Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:41, 15 Қаңтар 2026

Серік Шәпкенов. «ПЛАТОН»

Серік Шәпкенов
Фото: ашық дереккөз

Серік Шәпкенов Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің экономикалық кибернетика факультетін бітірген екен.

Ал кибернетика термині ежелгі гректің «кибернос», яғни, «кеме басқару өнері» деген сөзінен шығады. Кибернетика ұғымының төркіні – әйгілі грек ойшылы Платон еңбектеріне тірелетінін білуіңіз керек. Демек біз бүгін кейіпкеріміздің Атырау «кемесін» қалай «жүздіріп» келе жатқанына және «басқару өнеріне» назар аударамыз. Сондай-ақ Серік Шәпкеновті қолдан келгенше «Платон деңгейіне дейін» көтеруге тырысамыз.

Шәкірті ұстазынан озса...

«Платонның ұстазы – Сократ болса, Шәпкеновтің ұстазы – Ноғаев» дейтін бір пікір айтылады. Бірақ кейіпкеріміздің Нұрлан Ноғаевтан қаншалықты тәлім-тәрбие көргені белгісіз. Анығы, 2016 жылы Атырау облысына әкім болып барған Нұрлан Асқарұлы екі жылдан соң Шәпкеновті бірінші орынбасар етіп таңдағаны рас. 2019 жылы Энергетика министрі болып, Астанаға қоныс аударғанда, бір жылдан соң Шәпкенов артынан ере барып, вице-министр болған-ды. Бірақ Энергетика министрлігіне емес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне. Осыдан кейін екеуінің жолы екі айырылды. 2021 жылы Ноғаев Маңғыстау облысына әкім болып кетті, ал Шәпкенов орынбасарлықтан көтеріліп, министр атанды. Бірақ көп ұзамай Атырау облысын басқаруға аттанды. Былайша айтқанда, «Платон» өсіп, «Сократпен» теңесті. Тіпті шәкірті ұстазынан асып кетті десеңіз де, жарасады. Өйткені Ноғаев елшілік қызметті «ермек қылып» Түркіменстанға кеткенде, Шәпкенов жылы орнынан тапжылған жоқ.

Серік Жамбылұлы Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданында 1979 жылы өмірге келген. Университетті бітірген соң бірден сол оқу орнында ұстаздық жасады. Алайда ұзақ тұрақтамады, өзінің орны қайда екенін ерте сезді ме, бір жылдан кейін-ақ, облыстық қоршаған ортаны қорғау қорына жетекші маман болып жылжыған. Содан кейін жыл санап орын алмастыратын әдет тапты. Алдымен Қаржы басқармасына – жетекші маман, артынша – бас маман, сосын – Экономика және бюджеттік жоспарлау департаментінде бөлімі бастығы, кейін – Ауыл шаруашылық департаментінде бөлім бастығы, 2007 жылы – осы департамент директорының орынбасары болды.

2014 жылдан бастап екі жыл Президент әкімшілігінде жұмыс істеп келді. ПӘ деген аты болмаса, атқарған қызметі соншалықты шоқтықты емес еді – «мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторы» дейтін аты сала-құлаш қызмет болатын. Дегенмен осы инспекторлық жолы оны биікке көтерді. 2016 жылы 37 жасында кейіпкеріміз Атырау қаласының әкімі қызметіне жайғасты. Әрі содан кейін аттан түскен жоқ. Ал не бітіріп, не тындырды десеңіз, оны әңгімеміздің ретіне қарай баяндайық.

«Қашан отставкаға кетесіз?»

Бұл сұрақ Серік Шәпкеновтің алдынан жиі шығады. Өткен жылдың соңында бұл кісі Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізген. Сол кезде бір журналист 2022 жылдан бері басқарып келе жатқан Атырау облысының әкімі қызметін қашан босататынын білгісі келіп, «Отставкаға кететін ойыңыз бар ма?» деп сұраған. Кейіпкеріміз алдынан көлденеңдеп шыға беретін бұл сұраққа әбден дайындалып келген сияқты. Былай деп жауап берді: «Мен – саяси мемлекеттік қызметшімін. Сондықтан өз жұмысыма өзімнің баға беруім, менің ойымша, дұрыс емес. Менің жұмысыма бағаны халық пен басшылық беруі тиіс».

Журналист үндей алмай қалды. Өйткені Шәпкеновтің жауабы Платонның пайымы секілді салмақты шықты. Алайда жауап жақсы болғанымен, әкімнің облысты «басқару өнерінде» былыққан дүние көп еді. Оны айтасыз, Шәпкеновке халық пен басшылықтың қандай баға бергенін басқа білмесе де, біз жақсы білетін едік. Дегенмен оны сәл кейінге қалдырып, шенеуніктен отставка талап еткен тағы бір оқиғаны еске түсірейік.

Сонау 2021 жылы бір топ мүгедек Астананың көшесінде «Шәпкенов кетсін! Шәпкенов кетсін!» деп айғайға басты. «Шәпкенов кетсін!» деген дауыс тас қаланы жаңғыртып, Министрлер үйіне дейін жетті. Бұл кезде кейіпкеріміз Еңбек және Халықты әлеуметтік қорғау министрлігін басқарып тұрған. Жұрт көшеге бекерден-бекер шыға ма, мүгедектерді өмірі жылжымайтын баспананың кезегі мен ас-суға да жетпейтін жәрдемақының аздығы мазалапты. Бірақ кемтар жұртпен сөйлесуді өз бойына шақ көрмеді ме, әлде «Мүгедектерде не ақыл бар дейсің?!» деп қомсынды ма, әйтеуір Шәпкенов күйінген елмен тілдесуге шықпай қойған. Интернеттегі ақпараттарда сол кезде салы суға кетіп, күн жеген тастай мүжілген мүгедектерге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас сарапшысы Айдар Сапаровтың жауап бергені айтылады.

2022 жылы Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова (қазір Оқу-ағарту министрі) Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алқа отырысында «даң шығарған». Даң шығарғанда, ешкімнің жағасынан алған жоқ. Көтерген мәселесі, сол баяғы – мүгедектердің мұңы. «Алматы облысында АӘК алуда көптеген қордаланған мәселе бар. Мәселен, табыс көзі мың теңгеге артқан отбасы әп-сәтте мемлекеттік қолдаудан айырылады. Бұл қалай?» деген депутат «Мүгедектің жоқ қолы қайтадан өсіп шықпайды ғой?», – деп орынды сауал қойған.

Мәжілісмен – тыңдағың келсе тыңдап, тыңдағың келмесе қоя салатын мүгедек емес. Міне, осыны білгеннен кейін де шығар, Шәпкеновтің «тілі шыққан». «Барлық сын-пікірлерді ескереміз. Бұдан белгілі бір шешімдер шығарамыз», – деген еді кейіпкеріміз. Өкініштісі сол ғой, қашан шешім шығарады екен деп күткендер кейін Шәпкеновтің орнын сипап қалды. Өйткені бұл кісі ол кезде Атырауға әкім болу үшін Есілдің жағасынан Жайықтың сағасына көшіп кеткен болатын...

«Шәпкенов, шық!»

«Қайда барсаң, Қорқыттың көрі» деген осы ма, әйтеуір кейіпкерімізге халықпен жұмыс істеу жақпайтындай көрінеді. Өйткені Астанадан Атырауға келіп, «аяқ суытып» үлгерем дегенше, әкімдіктің алдына 50 шақты әйел жиналып, тағы да айғайға басты. Бұл – 2023 жылы. Дәл осы кезде құдай айдап, әкімнің өзі ғимаратқа кеп қалған ба, бірдеңесі бар. Кейін Астанадағы брифингте ақталып жатқанына қарағанда, кейіпкеріміз ашулы аналардың қасынан аяң басып өте шыққанға ұқсайды. Ал мұны көріп қойған жұрт «Шәпкенов, шық!» деген талапты осы кезде айтқан-ау деп топшылаймыз.

Бірақ түсінген адамға «шық» деген сөз «кет» деген талаптан әлдеқайда жақсы болатын. Оның үстіне, әкімдіктің алдына келген ерекше баласы бар аналар көп нәрсе сұрамаған. Тек қоғамдық көлікте тегін жүруді талап қылған. Былай қарасаңыз, ашулы аналарды одан ары ашындырғанша, тілдескенде тұрған дәнеңе де жоқ еді. Алайда Шәпкенов Астанадан «жұқтырған» әдетін бұл жолы да қайталаған. Іште «бас бұғып» отырған да, сыртқа орынбасарларын жұмсаған.

Міне, осы кезде атыраулықтар арасында «Еее, бұл бала да белгілі болды» деген ыңғайда өкпе-реніші аралас наз айтылған» деген ақпар бар. Оның мәнісі былай: 2018 жылы Шәпкенов Атырау қаласын басқарып тұрғанда, қол астындағы шенділер жемқорлық бабымен ұсталды. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласы бойынша екі бірдей басшы қамауға алынды. Сол кезде кейіпкеріміз ел көңілінен шығатын сөз айтып былай деген: «Мен қала тұрғындарынан кешірім сұраймын. Мұндай жағдай тікелей басшы ретінде маған абырой әкелмейтінін жақсы түсінемін. Біз өз арамызда сыбайлас жемқорлықпен байланысты заңсыз әрекеттерге жол бермеуге барымызды саламыз».

Әп-бәрекелді дескен жұрт Шәпкеновтен көп үміт күткен еді. Әйтсе де, жемқорлыққа жол бермеуді уәде қылған әкім сол сөзінде тұра алмады. Өйткені Шәпкенов облысқа бас болып келген жылы полиция департаменті көші-қон қызметінің бастығы Руслан Әділовті антикор ұстаған. Қызығы, Молдова азаматын бопсалап, 6 мың доллар алған білдей бастық, оны судьяға беруі тиіс болған көрінеді. Қысқасы, бірнеше орган арасындағы жең ұшынан жалғасқан жемқорлық әшкере болды. Дегенмен дәл осы оқиға үшін Шәпкеновті айыптаудан аулақпыз. Себебі бұл кезде кейіпкеріміз облыс басшылығына жаңа келген. Ал одан кейін ше? Одан кейін де өзгерген дәнеңе жоқ. 2024 жылы 2,5 млн теңге пара алған судья ұсталды. Күні кеше мас жүргізушіден 300 мың теңге сұраған полицейлер істі болды. 232 млн теңге ұрлаған Атырау ауруханасының қызметкерлері сотталды. Мемлекеттің 81 млн теңге қаржысын жымқырған мектеп мұғалімдері қамалды...

Бәлкім, «полицей мен судьяның ашкөздігіне әкім жауапты емес қой» дейтін шығарсыз. Онда облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасындағы орынбасардың ұсталуын не дейміз? Әрине, Шәпкенов ақшаға ындыны құрығандардың әрқайсысының қолын аңдып отырмайтыны анық. Жемқорлықты түбегейлі жойып жіберу мүмкін де емес. Ендеше, мұны неге айтып отырмыз? Себеп сол: өз абыройы үшін жемқорлықпен күреске «барын салмақ» болған әкім сондағы сөзін ұмытып кеткен сияқты.

Ат шаптырарда су келген жыл

2024 жыл – талайды көрген Шәпкенов үшін нағыз сынақ жылы болғаны даусыз. Бірақ кейіпкеріміздің ол сыннан қалай өткенін айтпас бұрын тағы бір «сынақтың» әңгімесін қыстыра кеткіміз келіп отыр. Егер Атырау өңірін тосын апат дүрліктірмегенде, Шәпкенов шәпкісінің күнқағарын төмен түсіріп алып, атшабарда бәйге қызықтап жүруі әбден мүмкін еді. Ең қызығы, әкімдік «Ұлы дала тұлпары» атты аламан бәйге өткізуді жоспарлап, Мемлекеттік сатып алу сайтында хабарландыру жариялағанда, тасқын судың алғашқы легі келіп үлгерген. Тіпті 7 сәуірде Атырау облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Ал лот мемлекеттік сатып алу сайтына 9 сәуірде шыққан. Бәйге үшін облыстың Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы 54,5 млн теңге бөлгенін ескерсеңіз, әкімдіктің аламанға қатты дайындалғанын байқайсыз.

Қысқасы, «Көңілдегі бағаны базардағы нарық бұзады» дегеннің кері келді. Үйінен арғыны көрмейтін атыраулық шенділер Шәпкеновке ілесіп, тасқын суды бақылауға көшті. Кибернетиканың қазақша баламасы «кеме басқару өнері» дедік қой, жоғарыда. Су басқан аймақтар көк теңізге айналғанда, кибернетик-кейіпкеріміздің «кеме палубасын» қалай ұстайтыны беп-белгілі боп қалды. Үй-жай, қора-қопсыны айтпағанда, адам шығыны да болды. Елді эвакуациялау мен жұртты көшіруге келгенде, кемшіліктер кездесті. Қираған баспана мен оған бөлінген өтемақының жырын айтсаң, таңға таусылмайтын әңгіме. Бірақ бұл жалғыз Шәпкеновтің басына келген қиындық емес еді. Өзен-көлдер жаппай көтеріліп, Ресейден келетін өзендер ернеуінен асқан сол жылы еліміздің 10 облысын су басты.

Естеріңізде болса, сол тұста президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет басшысынан бастап барлық шендіні жинап алып, шұғыл кеңес өткізген. Сонда жоғарыда айтқан 10 облыстың кейбір әкімдеріне ескерту жасап, бесеуіне қатаң сөгіс берді. Сол бесеудің бел ортасында осы Шәпкенов те бар еді.

Қадірлі оқырман, енді Сізге сұрақ: кейіпкеріміз біз жоғарыда келтірген бір сөзінде: «Менің жұмысыма бағаны халық пен басшылық беруі тиіс», – деген еді ғой. Халықтың қандай баға беретіні белгілі болып қалған секілді. Ал президенттің қатаң сөгісі – «басшылықтың» бағасына жата ма, жатпай ма?

«Платондық парасат» және «күйеубаланың» сыны

Мемлекеттік сатып алу порталындағы жарияланымдарға жиі үңілетін журналистер кейде қызықты деректерді тауып алады. Кейіпкеріміз Астанадан Атырауға келіп, облыс басшысының орынтағына «жамбас үйретіп» жатқанда, «Шәпкенов 1 млрд теңгеге жуық қаржыға компьютер сатып алмақ» деген ақпар тараған. Осы мәселені бүге-шігесіне дейін зерттеп көрген көзіқарақты кейбір БАҚ тапсырыс берген әкімдіктің порталдағы жазбасынан мынадай жолдарды келтірген: «Тапсырыс беруші – «Қазақстан Республикасы Атырау облысы әкімінің аппараты ММ»; атауы – компьютер; әр данасының бағасы (жиынтық) – Т651 984; саны – 1 244; жоспарлы сома – Т811 069 029», – делінген порталда жарияланған лотта».

Мұны оқыған жұрттың көзі шарасынан шықты. «650 мың теңгенің компьютерін алатындай, бұлар айға ұшқалы жүр ме, әлде айды зерттегелі жүр ме?» деген сауалдар да сол тұста айтылған. Сайттың журналисі сұрақ қойып, әкімдіктің баспасөз қызметі жауап беріп, әйтеуір жұрт жаппай талқылайтындай қызықты тақырып тауып бергені есімізде. Қорытындысында «Ноғаев пен Досмұхамбетов Шәпкеновке тозған компьютер қалдырып кетіпті» деген мақаланы көзіміз шалды...

Бірақ кім не десе, о десін, біз бұл жерден аса бір өрескелдік көріп тұрғамыз жоқ. Өйткені жұмыс өнімді болып, «кибернетикалық кеңістікті» игеру үшін «платондық парасатқа» PLATO-сы «жүйрік» компьютер керек. Әрі ол жалғыз әкімнің қолында ғана болғаны ештеңе шешпейді. Сондықтан Атырау облысының әкімі бүкіл аймақтағы шенді-шекпенділерді түгел «ылдым-жылдым» техникалық құралмен қамтып, шаруа біткеннің бәрін дереу «қағып тастағысы» келген сияқты.Бірақ кейіпкеріміздің ақырында қандай компьютер алып, арманына қаншалықты қол жеткізгені бізге жұмбақ.

Дегенмен Атырау әкімінің ғылым-білімге деген ынтасы мен оны халыққа үйретсем деген құштарлығын түсінбейтіндер көбейіп барады. Мәселен, күні кеше Атыраудың қызын алған алматылық бір журналист «қағынып», әлеуметтік желіде Шәпкеновке сын айтты. «Қайынжұрт қатырыпты. Атырау облысының әкімі ватсап пен 2ГИС-тің тілін әрең түсінетін ата-апаларды жинап алып жасанды интеллектіні талқылапты. Клавиатура баса алмайтын, контактілерді сақтай алмайтын қарт кісілерге ЖИ-ді қалай түсіндірді екен? Әйтеуір бізде бәрі науқаншыл. Президент айтты екен деп зал толтырып, фото-видеоға түсіп отчет берсе болғаны, жоғарыға» – деп жазды Диас Нұрақын.

Сонда жасанды интеллектінің қуатымен қарттарды «жасартқалы» жүрген әкімдікі дұрыс па, әлде оған Алматыда «отырып алып», сын айтқан журналистікі дұрыс па? Мұның жауабын екшеуді де оқырманның өз еншісіне қалдырдық.

Түйін:

Біздің білетініміз – біреу. Жасыратын несі бар, кезінде Платонды да жұрттың бәрі бірдей түсіне бермеген. Бірақ кейін оны Батыс пен Шығыс әлемі тең мойындады. Демек Шәпкеновті де бүгін толық түсіне алмай жатсақ, айып әкімде емес, өзімізде болуы мүмкін.

Ал егер олай болмаса ше? Онда бір ғана нұсқа қалады – кейіпкеріміз өзінің орнында жүрген жоқ.