Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:59, 09 Маусым 2022

Шашасына шаң жұқпаған Шаханов

None
None

Қазақ үшін құтты саналатын айтулы есімнің бірі – Мұхтар. Жалпы Әуезовтен бастап есімі ел аузында жүрген Мұхтарлардың бәрі жалғыз.

Бірі екіншісін қайталамайды және ешқайсысы өз аттастарының көлеңкесінде қалмайды. Сондықтан оларды бір-бірінен асыра дәріптеу – әбес. Солардың ішінде біздің тілге тиек еткелі отырған Мұхтарымыз – Шаханов.

Ақындық пен азаматтық – М.Шаханов болмысындағы ажырамас ұғымдар. Тіпті егіз десе де болады. Ал өзге ақындар үшін азаматтық деңгей көкжиектегі арман. Басты кредо. М.Шахановтың поэзия әлеміне 16 жасынан бастап-ақ құбылыс болып келгендігі сондықтан.

Келесі баспалдақ… Баспалдақ та емес. Заңдылық. Ол – қайраткерлігі. М.Шахановтың қайраткер болмасқа қақысы жоқ. Өйткені ол, әлгінде айттық – құбылыс. Қайраткерлік біреулер үшін тұлғаның қалыптасу жолы болса, М.Шахановқа ол жай ғана өмір сүру қағидасы. Ол үшін басқа жол жоқ. Қазір емес. Оған әу бастан-ақ осындай тағдыр жазылған болатын. «Шаханов неге өйтпеді?», «Шаханов неге бүйтпеді?» деген сауалдар ол үшін жат. Олай етпе деу – «Сіз өмір сүрмей-ақ қойыңыз» дегенмен бірдей. Себебі, М.Шаханов басқаша жасай алмайды. Жасай алмайды емес, басқаша өмір сүре алмайды. Өйткені ол еш нәрсені жасамайды, ол солай өмір сүреді. Әйтсе де қайраткерлік қалыптасу кезеңін, кезеңін емес, сол кездегі өмірін саралай кетелік.

Өмір – ауқымды өлшем. Тұтас өмірді қайраткерлікке балағанның өзінде де солай. Сондықтан да бұл тұрғыда М.Шаханов өмірінің төрт сәтін ғана оқшау алып қараған жөн тәрізді. Олар: Бірінші – «Аралды» көтерген кезең; екінші Желтоқсан көтерілісін жаңғыртқан шақ; үшінші Наурызды оралтуы; төртінші Қазақ тілі мәселесіне қайта келуі. Енді осы «Шахановтың төрт мәселесін» тарқатып көрелік.

Біз «Шахановтың мәселесі» дегенді қателесіп жазғанымыз жоқ. Шынтуайтына келгенде, М.Шаханов көтерген жайттардың қай-қайсысы да ұлттық мәселе. Ұлттық мәселе болғанда да өзекті, өзекті деген жай сөз, құдайшылығын айтқанда М.Шаханов көтерген мәселелер жауабының бәрі «Ұлт болып қаламыз ба, қалмаймыз ба?» деген сауал төңірегіне келіп тіреледі. Мәселе осылай төтесінен қойылғаннан кейін және де оның қай-қайсысы да мемлекеттің арман-мүддесімен үндесіп жатқандықтан, оның бәрі билікпен бірлесе отырып атқарылуға тиісті шаруалар болатын. Бірақ неге екендігі әлі күнге дейін түсініксіз, әлгі шаруаның бәрі М.Шахановтың жеке мәселесі болып шыға келеді. Біздің ақындық, азаматтық, қайраткерлік М.Шахановтың өмір қағидасына айналды деуіміз сондықтан.

Мақұл. Арал М.Шахановтың шаруасы. Сонымен бұл тұрғыда М.Шаханов не істеді? Сауалды сөз ретіне қарай қойдық. Дұрысы – Арал үшін М.Шаханов не істемеді, қай есікті қақпады?! Тағы да дәл емес. Ақиқаты – Арал үшін М.Шаханов әлемді оятты. Қалай? Байыптап көрелік. Рас, Аралдың тартылып бара жатқандығы М.Шаханов көтермесе де жұрттың бәріне белгілі болатын. Оның ертеңгі күні өлетіндігі де ешкімді алаңдата қоймаған. Біз «ешкім» деп мәселеге мән бермеген кейіпте айтып отырмыз. Болмаса, бұл жеке адамның емес, Арал теңізі шектесетін және де онымен іргелес жатқан мемлекеттердің, нақтылай айтсақ, КСРО сынды алып империяның айналысатын шаруасы еді. Осы жерден сәл шегініс жасайық. М.Шахановты ақтап та, мақтап та отырған бізбен өзгелер де келісіп, «Шахановтың Аралды көтергені дұрыс болды» делік. Бірақ көпшілік көңілінде бір күмәнді сауал қалған тәрізді. Ол сауал: «Шаханов неге Арал теңізін суға толтырмай кетті?» дегенге саяды. Рас, күлкілі сауал. Бірақ осындай сауалдың М.Шахановқа ауық-ауық қойылып отыратындығын жоққа шығаруға болмайды. Ұғынықтылық үшін мына бір жайтқа назар аударайық. Қазір Арал  әлемдік мәселеге айналды. Алыс шетелді айтпағанда, Арал тағдырын теңізге іргелес орналасқан бес мемлекет назарында ұстап отыр. Енді әлгі сауалдың жауабына келейік. М.Шаханов қауқарлы ма, жоқ әлде Арал мәселесімен айналысып отырған бес мемлекет қуатты ма? Жауап айқын. Құдайға шүкір, қазір Аралдың беті бері қарай бастады. Әрине, оны солай етіп жатқан әлгі бес мемлекет президенттерінің пәрмені. Тағы да сауал. Сонда М.Шаханов не тындырды? М.Шаханов сол бес мемлекеттің, тек олардың ғана емес, бүкіл әлемнің назарын Аралға аударды. Аралдың жойылуы апатқа ұрындыратынын ұғындырды. Айтудың оңайы-ай! Дұрысы ұғындырған жоқ, күресті. Дамылсыз, ұдайы Шахановқа тән қажырлылықпен күресті. М.Шаханов өзінің де,  әлемнің де мазасын алды.

Өмірде түсініксіз, әрі қызықты жайлар аз емес. Атқарылған еңбектің бағалануы тұрғысынан келгенде М.Шахановтың ешқашан бағы жанбапты. Ең болмаса «Сізге рақмет» деген сөзді де қимаппыз. Рақметтің орнына… Оны қойшы. Бәрінен бұрын мемлекеттің атқаратын шаруасына М.Шахановтың қаймықпай барып және ол шаруаның нәтижесін өзгелер сезінетіндей жағдайға көтере бастаған кезінде мемлекеттің оған сүйеу болудың орнына ұдайы қыспаққа алуын қалай түсінерсің… Аралда да солай болды. М.Шахановтың атын былғауға тырысушылар аз болған жоқ. «Ойбай-ау, бұл менің әкемнің шаруасы емес қой...» деп шырылдаған Шахановқа билік қолдау білдірмеді. Қайта солар ықпалымен кейбір жандайшаптар мен жатыпатарлар баспасөз арқылы М.Шаханов жүйкесін ұдайы жұқартумен болды. Не үшін? М.Шахановтың жазығы не?

Жазығы… Оны бәрі білетін. Мұхтар Шаханов Жаратушы иеміздің қазақ ұлтына «Сан алапат тасырдан соң, тасыр дауыл басылған соң» берген сыйы. Өз ұлтының маңдайына біткен дара тұлғасы. Сондықтан да М.Шахановты жақтырмау – заңдылық. Себебі, біз ұлылар есімін тек аруақ шақырғанда ғана пайдаланамыз. Ал М.Шаханов болса… Тіл-аузымыз тасқа. Ғұмырлы болыңыз!

Екінші мәселеге ойысайық. Әуелі мына бір жайтқа ой жүгіртіп көрелік. Желтоқсан көтерілісінің шындығы әлі толықтай ашылған жоқ. Себебі, оның ашылуына бүгінгі билік мүдделі емес. Енді мәселені 1986 жылғы көзқарас бойынша саралайық. Қазақ КСР-інде биліктің ауысуына байланысты толқу болды. Тіпті толқу да емес. Санаулы маскүнемдер мен нашақорлар бүлік шығаруға тырысып бақты. Бүкіл совет халқы әлгі бұзақыларды кінәлап, айыптауда. Барлық ақпарат құралдары осы ыңғайдағы хабарларды таратуда. Қолға түскен бұзақылардың алды ату жазасына кесіліп, соңы пәленбай жылға сотталып жатыр. Зиялы қауым… Зиялы қауым бұзақыларды айыптап, баспасөз беттерінде мәлімдемелер жасауда. Міне, бар шындық осы. Егер осы мәселеге М.Шаханов араласпаса не болар еді? Біз сол кезде айтылған «шындықтан» әрі қарай бір қадам да ұзай алмаған болар едік. Мәселені М.Шаханов Кремль мінберінен жанын шүберекке түйіп тұрып айтқан әйгілі сөзімен басқа арнаға бұрғаннан кейін барып бүгінгі біз білетін шындық ашыла бастады. Құдайшылығын айтайық. М.Шаханов болмаса Желтоқсан көтерілісі сол жабулы күйінде қалатын еді. Бүгінгі биліктің Желтоқсан көтерілісінің болғандығын тіпті ұмыттырып жіберуі мүмкін екендігін де жоққа шығаруға болмайды. Рас, Желтоқсанға қатысқан адамдардың аузына ешкім де қақпақ қоя алмайды. Мәселен, анау бар, мынау бар дегендей… Бос сөз. Олардың бәрі мәселенің бетін М.Шаханов бері бұрғаннан кейін барып бой көрсете бастады. М.Шаханов болмаса олардың бірде-біреуінің үні шықпаған болар еді. Дұрысы үнін шығармас еді.

Ал өлгендер… Олардың туыстары… Олар мүлде жақ ашпайды. Неге жақ ашпайтынын М.Шаханов өзі жазып жатқан «Желтоқсан эпопеясының» екінші кітабында ашық айтады. Біз қалайық, қаламайық Желтоқсан көтерілісі шындығының бетін ашқан М.Шаханов екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Демек, рақмет айтқан ләзім. Сый-сияпат… Сый-сияпаттан Мұқаң ашық түрде бас тартқан. Бұл тұрғыда ол кісінің бұлжымайтын өз тұжырымдамасы бар. Келтіре кетейік:

«Отан – ең үлкен анамыз. Әркім өз анасына қызмет еткені үшін жылу дәметпеуі тиіс. Бірақ Отан да өзінің дараланған перзенттерін қолдап, қуаттап, марапаттап отыруы шарт. Тек ол өте әділетті түрде іске асуы қажет. Бүгінгі таңда кез келген үлкен деңгейдегі заңдастырылған ұрының екі орден, үш медалі бар. Солардың қатарында болғым келмейді».

Сый-сияпаттың жайы белгілі болды. Бірақ ерлік қалай да бағалануға тиісті емес пе? Мән берсек, ерлікті бағалау ең әуелі әлгі ерлікті жасаушыға емес, даңқты ұлдарын марапаттау арқылы өзгеге үлгі тұтуы үшін мемлекетке қажет. Бойын енді тіктеп келе жатқан жас мемлекетке екі есе қажет. Бірақ Мұқаң бұл тұрғыда құрметті былай қойғанда, қауіп пен қатерден, басын бәйгеге тігуден бір сәт те арылған емес. КСРО кезіндегі қуғын-сүргін өз алдына бөлек әңгіме. Бәрінен бұрын жанға бататыны – ұсақ-түйек пендешіліктен әрі өре оздыра алмайтындардың М.Шахановтың әлі күнге дейін қыр соңынан қалмай «Шаханов Желтоқсан көтерілісінің шындығын неге ашпайды?» дегенге саятын сауалдарды үнемі көлденең тартып, ұлы ақын шаужайына жабысуларын қоймай келе жатқандығы. Байыбына барсақ, бұл сауалдың төркіні де «Шаханов Аралды неге суға толтырмайды?» дегенді қайталағандай болып шығады. Күлкілі ме? Қазір күлкілі. Ал бұрын қауіпті болатын. Әрине, жеке адаммен емес, билікпен, КСРО-мен тіресу қауіпті. Өте қауіпті. Сондықтан да Жаратушы иенің өз қамқорлығына алуының арқасында ғана бүгінгі күнге аман-есен жеткен даңқты тұлғаның ортамызда жүргеніне тәуба дейік.

Үшінші мәселе – Наурыздың оралуы. Рас, Шаханов араласпаса да Наурызбен халық қауышар еді. Болары болып, бояуы сіңген соң Наурыздың қайта оралуына кімдердің атсалысқанында тұрған пәлендей мән де жоқ сияқты. Бірақ бәрін белден басып, шындық байғұсты шырылдата бергеннен кім опа табар дейсің. Иә, бәріне тарих куә. Ал сол тарих Наурызды қайта оралтқан М.Шаханов екендігін «тайға таңба басқандай» етіп айғақтай алады. Бірақ бір өкініштісі, шындық осылай еді деп ағынан жарылған адамды байқай алмадық. Тіпті кейбіреулер Наурызға М.Шахановтың мүлде қатысы жоқтай кейіп танытады. М.Шаханов еңбегінің нәтижесін өзгеге телиді. Әділдік қайда?

Ақыры бұл тұрғыдағы шындықты да М.Шахановтың өзінің жазуына тура келді. Абырой болғанда кезінде Колбинге жазған ресми хаттар, өзге де маңызды құжаттар мұрағатта сақталған екен. Солардың негізінде М.Шаханов Наурызды қайта оралту мақсатында қалай еңбек еткендігін дәлелдеп шықты. Күлкілі ме? Біз күле алмадық. Бақсақ Мұқаңның бар өмірі осындай теке тіреске құрылған екен. Мынандай бір ойға да ерік беріп көрелік. Наурызды кімнің оралтқанында тұрған не бар? «Наурызды мен оралттым» деу Шахановқа не үшін қажет? Абырой үшін бе? Әлде бұл базбіреулер байбалам салатындай жалаң популизм бе? Біздіңше, ондай пікірлердің бәрі ақиқат ауылына қоңсы қона алмайды. Ал абырой… М.Шахановқа өзін әспеттейтін титулдардың қажеті жоқ. Ол өз есімін даңққа бөлеген адам. Солай бола тұра М.Шахановты бір шалып қалу әлі күнге толастаған жоқ. Бірақ олар қалай қақпақылдаса да М.Шаханов қай салада да мәре сызығын бірінші болып аттап, өз оппоненттерін шаң қаптырумен келеді. Рас, денсаулық сыр берген, жүрекке салмақ түскен, инфаркт алған. Екі рет. Уыс-уыс дәрі ішетін болған… Бұл – екінші жақ жеңісі.

Төртінші мәселе – тіл. М.Шаханов көтерген осы төрт мәселенің қайсысын алға шығаруға болады? Қайсысы қымбат? Қайсысы бірінші? Әуелі қойылған сауалды айқындап алайық. Бұл көтерілген мәселелер кім үшін қымбат? М.Шаханов үшін бе, әлде ұлтымыз үшін бе? Ұлтымыз үшін болса, ұлттық мәселелердің бәрі Шахановтың ғана жеке мәселесіне айналып кететіні неліктен? Әлде бұл М.Шахановқа тән, соның ғана қабілеті жететін ерекше тәсіл ме? Олай болса ол өзі ойлап тапқан «ерекше тәсілі» арқылы табыс биігінен көрініп жүрген шығар? Осы төрт мәселені көтергені үшін  ол өзгеше бір сый-құрметтерге ие болып, қаржылық жағдайын да шешіп алған шығар? Солай ма? Солай дейін десек, М.Шаханов осы мәселелерді көтергені үшін биліктен ұдайы теперіш көріп келеді. Ал қаржы… М.Шахановта басы артық тиын-тебен ешқашан болған емес. Оған күні кеше ғана жүрегіне шетелде операция жасау қажеттілігі туғанда көз жеткіздік. Құдай жарылқап түрік ағайындар көмек қолын созды. Болмаса...

Рас, М.Шахановқа қазіргі қаржылы алпауыттар санатына қосылудың орайы сан рет келді. Ол үшін ол әлгі өзі көтерген өзекті мәселелерден бас таруы керек еді. Бір нәрсе айқын. Егер М.Шаханов неғұрлым үнсіз қалса, ол соғұрлым билікке сүйкімді көріне бастайды. Бірақ ұлттық мәселе сын-тезіне түскенде біз Шахановтың үнсіз қалғанын естіген де, көрген де емеспіз. Солай бола тұра «Пәленшенің қорасы өртенген кезде Шаханов су шашыспады ғой...» дегенге саятын «кінәраттар», осы ыңғайдағы басқа да айыптаулар М.Шахановқа кінә ретінде таңылып жатады. Ондай «айыптаулардың» баспасөзде жазылып, теледидарларда көрсетіліп жататынын қайтерсің. Соның бәрін жүрегінен өткізетін Шаханов «әуелі мына бірінші мәселені шешіп алайық та» деп тіл мәселесінің өзектілігін көлденең тартса, олар: «Тілді біз көтерген кезде Шаханов қайда жүрді?» деп оны тағы да жарыса ғайбаттай бастайды.

«Оу, бұларың қалай, 1989 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде қазақ тілімен қатар орыс тілі де мемлекеттік тіл болып жарияланып кеткен кезде М.Шахановтың ерекше қажыр көрсетуінің арқасында қазақ тілі жеке-дара мемлекеттік тіл болып жарияланып еді ғой» дегенді, бұл жолы да ешкім айтпады. Оны да көпшілікке Шахановтың өзінің естеріне салуына тура келді.

2004-2007 жылдар. М.Шаханов – Парламент Мәжілісінің депутаты. Шаханов пен тіл егіз ұғымға айналған. Биліктен маза кеткен. Шахановты тоқтатар айла таусылған. Бір ғана жол бар. Ол – Парламентті тарқату.

Иә, мұның бәрі тарих. М.Шаханов тұралаған тілді үш жылда аяғынан тік тұрғызды. Рас, парламенттен шеттетілді. Егер ол өзге әріптестері сынды үнсіз қалғанда, жылы орнын суытпас еді. Алайда, М.Шаханов отырған жердің бәрі – төр. Оның сөзі қай жерде жүрсе де өтімді. Жалпы, М.Шаханов көтерген мәселелердің шешілмей қалғаны жоқ. Иншалла, тіл мәселесі де шешілер.

Сонымен М.Шаханов көтерген төрт мәселені де түгестік. Түгестік дегенді сөз ретіне қарай қолдандық. Болмаса ол мәселелердің әрқайсысына бір-бір кітап арнаса да көптік етпес еді. Амандық болса ол күнге де жетерміз. Әзірге осыған қанағат. Жоқ, олай емес. Біз негізгі мәселені ұмытыппыз. Ол – М.Шахановтың поэзиясы.

М.Шахановтың алғашқы оқырмандары аға буын өкілдері. Соңғысы – әлі мектеп қабырғасында. Аға буын дегенде, қазақ әдебиеті алыптары шоғырының соңғы өкілдері – Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиндердің де М.Шаханов поэзиясын ерекше құрметтегендіктерін қаперге алсақ, Шаханов оқырмандарының алғашқы легін әріден бастауға тура келеді. Содан бергі уақыт аралығында М.Шаханов поэзиясы жыр сүйер қауымды тамсандырумен келеді. Жыр сүйер қауым дегенді де сөз ретіне қарай қолдандық. Шындығына келгенде жыр сүйер қауым деген – шағын ғана бір топ. Жұрттың бәрі кітаптан бас алмайтындай көрінетін Кеңестік дәуірдің өзінде өлең кітаптарын ілуде біреу ғана оқитын. Ал қазір мүлде ешкім оқымайды десе де болады. Кезіндегі ақын-жазушыларға деген халық құрметін олар шығармашылығына берілген баға деп ұғыну мүлдем қате. М.Шаханов оқырмандарын «жыр сүйер қауым» деп бөліп қарауға болмайды. Өйткені М.Шаханов оқырмандары қауым емес, халық. 50 жылдан бері солай. Ал ол оқырмандардың жай оқырман емес, М.Шахановтың өлеңдерін, тіпті жарты кітап болатын поэмаларын жаттап алатын оқырмандар екендігін қаперге алсақ, қаламгерлер арасында бұрын-соңды М.Шахановтай халық құрметіне бөленген ақынның болмағандығына көзіміз жете түседі.

Бірақ солай бола тұра М.Шаханов өз әріптестерінен қолдауды кем көрген ақын. Қолдауды былай қойғанда, Шахановты ортаңқол ғана ақындар санатына қосқысы келетін қаламгерлер де аз емес. Олардікі де жөн-ау дейін десең, халықтың Шахановқа деген пейілі еш өзгермейді. Ол пейілдің неге өзгермейтіндігіне бас қатырғандар да кезінде аз болмаған. Олар «М.Шаханов бәрін өзі ұйымдастырады» деген ойға да ерік берген. Бұдан шығатын қорытынды, «Шахановтың оқырмандары – оның туыстары» дегенге саяды. Мұндай пікірдің қазір күлкі шақыруы мүмкін. Бірақ кезінде осы тақылеттес арыз-шағымдар Орталық Комитетке жөнелтіліп жататын. Бұл тұрғыда да Мұқаң көрген теперіш аз емес.

Шынтуайтына келгенде біз М.Шахановтың поэзиясына әлі күнге дейін дендеп бойлай алғанымыз жоқ. Сондықтан да М.Шахановты бізден гөрі шетел оқырмандары жақсы түсінеді, әрі жоғары бағалайды. Егер біз М.Шахановтың қазақ поэзиясындағы құбылыс екендігін дер кезінде мойындағанымызда ақынға деген әділ бағаны шетелдіктер емес, өзіміз  берер едік. Бәрінен бұрын Шаханов поэзиясының құрылымдық ерекшеліктеріне тамсанып қана қоймай, ондағы ой-тұжырымдарға, даналыққа, тереңдікке, кемелдікке, бір сөзбен айтқанда адамдық ақыл-ой деңгейі мүмкіндігінің шыңына өзіміздің, қазақтың көтерілгендігіне көз жеткізер едік. Көз жеткізіп қана қоймай, соны түйсіну, қабылдау арқылы кемелдене түсер едік. Өкінішке қарай, ондай сәт әлі де келер күн еншісінде қалып отыр. 

М.Шаханов поэзиясын ұсақ пендешілікпен бүркемелеу мүмкін емес. М.Шахановқа тән басты қасиет – ой тосындығы. Мәселен, Мұхаң бүгінгі заман талабы биігіне көтерілген «мониторкөз, компьютербас» жастарды жалаң білім шеңберінде қалып қойғаны үшін жоққа шығарып, жоққа шығарып қана қоймай оларды жарты адам санатына жатқызып, «Қайда барсаң көз алдыңда өнеге боп жарқылдар, жарты бастық, жарты ұстаздар, жарты қыздар, жарты ұлдар» деп, бүгінгі әлемнің бет-бейнесін дөп басып танып, «ұлтсыздардың бәрі – рухи мүгедектер, жартылар» екендігін жар сала әйгілейді.

          М.Шаханов осы бір өлеңімен-ақ әлем жұртшылығының көзін ашты. Ол – бойын рухтан аулақ салған адамның, мейлі ол президент бола ма, жоқ әлде депутат па, болмаса тракторшы ма бәрібір, олардың бәрі құл екендігін әйгіледі. Шындығында да қандай табыс биігіне жетсе де М.Шаханов айтқан рухы, жаны аласаның» бәрі – қарын құлы.

          Мақсатымыз – Мұхаңды насихаттау емес. Біздікі, Шаханов әлеміне көпшілік көңілін тағы да бір аудару. Бірақ біз айтқан, әлемдік ақыл-ой иелері айтқан пікірлерге айналамызда «мейірімі тұл жарты адамдар» қаптап кеткендіктен біреудің селт ете қоятындығына деген сенім де аз. Байыбына барсақ, ұлы адамдарда тек өздеріне ғана жарасатын бір мінез болады. Ол мінез басқа қарапайым адамдар бойында болса, ол әлгі адамның кемшілігі сияқты әсер қалдырар еді. Ал кейбіреулер М.Шахановқа ғана тән сондай мінезден өздері ада болғандықтан, оны өз артықшылықтарына балап, М.Шахановты әжуалауды әдетке айналдырған да кездер болды. Бірақ ешкім де М.Шаханов есіміне көлеңке түсіру арқылы абырой биігіне көтеріле алған жоқ. Себебі ол Жаратушы иеміздің мейір-шапағатына бөленген жан. Өмірден сәби шағында озған 12 бауырынан қалған жалғыз шырақ. Сол 12-нің арман-тілегі мен үміті. Олардың ғана емес. Барша халықтың.

Тегтер: