Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:43, 20 Қаңтар 2019

Сенатор Пакьяо 70-ші жекпе-жегінде жеңіске жетті

Даңқты боксшы, 8 салмақ дәрежесі бойынша чемпион атанған жалғыз боксшы Мэнни Пакьяо (70-7-2, 39 КО) өзінің 40 жасын жеңіспен бастады.
Эдриен Бронерге (34-4-1, 24 КО) қарсы өткен жекпе-жекте Пакьяо өзінің әлі де бабында екенін көрсетті. Кездесу толық, 12 раундқа созылды. Жеңімпаз қазылардың бірауызды шешімімен анықталды. Эдриен Бронер бұған дейін Пакьяоның қартайғанын, оны жалғыз соққымен тоқтатуға мүмкіндігі бар екенін айтқан. Дегенмен, боксшыға Мэнниді құлату былай тұрсын, жөні түзу соққы жасауға да мүмкіндігі болған жоқ. Жекпе-жек басынан аяғына дейін бір сарында, Пакьяоның шабуылы мен сериялы соққылары және Бронердің бір сыдырғы қорғанысымен өтті.Биыл Пакьяоның кәсіпқой бокста жүргеніне 23 жыл толады. Ол 1995 жылдың 22-қаңтарында аса жеңіл салмақ дәрежесінде рингке шыққан. Содан бері 8 салмақ дәрежесінде чемпион атанып үлгерген. Бокс тарихында бұл рекордты жаңартқан боксшы жоқ. Ал, бұл жеңіс Пакьяоның 61 жеңісі, 70-ші жекпе-жегі.Филиппиндік сенатор, боксшы Мэнни Пакьяо биыл 17 желтоқсанда ғана 40 жасын тойлаған болатын. Ал, оның қарсыласы, 12 раундқа шыдап берген америкалық боксшы Эдриен Бронер 29 жаста.Фото: vesti.kz
Тегтер: