Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:18, 06 Желтоқсан 2024

«Шешелеріңді тыңдаңдар, оқу оқыңдар»

Міржақып Дулатов
Міржақып Дулатов

Сталиннің қанды саясаты, аяусыз қырғыны Алаштың оқыған, көзі қарақты азаматтарының ешқайсысын аяған жоқ.

 Қуғын-сүргін, суық түрме, жан төзгісіз тергеу мен қинау, ақыры ұзақ жылға соттау немесе ату. Бар ғұмырын қазақты оқытуға, ғылымға, білімге жетелеуге арнаған Міржақып Дулатов үш рет тұтқындалып, ақыры ауыр еңбек астында науқасы меңдетіп, лагерьде көз жұмды. 

М.Дулатовтың патша үкіметі тарапынан алғаш қуғындалуы оның «Оян, қазақ!» жинағымен тығыз қатысты. 1909 жылы «Оян, қазақ!» Қазандағы Каримовтар баспасынан жарық көреді. Кітап ел арасына тез тарап, айтарлықтай аңыс қозғайды. Әсіресе ақынның:

«Міржақып неге отырсың қалам тартпай,

Бәйге алмас болғанменен жүйрік шаппай?

Шамаңды қадари хал көрсетсеңші,

Байғұс-ау оянсаңшы қарап жатпай», –

деп басталатын өлеңін жұрт сүйсіне оқып, тез жаттап алады. Тіпті ел жұрт «Оян, қазақты!» ел аралап, сауда жасайтындардан құнын артық беріп сатып алып оқиды. Оны ең бір қадірлі, кәделі бұйым ретінде ұзатылған қыздарының жасауына қосып беретін болған. Әрине, орыстар үшін тас қараңғы, надан саналатын қазақ даласынан Міржақыптың «Оян, қазақ!» деп бар дауысымен айғай салғаны. Оның тарғылданған дауысын жел алып қашып, ауылдан ауылға жетіп, ақырында қарапайым халықтың «ояна» бастағаны патша үкіметіне шетін оқиғадай көрінгені анық. Сосын Міржақыпты аңдып, соңына түсе бастады. Дәл осы кездегі жағдайды Міржақыптың ағасы Асқар Дулатов былай сипаттайды: «Міржақып «Оян, қазақ!» кітабында езілген, санасы әлі төмен, сауатсыз халқын ұран салып, өнер-білімге шақырған. Қазақ елінің де басқа жұртпен терезесі теңеліп, іргелі ел болуын көксеген. Бұл ниет үндері патша үкіметіне қарсылық деп саналып, Міржақыпты қуғынға түсірді. Кітабын кәмпескелеп, қайта шығармауға әрекет жасады. Бұған қарамастан, кітап қайта төрт рет басылып шыққан. Қуғындай берген соң Міржақып 1911 жылы Қызылжар қаласына барып тұрды. Ол жерде жалданып, балаларды оқытып жүргенінен біз де хабардармыз».

1909 жылы «Оян, қазақтан!» тыс қазақ даласына айтарлықтай жаңалық әкелген екі кітап жарық көреді. Оның біріншісі – Кәкітай Ысқақұлы құрастырып, Петербургтен бастырған Абайдың алғашқы жинағы. Екіншісі – Крыловтан аударған Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысалы». Үш кітаптың да ел арасындағы аңысы айтарлықтай болады. Қолдан қолға өтіп оқылады. Үлкен аңыс қозғайды. Ақыры Міржақып қудаланып, туған жерінен еріксіз, алыстап Қызылжарға кетуге мәжбүр болды. Көп ұзамай, «Оян, қазақ!» та тәркіленеді.

Міржақып алғаш қуғындалғандағы патша үкіметінің таққан айыбы – «Оян, қазақпен!» қоса, 1907 жылы «Серке» газетінде дайындалып, кейіннен басылмай қалған бір мақаламен де қатысы бар. Мұны белгілі ғалым Жұмағали Ысмағұлов былай түсіндіреді: «...Ал осы газеттің жарық көре алмай кеткен екінші санында Дулатов қаламынан туған «Біздің мақсаттарымыз» атты бас мақала бар екен деседі. Тіпті газеттің шықпай жатып тұншықтырылуына басты бір себеп болған да осы мақала екен деседі. Ол мақаланы біз еш жерден оқи алған жоқпыз. Бірақ жалпы мазмұнының қай бағытта өрбігенін аңғару қиын емес. Өйткені осыдан екі жыл кейін жарық көрген «Оян, қазақ!» өлеңдер жинағы кәмпескеленіп, автор патшалықтың әкімшілігі тарабынан саяси қуғынға ұшыраған кезде, жандарм қызметкерлерінің тағатын негізгі кінәсінің өзі – сол Петербургте тұтқындалған газет мақаласының идеяларын әрі қарай уағыздағандығы деп көрсетілген». Демек, Міржақыптың алғаш қуғындалуының себебі – қалың ұйқыдағы халқын оятпақшы, оларды ғылым-білімге жетелемекші болғандығы. Сол үшін бар даусымен «Оян, қазақ!» деп айғай салғандығы еді. Бұл – Міржақыптың алғашқы қуғындалуы.

Қызылжарға барғаннан кейін де Міржақып үкімет ісіне еркін араласып кете алмайды. Аз уақыт сот кеңсесінде тілмаш болып жұмыс істейді. Кейіннен қазақ балаларына орыс тілінен сабақ береді. Оның шәкірттерінің бірі – Мағжан Жұмабаев. Бұл жөнінде Асқар Дулатовтың Гүлнар Міржақыпқызына айтып берген естелігінде Міржақыптың жазған хатынан мынадай дерек келтіреді: «Бір хатында Міржақып мынаны жазған: «...Осы қалаға келгелі орысша оқытып жүрген шәкіртім, Мағжан Жұмабаев сынды ақыным бар. Оның менен жасы кіші, жазған өлеңдері тамаша, ақындығы күшті, өте дарынды жігіт. Екеуміздің өмірге деген көзқарасымызда айырмашылық жоқ десем де болады».

Осыдан соң аз уақыт Міржақыптың өмірі тыныштықта өтеді. Өзі де бойын саясаттан, қоғамдық өмірден аулақ ұстап, шығармашылықпен айналысады. Тынымсыз ізденеді, оқиды, жазады. Сөйтіп, 1910 жылы Қазандағы Каримовтар баспасынан «Бақытсыз Жамал» басылып шығады. Сондай-ақ Міржақып өлең мен прозаға қатар ден қойып, түрлі басылымдарда үзбей шығармаларын жариялап тұрады. Әсіресе «Айқап» журналына жиі жариялайды. Бұл кезде Міржақып сыртқы өмірден де ақпар алып, хабардар болып отырады. Содан ел өмірін танып біліп, халық тіршілігін көзімен көру үшін 1911 жылы Қызылжардан Семей облысына жолға шығады. Алайда қыр соңынан қалмай аңдып жүрген патша үкіметі оны Семей қаласында тұтқынға алады. Еш тергеусіз, себепсіз бір жарым жылдай Семей түрмесінде қамауда отырады. Алайда Міржақыптың патша үкіметі тарабынан ұсталғанынан оның туыстары еш хабарсыз еді.

Асқар Дулатовтың бірінші әйелі Қадиша ертерек қайтыс болады. Кейіннен Зәуре деген қызбен үйленеді. Осы Зәуре әжеміздің Ботагөз Асқарқызына айтып берген естелігі бар. Сонда Міржақыптың Семейде ұсталғанын былай еске алады: «...Айта берсең, әңгіме көп. Өткенді еске алудың өзі адамды тебірентпей қоя ма? Біздің үйдің арқа сүйері, тірегі әрі мақтанышы – сол қайным, атын атамаймын. Ағаларыңнан хабар болмай кетті. Осындай белгісіз жағдай Ақай әкелеріңді көп ойландыратын, түні бойы мазасы кетіп, тыныштық таппай, сарыуайымға түсетін...

