Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:20, 23 Сәуір 2024

Шарлапаев та геологияға шаш алдырғандай қарай ма?

Шарлапаев
Фото:

Ешбір ұлттық жобада қарастырылмаған ұлттық мақтан

Қазақстандағы қазіргі кен орындарының басым бөлігі кеңес кезінде ашылып, өндіріске кіріскен. Олардың бізге белгілі қоры 10-15 жылда сарқылады. Мұндай болжамды өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаев та айтқан. Ал жаңа ірі кен орындары анықталды деген хабар естілер емес.

Бұл орайда, минералды шикізат елдегі экспорттың 80 пайызын, Ұлттық қорға түсетін ақшаның 90 пайызын, консолидарлы қаржының 50 пайызын құрайтынын ескерсек, ел экономикасының жаңа кен орындарына қаншалықты тәуелді екенін түсінуге болады. Әрі жер қойнауымыз табиғи ресурстарға бай болғандықтан оларды тауып, өндіруді, өңдеуді жолға қою жаңа табыс арналарын ашып беруі ықтимал. Соған қарамастан, геологиялық барлау қызметі мен оның жұмысын ұйымдастыру тым сылбыр.

Бізде бұл мәселені шешу мәселесі аз қаралмайды. Бірақ бәрі баяғы қағаз, заңнамалық өзгерістер, тұжырымдама, жоба жасаудан аспай тұр. Мәселен, 2018 жылы минералды шикізат базасын толықтыру үшін тау-кен ісін басқару бойынша жаңа заң жобасы қабылданды. «Геологиялық барлаудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасы» тағы бар. 2022 жылдың аяғында «Геологиялық саланы дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» да жасалды. Ақыры, геологиялық-геофизикалық зерделеу аумағын 2026 жылға дейін 1,5 млн шаршы шақырымнан 2,2 шаршы шақырымға дейін жеткіземіз деді. Алайда үкіметтің нақты стратегиясы жоқ, ал бөлінетін қаржы аз. Бұған қоса жаңа технологиялардың тапшылығы мен кадрлық мәселелер бар. Осының бәрі барлау жұмыстарының тиімділігі мен нәтижелілігіне кері әсерін тигізіп отыр.

1 шаршы шақырымға 8 доллар

Біз тау-кен өндірушілері және тау-кен металлургиялық кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы директорының орынбасары Төлеген Мұқановпен тілдестік. Оның айтуынша, геологиялық барлау саласындағы мәселелер үкіметтің назарында болуға тиіс. Әрі жүйелі қадамдар мен кешенді шешім керек.

«Геологиялық зерттеулерсіз тау-кен ісінің болашағы бұлыңғыр. Онсыз минералды-шикізат базасын анықтау, ізінше өндірісті дамытып, өңдеу өнеркәсібін жолға қою мүмкін емес. Сәйкесінше, ары қарайғы экспорт пен келетін қаржы мәселесі де тікелей геологиялық барлау жұмысының сапасына байланысты. Ал бүгінгі жағдай мәз болмай тұр. Дәл қазір барлау жұмыстарына көбірек көңіл бөліп, жұмысты күшейткен күннің өзінде нәтижелер ұзақ күттіруі мүмкін. Себебі геология сондай сала. Қаншама қаржы мен күш, уақыт жұмсағанда зерттеулер нәтижесіз болып шығуы да ғажап емес. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, әлемдегі барлау жұмыстарының тек 30 пайызы сәтті аяқталады. Одан бөлек, жаңа кен орнын тапсақ та, оны ашу мен өндірісті бастап кету 10-15 жыл уақыт алады. Дәл осы себептен, үкімет геология саласына жеткілікті деңгейде көңіл бөліп, тез арада нәтижелі қадамдар жасауды бастауға тиіс.

Ең қызығы, қазір геологияны дамыту ешбір ұлттық жобада қарастырылмаған. ҚР дамуының 2029 жылға дейінгі ұлттық жоспарында да геологияға мән берілмеген. Ал 2027 жылға дейінгі тұжырымдама тиісті мекемелердің жұмысы мен тапсырмалары туралы ғана.

Келесі мәселе – бөлінетін қаржының аздығы. Геологиялық барлау мен зерттеулерге өте аз ақша беріліп жатыр. Мысалы, бізде 1 шаршы километрді барлау жұмысына небәрі 8 доллар қарастырылған. Салыстыру үшін айтар болсақ, 1 шаршы шақырымға Ресейде – 25 доллар, Өзбекстанда – 98 доллар, Австралияда – 167 доллар, Канадада – 203 доллар», – дейді Төлеген Мұқанов.

Осы мәселені Ұлттық геологиялық қызмет АҚ-ның басшысы Ерлан Ғалиев те көтеріп, ішкі инвестиция көлемінің айтарлықтай азайып кеткенін жеткізген. Сала мамандары қаржыландырудың аздығы геологияның бірде экология, бірде индустрия министрлігіне қарап, көп көшетіндігінен, жеке ведомствоның болмауынан көреді. Ал қазір геология комитеті өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарайды. Сырттан инвестор тарту мәселесіне келер болсақ, «Қазгеология» инвесторларға жағдай жасау үшін қабылданған шаралар мен өзгерістерді, ананы-мынаны жасадық деген есептерді беріп-ақ жүр. Бірақ тәуелсіздік алғалы бірде-бір ірі кен орнының ашылмағаны бәрінің жұмысына баға беріп отыр емес пе? Әлі күнге дейін немен айналысатыны айқындалмаған «Қазгеология» ұлттық компаниясының жайы қысқаша айтқанда, бір кем дүние... Жоғарыда аталған министрліктер де геология мен барлау жұмыстарына, инвестиция тартуға байланысты жүрдім-бардымнан аса қоймағандай. Бүгінде жаңа кен орындарын ашу бойынша ұзақмерзімді стратегияның болмауы соның салдарынан ба дейсің.

Басқару мен қаржыландыру мәселелерін шешіп, барлау қызметіне мемлекеттік және жеке инвестицияларды тарту мыс, алтын, полиметалдар сынды стратегиялық маңызы бар кендер мен басқа да кендердің ашылуына әсер етер еді. Осы бағытта ғылымды, цифрландыру мен геологиялық инфрақұрылымды, жаңа технологияларды дамыту да ауадай қажет. Бұдан бөлек, кадр мәселесі де өзекті. Себебі ауқымды геологиялық барлау жұмыстарына мамандар жетіспейді. Әрі жоғары оқу орындары мен колледждердегі оқыту жүйесі де қанағаттандырарлық деңгейде емес көрінеді.

Шетелдік мамандарға қараған күн

Бұл туралы Семей геологиялық барлау колледжі директорының оқу-өндірістік жұмысы бойынша орынбасары Дәурен Есенаманов былай дейді:

«Геологияда литий, цезий, кобальт сынды жаңа алтын аталып жүрген сирек кездесетін элементтерді барлау ісі жолға қойылуы керек. Өзіміздің мыс, темір сынды кендеріміз тағы бар. Бірақ қазіргі таңда терең жер қыртысында ғана ашулар болуы мүмкін. 1 метрді бұрғылаудың өзіне 50-60 мың теңге маңайында жұмсалады. Ал ұңғымалардың тереңдігі орта есеппен 8-10 шақырымды құрайды. Бұған дейін біз 500-1000 метр тереңдіктегі кендерде ғана жұмыс істеп келдік. Сондықтан жаңа технологиялар мен принциптерді енгізетін уақыт жетті. Оны меңгеру, ашу бар да, игеру тағы бар. Осының бәрін бағамдап, барлап, жұмыс істейтін – геологиялық барлау мамандары.

