Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:47

Шаңырақ дауы мен Сыздықбековтің өкпесі

Сыздықбеков
Фото: ашық дереккөз

Тамыздың соңында Jas Alash «Үйлерімізді сүріп, жерімізді заңсыз тартып алып жатыр» деп Шымкенттегі «Шаңырақ» ықшамауданының тұрғындары хабарласқан еді.

 

 Сол кезде бұл мәселеге қатысты мақалалар жаздық. Шаңырақтың тұрғындары арнайы «Jas Alash» Yutobe арнасына келіп, сұхбат та берді. Арадан үш ай өтіп, біз осы мәселені тағы да көтеріп, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековке бірнеше сауал қойдық. Ол редакциямызға өкпесі барын айтып, кей сұрағымызға жауап берді, кейбіріне жауап бере алмады.

Тамыз айында Шымкенттегі Шаңырақ тұрғындары «баспанамызды әкімдік тартып алып жатыр» деп бас көтерді. Тіпті сол кезде кейбірінің үйін бұзып тастаған. Әлеуметтік желіде үйін бұздырмаймын деп техниканың алдын кес-кестеген әкенің, «үйімді сүріп тастады, енді қайда барамыз?» деп көз жасын жаулығына сүрткен ананың видеолары тарап кетті. Кейіннен «Жас Алаш» Шаңырақтың дауы 2005 жылдан басталғанын анықтады. 2005 жылдары Түркістан облысына Өзбекстанның Ташкент, Науаи, Жызақ облыстарынан 470 отбасы көшіп келген. Сол кезде экс-президент әкімшілігі мен облыс шенеуніктері қандастарға жер беру мәселесіне тікелей араласып, облыстағы 67,5 гектар жер телімі қандастарға бөліп берілген. Қазіргі күнде Сайрам ауданы мен Шымкент қаласы әкімдігінің жер беру қателігінен қарапайым тұрғындар зардап шегіп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, жемқорлық салдарынан мұның арты бітпес дауға айналған. Мұны айтқан кейбір тұрғындар кейіннен қудалауға ұшыраған.

Сыздықбеков не деді?

Шымкент әкіміне хабарласқанымызда ол бұл мәселені жақсы білетінін айтты. Тіпті тұрғындармен де кездесіп, мұң-зарын да тыңдапты.

«Мәселе өте үлкен. Сайрам ауданы қалаға қосылғаннан бері бұл мәселе келе жатыр. Бір сатылған жер қандай да бір жолдармен қайтадан сатыла берген. Заңсыз болсын, шын болсын, жердің құжаттары дайындалып, қолдан-қолға өте берген. Қазір кейбір аумақтарда 10 адамға дейін бір жер сатылып кеткен. Олардың барлығында проблема бар. Бұл мәселе тек қана қандастарымызға ғана қатысты емес. Жалпы азаматтарымызға қатысты. Есімде «Жас Алашқа» барып, біржақты ақпарат берген еді. «Әкімшілік мәселемізді шешпей, бізді қысып жатыр» деп айтыпты. Негізінде олай емес. Ол жерде заңды жердің иелері де бар. Менімен кездескен тұрғындардың тең жартысы сол жерде оларға айып таққан болатын. Енді мәселемен айналысып жатқан жұмыс тобы бар. Уақыт керек, мәселе шешімін табады. Бірақ өздеріңізге өтінішім, ақпаратты екі жақты да тыңдап, беріп отырсаңыздар», – дейді әкім.

Бұған дейін Шаңырақ тұрғындары жерді сату кезінде әкімқаралар заңсыздықтарға барғанын, тіпті кейбір шешімді ресми емес, қаламмен жазып бере салғанын айтқан еді. Біз Ғабит Сыздықбековтен «сол кезде жерді сатуда заңсыздықтарға жол берген, мөр басқан қызметкерлер тиісті жазасын ала ма?» деп те сұрадық. Бірақ әкім қойған сауалымызға нақты жауап бере алмады.

«Менің сізге айтқандарымның бәрі рас ақпарат. Ол кезде жұмыс істеген кісілердің уақыты келіп, сұрауы болады. Бірақ дәл қазір ол жердегі қызметкерлердің көпшілігі өкінішке қарай жоқ. Көбісі зейнетке шығып кеткен болар. Бірақ мәселе қалды. Бұл мәселе 2006 жылдары орын алды. Одан бері деректер де, архивтер де жоқ. Бұл тек қана жұмыс тобын құрып, заңды түрде шешілетін мәселе», – деді бірнеше рет қайыра қойған сауалымызға.

«Жас Алаш» біржақты ақпарат таратты ма?

Енді әкімнің «Жас Алашты» біржақты ақпарат берді» деп айыптай сөйлеген сөзіне келейік.

Біріншіден, Шаңырақ мәселесі жазылған кезде редакция тілшісі Шымкент әкімдігіне тікелей хабарласып, жауап ала алмаған болатын. Кейіннен Жер ресурстарын басқару комитетіне де хабарласты. Бірақ тұщымды жауап болмады. Тек қалалық Жер қатынастары басқармасы мақаламызда келтірілген мәнде «жұмбақ» жауап жіберді. Енді келіп әкімнің қол астындағы қызметкерлерді емес, бізді айыптай сөйлеуі түсініксіз.

Екіншіден, әкім тұрғындармен кездестім деп айтты. Тұрғындар алдында сөйлеген сөзі Tik-tok арналарда тарады. Оны біз де көрдік. Әкім тұрғындар алдында «Жас Алашқа» беріпсіздер, мені олай ала алмайсыздар (!). Тек қана заңмен жүремін» деп айтып қалды (Сыздықбековтің өз сөзін беріп отырмыз). «Жас Алашқа» кім не берді? Әкім мұны түсіндіріп айтпады. Егер сұхбат беруге байланысты айтып отырса, тұрғындар әкімдік мәселесін шешіп бере алмағасын және қызметкерлерінен қайран болмағасын журналистерге жүгінген. Сондықтан «Jas Alash» Yutobe арнасына сұхбат беруге келісті. Мұны «Шаңырақта жылап жүрген адамның есебі жоқ. Құжаттарымызды көрсетеміз, ешкім қарамайды. Әкімдердің алдына арыз айтып барсаң, анаған сілтейді, мынаған сілтейді, болды. Осылай жүре бересің. Шаршасам да алдарыңа өтініш айтып келіп отырмын. Мынадай былықты жариялаңдар, шырағым. Мұны қоғам білу керек деп ойлаймын» деген Шаңырақтың тұрғыны, 80-нен асқан Ергешбай Қошаевтың сөзінен де білуге болады. Егер әкім тұрғындардың арызын тыңдап, мәселесін қолма-қол шешіп берсе, Шаңырақтың тұрғындары 700 шақырым жол жүріп, біздің арнаның студиясына сұхбат беріп, Алматыда қонатын үйі болмағанына байланысты, түнделетіп Шымкентке сабылып қайтпайтын шығар деп ойлаймыз.

Үшіншіден, Jas Alash қашан да бейтарап ақпарат таратады. Журналистің міндеті – ақпарат тарату. БАҚ заңында журналист ақпарат алуға, таратуға құқылы деп жазылған. Сондықтан Шаңырақ мәселесі шиеленісті болғасын біз де басқа БАҚ-пен бірге ақпарат тараттық және де өзіміз тараптан бір ауыз сөз қоспадық, тек тұрғындардың сөзін бердік. Әкімдік тарабы тұщымды жауап бермесе оған «Жас Алаш» кінәлі емес. Егер Сыздықбековтің айтар уәжі болса, редакцияның есігі әрқашан ашық.

Шаңырақта жағдай өзгерді ма?

Шаңырақтың мәселесін білу мақсатында, сол жердің тұрғыны Әбіләкім Айтқұловқа хабарластық. Ол қазіргі күнде бұл мәселе ешқандай да қаралып жатпағанын, «баяғы жартас, сол жартас» күйінде қалғанын айтты.

Әбіләкім Айтқұлов
Әбіләкім Айтқұлов Фото: Жас Алаш

«Әкімдік мәселемізді қарап жатқан жоқ. Қазір қыс маусымы жақындап қалды. Сондықтан тыныш. Әкіммен кездестік. Әкім «комиссия құрып, мәселені шешіңдер» деген еді, бірақ одан кейін ешқандай қадам болмады. Қысқаша айтқанда, бір-біріне сілтеп жатыр», – дейді Шаңырақ тұрғыны.

Айтқұловтың сөзін Шаңырақ ықшамауданындағы бірнеше тұрғынға заңгер ретінде көмек беріп жүрген Гүлмира Құсайынқызы да қуаттады. Оның айтуынша, қазір әкімдік те, прокуратура да әрекетсіз отыр. Бұдан бөлек, жерлерді заңсыз тартып алып, алаяқтықпен айналысатын топ та бар болуы мүмкін.

Гүлмира Құсайынқызы
Фото: Жас Алаш

«Менің естуімше, Шымкентте жерді, үйді заңсыз деп танып, тартып алатын алаяқтық жүйе барға ұқсайды. Олар аудандарды қарап отырады екен. Оның ішіндегі жағдайы қарапайым адамдарды таңдап алатын көрінеді. Ары қарай сотқа беріп, үйін тартып алуға әрекет жасайды. Заңсыз әрекеттердің бәрін айтып отырмыз. Бірақ оған көз жұмып қарайды. Соттардың өзі қате арыздарды қабылдап алады. Мұны қалай түсінуге болады. Шымкентте сотта та, прокуратурада да, полицияда да былық. Бәрі бір-бірімен байланысып жатыр. Осындай заңсыз әрекеттердің нәтижесінде ықшамаудандарда жанжал, дау. Әкім соларды білмейді дейсіз бе, біледі», – дейді заңгер.