Бәріміз қайнымның хатын зарығып күтетінбіз. Бір күні өзіміз жаздырып алып оқитын «Айқап» журналының 1911 жылғы 9-нөмірі келді. Міржақып Қызылжардан Семейге барыпты. Соңынан қалмай, басқан ізін бақылап жүретін полиция оның жатқан үйіне тінту жүргізіп, талай бағалы кітаптарын, өзінің даярлаған оқу құралдарын, жазып жүрген шығармаларының қолжазбаларын, өлең кітабы «Оян, қазақты!», «Бақытсыз Жамал» романын кәмпескелеп алыпты да, өзін Семей түрмесіне қамапты».

Міржақыптың ұсталғаны жөнінде «Айқап» журналында бірнеше рет ақпарат жарияланған. Оның алғашқысы жоғарыда Зәуре әжеміз айтып отырған журналдың 1911 жылғы 6 нөмірінде басылған. (Гүлнар Міржақыпқызының «Шындық шырағы» кітабында бұл ақпаратты «Айқаптың» 1911 жылғы 9 нөмірінде жарияланды» деп айтады. Алайда «Анарыс» баспасынан шыққан журналдың кітап нұсқасында бұл ақпар 6 нөмірінде жариялағандығы таңбаланған). Онда: «Қазақ зиялыларына Міржақып әпенді Дулатов Петропавлдан Зайсан, Өскемен уездеріне саяхат етіп бара жатып, Семей шаһарына тоқтаған еді. 6-уезде полисиа мамурлары тарапынан арестоуат етілді» деп жазылады. Бұдан ары Дулатовтың пәтерін кешкі сағат 19:00-ден түнгі 00:00-ге дейін тінткенін айтады. Бір кезде тінтушілер қалталарынан «Оян, қазақты!» алып шығып, Міржақыптан «мұны кім жазған?» деп сұрайды. Міржақып: «Бұл кітапты мен жаздым һәм екі мәрте басылып, екеуінде де цензураның рұқсаты болған» деп жауап береді. Осы жолғы тінтуде Міржақыптың көптеген кітаптары қолды болады. «Айқаптағы» ақпарат: «сағат 00:00-де Міржақып әпендіні түрмеге жөнелткен-дүр. Дулатовтың Семейде ізденерлік адамы жоқ. Қашан азат қылынар мағлұм емес.

Былтыр қазақ шайыры Ахмет Байтұрсынов та Семей түрмесінде тоғыз ай себепсіз һәм тергеусіз сарғайып отырған еді. Мұның хәлі нешік болар?!» деген ауыр сұрақпен үлкен қамығу, алаңдаушылықпен түйінделеді.

«Айқап» мұнымен шектелмейді. Семей түрмесінде жатқан Міржақыпқа қатысты ақпараттарды үзбей беріп отырады. Мәселен, журналдың 1911 жылғы 7 нөмірінде: «Қазірде Семей түрмесінде отырған Міржақып әпенді Дулатов «Оян, қазақ!» хақында айтыптанып, 2-нші пункт, 1-інші шаст, 129-ншы ыстатиа уголовни улажение бойынша іс окружной сотқа тапсырылды» деп жазады. Сондай-ақ журналдың осы жылғы 9 нөмірінде «Орынбор губернаторының постаноулениесі Орынборда шығушы «Уақыт» газеті менен «Айқап» журналына Семипалатадан Дулатовты қапасқа алу хақында жазған сөзі басқандық үшін «Уақыт» мухариріне 300 сом, «Айқап» мухаририне 100 сом ыштраф салынды» деп жазады. Міржақып Семей түрмесіне қамалған соң оның өміріне алаңдап, әділдік сұрап жазылған ақпараттар үшін «Уақыт» газеті мен «Айқап» журналына айыппұл салынады.

Міржақыптың түрмеге қамалғаны жөнінде «ақпарат жариялағаны үшін Айқап», «Уақыт» басылымдарына не себепті айыппұл салынғанын М.Ысмағұлов былай түсіндіреді: «Бұл кезде атақ-даңқы ел ішіне қаншалық мәшһүр болса, патшалық әкімшілік орындарына соншалықты құбыжық көрінген Міржақыптың атын атап, баспа жүзінде хабар берудің өзі әжептәуір айыпты іске айналады. Мәселен, Міржақып Семейде қамауға алыныпты деген хабар жариялағаны үшін «Айқап» журналына 300 сом, «Уақыт» газетіне 200 сом айып салынады.

Бірақ соған да болмастан, «Айқап» журналының кейінгі бір санында: «Арамызға келген соңғы хабарға қарағанда, Міржақып 2 мың сом залог салып азат етілген екен» деген тағы бір жаңалық тарайды. Сонау Троицкіде шығатын журналда ресми түрде қатаң тыйым салынуымен де санаспай, осындай хабар беріп жатқанына қарап, сол тұста Міржақыптың ел ішіндегі әлеумет өмірінде үлкен тұлғаға айналғанын, оның жеке басындағы әрбір оқиғаның әжептәуір қоғамдық мәні болғанын аңғарамыз».

Осылайша, Міржақып Семей түрмесінен босап шығады. Ендігі бағыт – Орынбор. Бұл – Міржақыптың бірінші рет түрмеге қамалуы еді.

Орынборға келген соң Міржақып Ахмет Байтұрсынұлымен ұлт үшін аса маңызды, игілікті жұмысқа кіріседі. Жұрттың көкірек көзін ашып, санасына сәуле жүгіртіп, халықты ағарту үшін газет жұмысын қолға алады. Сөйтіп, 1913 жылы 2 қаңтар күні Каримов – Құсайыновтар баспаханасынан «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көреді. Түрлі кедергілерге, қиындықтарға қарамастан, «Қазақ» өнімді жұмыс істейді. Міржақып та шығармашылық тұрғыдан серпіліп, жетіліп, түлей түседі. Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатов 1918 жылға дейтін «Қазақ» газетін шығарады.

Міржақып 1921 жылы Ташкентке барып, «Ақ жол» газетінде істейді. Алайда онда ұзақ аял қылмайды. Көп өтпей Көкшетаудағы отбасын алып, Семей қаласына қайтып келеді. Семейде аз уақыт облыстық сотта судья қызметін атқарады. 1923 жылы қайтадан тұтқындалады. Бұл жолы Міржақыппен бірге Әлихан Бөкейханов та қамауға алынады. Бұл туралы Ботагөз Асқарқызының әсерлі естелігі бар. Онда Міржақыптың екінші рет түрмеге қамалуы жөнінде мынадай деректер айтады: «...Арада тағы бес-алты айт уақыт өтті, тәтемнен хат келмей қалды. Әкемнің ренжіген түрін аңғарамыз, бірақ себебін білмейміз. Сөйтсек, бұл жолы әкем Семейден жеңешемнің жазған хатын алыпты. «Қыр соңымыздан қалмай қойған тағы бір қырсыққа ұшырадық. Жуырда Жақаң (Міржақып) мен Әлекеңді (Бөкейханов) Семей түрмесіне қамауға алды. Біз елден қалаға келдік. Өзіме серік болсын деп, Омбыдан Гүлшаһра (Гуля) сіңлімді алдырдым. Лиза, Сергей Бөкейхановтар да бізбен бірге. Банктің чиновнигі Әнияр Молдабаев деген кісінің Комиссарская көшесіндегі екі қабатты үйінде тұрамыз. Тұтқындағы екеуіне қанша өтінсек те, түрме бастықтары бізді жолықтырмайды, тек тамақ алдырады».

Жеңешем келесі хатында: «Екі тұтқынды Семейден Орынборға әкетті. Істері ойдағыдай шешілер деген ойдамыз» деп хабарлады. Осыдан кейін тағы бір жыл бойы тәтемнің хабар-ошарсыз кеткені жанымызды қинады».

Міржақыптың екінші рет тұтқындалып, көп кешікпей босатылуына қатысты Ж.Ысмағұлов мынадай дерек айтады: «...сол кезде қазақ облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып тұрған Сұлтанбек Қожанов Москваға, Ұлттар ісі жөніндегі халық комиссариатына телеграмма беріп, аттары белгілі осы екі адам жөнінде қайтеміз деген сияқты нұсқау сұрайды. Ол жақтан босатыңдар деген нұсқау келеді де, бұлар қамаудан босатылады». Ж.Ысмағұловтың бұл дерегін Ботагөз Асқарқызының мына естелігі растайды. Онда: «Ақыры, жабырқаған көңілімізді көтеріп, зор қуаныш әкелген тәтемнің 1922 жылы Орынбордан жазған хаты болды. Онда ВЦИК-тің 1919 жылы 4 апрельдегі Ленин мен Калинин қол қойған қаулысы бойынша, барлық ұлтшыл партиялардың мүшелеріне кешірім жарияланып, бастарына ерік, совет үкіметіне адал қызмет етуіне жол берілгенін, Әлекең екеуінің түрмеден босатылғанын, пәтер алып, қызметке орналасқанын, үй ішін алдырғанын жазыпты» делінеді.

Ғайнижамал, Гүлнар, Міржақып Дулатовтар
Ғайнижамал, Гүлнар, Міржақып Дулатовтар. Орынбор, 1923 жыл

Гүлнар Міржақыпқызы бір сұхбатында әкесінің 1922 жылы ұсталғанын былай еске алады: «...Әкем мен Әлихан Бөкейхан әтекемді совет үкіметі Семей түрмесіне қамайтын кезі сол – 1922 жыл. Қамауға алған кезде біз Шыңғыстауда жатқанбыз. Бір күні қыстың орта шені болса керек, Семейден базарлап келген қалашы бізге көңілсіз хабар жеткізді: Әлихан атам мен әкемді Семей түрмесіне қамапты. Үрпиіп қалдық. Хабарды ести сала Өміртай ағаның ауылынан шықтық. Абай атамның ауылына бір түнеп, сый-құрметтерін көріп, асығыс Семейге жеттік. Келесі күні шешем түрмеге тамақ тасуға рұқсат алып келді. Жұрт – әкемнің қаладағы бай таныстары, оқушы жастар кезектесіп тамақ, темекі жеткізіп тұрды. Кішкентай болсам да, түрмеге баратын күні шешемнен қалмаймын. Осы уақытқа шейін Семей түрмесі көз алдымнан кетпейді. Дөңге салынған, сырты ақталған үй маған аса биік көрінуші еді...»

Сөйтіп, Міржақып Әлиханмен бірге Орынбор түрмесінен босап шығады. Бұл – Міржақыптың екінші рет тұтқындалуы еді.

1922-1926 жылдары Міржақып Орынбордағы Қазақтың халқына білім беру институтында оқытушы болып жұмыс істейді. Бұл жылдар Міржақыптың өнімді жұмыс істеген кезі болды. Мерзімді басылымдарда түрлі мақалалары жарияланып, баспалардан кітаптары үзбей шығып тұрды. Дәл осы кезді Гүлнар Міржақыпқызы да: «Менің бала дәуренімнің көңілді күндері көп болған жоқ. Жеті жылдай ғана уайымсыз жүрдік. Бұл – 1922 жылдан бастап, 1928 жылға дейінгі аралық. Осы тұтса көп жыл армандаған күндер туып еді. Әкеміз бұрынғыдай алыста емес, бізбен бірге болды. Қызықты кез Орынбордан басталып, Қызылордада жалғасты. Рас, сол тұстағы өткен күндерді есіме алсам, жаным жадырап қалады» деп еске алады. Шынында да, үнемі аңдуда, қуғында жүрген, қамалған, тергелген Міржақыптың ең бір сәуелі, жарық сәттері еді бұл. Алайда еркін, тұсаусыз уақыт ұзаққа созылған жоқ. Ақыры Міржақып та Сталин жүргізген, аяусыз, қанды саясатының тырнағына ілінді. 1928 жылы Қызылордада тұтқындалды.

29 желтоқсан, жұрттың бәрі қалың ұйқыға кеткен шақ. Кенет терезе тарсылдап, «есікті ашыңдар» деген дауыс естіледі. Есік ашылған бойда ГПУ-дің қарулы жасағы сау етіп кіріп келеді. Сөйтіп таң атқанша Міржақыптың үйі тінтіледі. Үйдегі кітаптарды, фотосуреттерді, ақынның барлық қолжазбасы тәркіленеді. Сосын тінтушілердің бастығы түсін суытып, Міржақыпқа: «Киініңіз, сіз тұтқындалдыңыз» деді. Ендігі жерде үй іші айғай-шуға толды. Кішкентай Гүлнар әкесін бас салып: «Папатайым-ай, бізді тағы сенен айырды ғой» деп зар қақты. Бірақ жендет бұған назар да аударған жоқ, қолының сыртымен Гүлнарды қағып тастады. Тұтқындаларда Міржақып өзін аса сабырлы ұстады. Соңғы айтқан сөзі: «Жыламаңдар, балаларым, шешелеріңді тыңдаңдар, оқу оқыңдар». Бұл оның үшінші рет тұтқындалуы еді.

Міржақып ұсталған соң жарты жылдай Қызылорда түрмесіне қамалды. Қатаң тәртіпте ұстады. Ешкімді жолықтырмады. Тек күн аралатып, әкелген тамақтарын жеткізіп тұрды. Кейін Мәскеуге, Бутырка түрмесіне ауыстырды. 1931 жылы ату жазасына кесілді. Кейін сот үкімі он жыл абақты жазасымен ауыстырылады. Беломор-Балтық арнасының құрылысы бойында, Сосновск станциясындағы жазалау лагерінде жазасын өтеді.

Міржақып жазасын өтеп жүрген кезде оны әйелі Ғайнижамал іздеп барып жолығады. Кейіннен қызы Гүлнарға айтып берген естелігі бар. Сонда Ғайнижамал күйеуінің алты жылдан бері қанша азап көрсе де, көп өзгермегенін айтады. Тіпті шашына да ақ түспепті дейді. Кітапты көзілдірік киіп оқитын болыпты. Тек ең жаманы, демікпе дертіне шалдығыпты. Онысы ұстағанда жанын қоярға жер таппай, қиналады екен. Түрмедегі өмірі, тергеуі туралы ашылып ештеңе айтпапты. Ақыры тік жүрген, мойымаған Жахаң, Міржақып Дулатов 1935 жылы 15 мамырда ауыр науқастан қайтыс болды. «Оян, қазақ!» деп соққан жүрек Балтық жағасында тоқтады. Он жыл бас бостандығынан айырған соңғы үкімді еңсере алмады.

1988 жылы республика Жоғарғы соты М.Дулатовтың «Қылмысты ісін» қайта қарап, 4 қараша күні қылмыс құрамы болмағандықтан, оның есімін бір жола ақтады.

Ақынның Сосновец станциясындағы қабірінен қазып алынған сүйегі 1992 жылы 18 қыркүйек күні Қостанай облысы Жангелдин ауданы Бидайық кеңшарына қайта жерленді.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