Біздің салада Семей колледжін бітіріп келген мамандар мықты практик деген пікір көп айтылады. Және көптеген жоғары оқу орындары мен кәсіптік білім беру орталары «тек теорияға тойған» студенттер шығарады деген де пікірлер жеткілікті. Жеке өзім бұл ойға толық қосылмасам да, белгілі бір мәселелердің бары анық. Осыдан 90 жыл бұрын Семей геология-геодезия техникумы ретінде жұмысымыз басталып, қазіргі Сәтбаев университеті бізден бөлініп шықты. Бүгінде кәсіби білім беруде орта буынды мамандарды әзірлейтін тек біздің оқу орны. Геологиялық барлау бойынша техногеолог, техногеофизик, техногидрогеолог, бұрғылаушы, техноэкологтарды дайындаймыз. Осының тек бір-екеуін оқытатын оқу орындары да бар. Ол әр қаладағы жергілікті өндірістегі кадрлық қажеттіліктерге байланысты. Біз дайындайтын мамандар барлық істі атқаратын, далада, зерделеу аймағында өз аяғымен жүретін барлау қызметкерлері. Оқып жатқан студенттердің саны аз болмаса да, соның көпшілігі айлығы жақсы немесе ата-анам айтты деп келетіндер. Ал негізінен адамның саланы түсініп, өз еркімен таңдап, махаббатпен келгені жұмыс өнімділігі үшін маңызды. Бұл орайда саланы таныту ісі қарқынды жүргізілуі тиіс. Ал барлаушылар жинақтаған қолда бар ақпаратты реттеп, талдау жасайтын инженер сынды мамандарды, басқарушыларды университеттер оқытады. Бірақ соның бәріне қарамастан, әлі күнге шетелдік мамандардың көмегіне жүгінуге мәжбүрміз. Сондықтан өз кадрларымызды шетелде оқытуды көбейту керек. Өйткені бір сапалы маман он сапасыз маманның жұмысын бітіреді. «Сан емес, сапа» деген ұстаным приоритетте тұрғаны жөн.

Және тағы бір қызық нәрсе, білім беру саласындағы «подушевое финансирование» мөлшері шаштараз бен геологтарға бірдей. Басқаны төмендету емес, бірақ қай сала экономикаға қалай әсер ететіні мен оның стратегиялық маңызы да ескерілгені дұрысырақ болатын секілді. Әрі кадр даярлауға шығын да әртүрлі екенін естен шығармау қажет. Оқытушыларда да осы жағдай. Геологиялық барлаудың қыр-сырын білетін тәжірибелі мамандар оқыту ісіне келгісі келмейді. Себебі олар геологияда, өндірісте жүріп көбірек жалақы алады. Ал колледж оқытушыларының айлығы бұрынғыдан өссе де, мықтылардың келуіне стимул бола алатын дәрежеде емес».

Осы мәселелердің бәрін шешуі керек. Геология комитеті 12 рет қайта құрудан өтіп, министрліктен министрлікке «жүгіріп жүр». Ал оның басшысы Ерлан Ақбаров саланың аянышты жағдайын айтудан шаршаған. Былтыр тұңғыш рет өткен геологтар съезінде ол: «90-жылдардан бері геология саласы көлеңкеде қалып келді. Осының кесірінен қор таусылып жатыр. Неге? Өйткені кеңес кезінен бері пайдалы қазбаларымызға таусылмайтын, ешқашан бітпейтін ресурс ретінде қарап келеміз. «Менделеев кестесіндегі барлық элементтер аяғымыздың астында жатыр» деп мақтануды ғана білдік. Кен орындарын пайдаланып жатқанда, оның қорын толықтыруды да ойлау керек» деген.

Алайда айтылған проблемалар үкімет құлағына жетпей жатқан секілді. Бәлкім, кен байлығы таусылып, кіріс көзі күрт төмендегенде ғана мұрындарынан тіреліп, жер иіскеп кететін шығар, күтейік.

Баян Мұратбекқызы

Тегтер: