоқ, ол мемлекеттік агенттік емес. Мен сатып алдым», – дедім. ҚазТАГ солай менің қолыма өтті.

        «ҚазТАГ қалай жан бағады?» деп сұрайды көп жұрт. Біз ақпаратты сату арқылы ақша табамыз. «Электронды подписка» деп аталады. Біздің дереккөз өте мықты. Оны ешкімге айта алмаймын. Дереккөздің мықтылығы соншалық – ең соны, мықты ақпаратты алдымен біз таратамыз. Қазір бүкіл әлем ақпараттан ақша табады. Кезінде Арқанкергендегі оқиғаны бірінші болып біз бердік. Басқа сайттар мен телеарналардың өзі қорқып, ресми ақпаратты күтіп отырды.

        ҚазТАГ-та бұрын алпыс шақты журналист жұмыс істейтін. Қазір жиырмаға жуық адам қалды. Облыстардың бәрінде меншікті тілшілеріміз бар. Айлық еңбекақы, қаламақы өте жақсы төленеді.

       Мен істі болған кезде Ресейден, АҚШ-тан агенттікті сатып алғысы келгендер болды. Олар осында келіп сөйлесті. 1,5 миллион долларға дейін сұрады. Сатқан жоқпын. Меншігімде жеті агенттік бар. Жетеуі – жеті немеремнің еншісі. Оларға солай айттым. Бұл жерде ең басты тетік лицензияда ғой.

        Сіздің әуелгі сұрағыңызға оралайын. Балам екеуміздің түрмеге отыруымыздың негізгі себебі – осы ҚазТАГ. Айтпасыма қоймадың, бауырым. Нұрлан Нығматулин «ҚазТАГ-ты бер. Сонымен іс тынсын» деді астанаға шақырып. «Бермеймін» дедім. Қасында Қайрат Қожамжаров болды.  

Тегтер: