Шу мен Созақ: Қарашөкеев пен Нұржігітовке бәрібір, Түркістан мен мәжіліс енді қайтеді?

Осыдан екі жыл бұрын Жамбыл облысын қуаңшылық жайлап, жұрт жайылым жері мен егіс алқабын суаратын су таппай дағдарған.
Билік қуаңшылыққа Қырғыз елін айыптап, көршіміз ортақ өзеннен алар еншімізді бермей отыр деп ақталды. Сол кезде облысты басқарып тұрған Нұржан Нұржігітов қураған 12 мың гектар аумақты құтқарудың амалын ақыры таба алмай қойған. Енді оған қазіргі әкім Ербол Қарашөкеев қосылды.
Бірақ «бір өңірдің шөлін баса алмаған» Нұржігітов кейін су жаңа Су ресурстары және ирригация министрлігінің тізгінін ұстады. Бұл министрлік 2023 жылы 5 қыркүйекте құрылған. Бірақ су шаруашылығымен кәсіби түрде дербес айналысып, елде болуы мүмкін су тапшылығының алдын алуға тиіс мекеме әлі жемісті жұмысымен көзге түсе алған жоқ. Еліміздің кей аймағын су басып, кей өңірі қуаңшылыққа ұшырап жатыр.
Жақында Жамбыл облысында тағы бір су дауы туындады. Шу өзенінің бойында қоныстанған 80 мыңға жуық адамға су жетпей, шу шықты. Бірақ бұл жолғы дауға қырғыз ағайынның қатысы жоқ, өз шенділеріміз – «су иесі» Нұржігітов пен Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев кінәлі. Бір жылдан бері өзеннің төменгі сағасында отырған Түркістан облысы Созақ ауданының тұрғындары тараздық шенділер шөміштен қағып, шөлдетті деп арыз айтып жүр.
Наразы жұрттың айтуынша, Қырғызстан жерінен бастау алып, Жамбыл мен Түркістан облысын басып өтетін Шудың суы етектегі елге жетпей отыр. Басты себеп – Алатаудан жөңкіле ағып келе жатқан өзеннің өзін жол бойындағы қолы ұзын фермерлер бөгет салып, бөгеп алған. Олар өзеннің табиғи аңғарын тосып, суды жеке егіс алқабына, қорасына бұрып алатын көрінеді. Ал су министрлігі мен жергілікті әкімдік осы заңсыз әрекетке көз жұма қарап келген. Созақ тұрғындарының сөзінше, салдарынан аудан аумағы құрғап, экологиялық апат қаупі төніп тұр.
Министр не дейді, халық не дейді?
Шудағы су дауын 2 сәуірде мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай парламент мінберінде көтерді. Ол Мойынқұм ауданындағы бір кәсіпкер өзенді өз қожалығына заңсыз бұрып алғандықтан, Сырдарияға құюы тиіс өзен орта жолда үзіліп, Созақ даласы сорға айналып бара жатқанын айтты. «Тұрғындар тас пен топырақтан бөгет салып, өзеннің ағысын тоқтатып тастаған мойынқұмдық бизнесменге сот жоқ екенін айтып жүр. 12 мың ірі қарасы бар дейді. Дәлел ретінде дронмен түсірілген фото-видеоларын көрсетті. Өзен бірнеше жерден заңсыз бөгелген» деді М.Толықбай.

Депутаттың айтуынша, бұл мәселе бұған дейін де көтеріліп, премьер-министр Олжас Бектеновтің құлағына жеткен. Үкімет басшысы былтыр маусым айында Жамбыл облысына барған сапарында жауапты шенділерден әңгіменің шын-өтірігін сұраған көрінеді. Ал жергілікті атқамінерлер «мұның бәрі – жалған ақпарат» деп Бектеновті, алдап соғыпты. Бектенов те жағымсыз ақпарат естігісі келмеген болар, қазбалап жатпастан кете барған. «Су ресурстары министрі бұл фазенданы неге қорғаштап әлек? Жағдайды білмей ме, әлде кәсіпкерге сөзі өтпей ме, әлде бірге ме» деген депутат су ресурстары министрі Нұржігітовтен тез арада іске кірісіп, Шу өзені бойындағы су реттегіш құралдар мен заңсыз салынған бөгеттерді бұзып, өзеннің табиғи арнасын қалпына келтіруді талап етті.
Халық бір жылдан аса уақыт шыр-пыр болып, әділдік сұрағанда үнсіз жатқан министрлік депутат сауалынан кейін мәселеге мән бергендей түр танытып, депутаттың сөзін жоққа шығарды. Онда Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша Жамбыл облысындағы жауапты шенділер Созақ ауданына барып, тексеріс жүргізгені, бірақ Шу өзені арнасын өз бетінше бұру және заңсыз бөгет тұрғызу фактісі анықталмағаны айтылған.
«Жас Алаш» та министрлікке хабарласып, бірсыдырғы жауап алды. «Барлық суармалы алқап пен су пайдаланушылар су ресурстарының бөлінген көлемінде (лимитте) сумен қамтамасыз етіліп жатыр. 2025 жылғы 27 наурызда Шу өзенінің суы Созақ ауданының Жуантөбе ауылдық округіне жетті. Қазір су аудан шекарасынан 80 шақырым ішке қарай таралып жатыр», – дейді министрлік өкілі.
Ресми жауапта тұрғындар айтып жүрген бөгет 1970 жылдары 10 мыңға жуық тұрғыны бар Комсомол және Мойынқұм елді мекендерін судан қорғау үшін салынғаны айтылған. Ал 12 мың сиыры бар бизнесмен жайлы «Шу өзенінің бойындағы Мойынқұм ауданы аумағында 68 шағын шаруа қожалығы және жалпы 7 500 бас ірі қара малы бар екі ірі ЖШС орналасқан» деп жауап берді.
Су министрлігінің уәжін тұрғындар жоққа шығарып, ешқандай бөгет те жоқ, проблема да жоқ, су жеткілікті деген жауабына таңғалмағандарын айтып жатыр. Біздің билік мұндай жалтарма жауап бергеннен ешқашан ұялған емес. Тіпті бүгін айтқан ақпараты ертең өтірік болып шықса да, еш қысылмайды. Осындайда қарапайым азаматтарға қарсы қолданылатын, аса қатаң «жалған ақпарат таратпау» туралы заңды ресми органдарға да қолданса деген ой келеді. Өйткені біз сөйлескен Созақ тұрғындары министрліктің сөзін жоққа шығарып отыр.

Нариман Қыпшақбаев, экс-министр, гидротехник:
– Шу өзені бұрын Сырдарияға құйған, бірақ оның су ресурсы қазіргі сұранысты қамтамасыз ете алмай отыр. Сондықтан Шу енді Сырдарияға жетпесі анық, оны мойындау қажет. Өйткені өзеннің су қоры белгілі, ол енді өспейді, керісінше, азаюы мүмкін. Ал сұраныс артып келеді. Суды пайдаланудың өз тәртібі болады. Әсіресе мемлекетаралық өзендерде сол тәріпті қатаң сақтау қажет. Су мәселесін тәртіпке салуға басты жауапты мекеме – су ресурстары министрлігі. Шу өзені Созақ жеріне жетпей жатса, соған жауапты министрлік не бітіріп отыр? Солар шешуі керек проблема ғой. Бір өзенге бірнеше өңірден сұраныс болады. Министрлік су көлеміне қарай, әділ бөліп беруі керек. Мысалы, өзенде су аз болса – аз, көп болса – көп бөлу қажет. Өзенде су жоқ болса, амал жоқ. Ал бар болса, көлеміне қарай тиімді пайдалану керек.

Министр Нұржігітов бар бөгетті неге көрмейді?
Шу өзенінің Созақ даласына дұрыс жетпей жүргеніне бірнеше жыл болыпты. 2024 жылдан бастап тұрғындар топтасып, заңгер алып, өз құқығын қорғауға кіріскен. Олар өткен 1 жыл 1 айда Жамбыл облысы Мойынқұм ауданына 18 мәрте барып, жергілікті шенділермен бірге мәселені талқылаған. Құр сөзден нәтиже шықпаған соң облыс әкімдігін сотқа да беріпті.
Шу өзені Қазақстан шекарасынан өткен соң Тасөткел су қоймасына құяды, одар әрі облыс аумағындағы Шу, Мойынқұм және Сарысу ауданын басып өтіп, Түркістан облысының Созақ ауданына жетуі керек. Бірақ Созақ даласы сусырап жатыр. Бұған заңсыз салынған бөгеттермен қоса, өзен бойындағы су сорғыш насостар да кінәлі. Яғни Шу жағасындағы жұрт әр жерге моторы бар су соратын құрылғылар орнатып, жуан резеңке құбырмен суды өз қорасына тартып әкетіп жатыр. Олардың қаншасы заңды, қаншасы заңсыз екені де анық емес.
«Су проблемасы ұзақ жылдан бері шешілмей келе жатыр. Кейінгі жылдары мүлде су келмейтін болды. Былтыр наурыздан бері осы проблеманың соңында жүрміз, қаншама сот болды. Судың жолын бөгеп, қырға қарай бұрып алған. Өзен 57 мың гектар бекер жатқан жерге қарай ағып жатыр. Мойынқұмда төрт ірі шаруа қожалығы бар. Олар мемлекеттен мол субсидия алып, асыл тұқымды сиыр өсіреді. Мойынқұмнан өткен соң өзен солға қарай бұрылып, Созаққа кетуі керек. Бірақ олар тас пен құмнан үлкен бөгет жасап, суды оңға бұрып алып отыр. Осы айтқан сөздерімнің бәріне фото-видео дәлеліміз бар.
Одан бөлек, Тасөткел су қоймасынан Мойынқұмға дейінгі егістік жерде 720 су соратын насос қойылған. Сонда істейтін мамандардың айтуынша, оның 450-і ғана заңды, нақты келісімшарты бар, ал қалғаны есепте жоқ, олардың ақшасы жеке қалтаға кетіп жатыр. Оның үстіне суарылмайтын, жауын-шашын арқылы өсетін егіс алқаптарын суармалы жерге айналдырып алып, дүнген диаспорасының өкілдері пияз егіп отыр. Насос арқылы алынған су осы жерлерге барады. Пиязды бізде жоқ дәрінің күшімен өсіріп жатқан көрінеді, салдарынан улы дәрі жердің құнарын бүлдіріп жатыр деген ақпарат бар.
Міне, осының бәрінің кесірінен бізге мүлде су жетпейтін болды. Жамбыл облысы әкімдігін, Мойынқұм ауданы әкімдігін, Су министрлігін, Талас-Шу бассейнін, «ҚазСуШар» мекемесін сотқа бердік. Бәрімен соттасып жатырмыз. Бірақ одан да оңды нәтиже жоқ. Біз Жамбыл облысының сотына сенімсіздік танытып, істі Қызылорда облысына ауыстыруды сұрап жүрміз. Ол облыстың да Шуға қатысы бар. Бірақ бұл өтінішіміз де орындалмады. Созақ – уран өндірісінен экологиялық зардап шегіп отырған аудан. Оған су жоқтығынан тағы бір экологиялық апат қосылып, оқушы балаларымыздан зоб ауруы шығып жатыр. Қан қысымнан көз жұматындар да көбейді», – дейді Созақ ауданының тұрғыны Ерлан Файзулаев.
Былтыр су ресурстары министрі Нұржігітов Түркістан облысына да барған. Сол сапарында министр Шу бойынша ешқандай бөгет жоқ деп мәлімдепті. Сол кезде Созаққа барып жағдайды өз көзімен көруге уәде еткен, бірақ бөгетті көрген соң Созаққа бармай, орта жолдан «қашып» кетіпті.
Тұрғындар түсірген фото-видео дәлелдермен біз де таныстық. Соның бірінде Нұржігітов «Шу өзенінің ағысы Созаққа бұрылар тұста ешқандай бөгет жоқ, оны 3-4 жыл бұрын сел бұзып кеткен» деп жатқанын естідік. Бірақ кейінгі видеоларда тас және құмнан үйіп жасаған, берік бөгет анық көрінеді. Тіпті белсенді азаматтар бөгет үстіне шығып, соқырға таяқ ұстатқандай бәрін анық көрсетіп жүр. Ал министр не үшін көптің көзін бақырайтып қойып, өтірік айтып тұрғаны түсініксіз.
Әдетте біздің билік трансұлттық өзен бойында су тапшылығы болса, көрші елдерді айыптап шығады. Сырдария тасыса немесе құрғаса – Өзбекстан, Жайық туласа – Ресей кінәлі. Ал Талас пен Шудың тізгіні Бішкектің қолында деп жатады. Бірақ бұл жолы олай ақталуға негіз жоқ. Тұрғындар түсірген видеодан Шу өзені қазақ шекарасынан асқанда ағысы қатты екенін аңғару қиын емес. Бірақ Тасөткелден Мойынқұмға дейінгі аумақта арқыраған өзен жуасып, құяр нүктесіне жетпей жоғалып кеткен.
Жергілікті азаматтардың айтуынша, судың зая кетуіне өзен ағарының тазартылмауы да әсер етіп отыр. Су аңғарын құм мен топырақ басып қалғандықтан, су жайылып, қамыс арасына сіңіп кетіп жатыр. Оның алдын алу үшін су түбіндегі топырақты сүзіп алып, жағаға лақтыратын арнайы құрылғыны пайдаланып, өзенді тазалап отыру керек. Мұның екі пайдасы бар. Бір жағынан аңғарды тазартады, екінші жағынан су жағасын биіктетіп, елді мекендерді тасыған судан қорғайтын дамба жасауға болады. Бірақ министрлік те, облыс әкімдігі де қол қусырып қарап отыр.

Нұржігітов барды жоқ деп, жоқты бар деп, жұртты шатастырғаны болмаса, әкім кезінде де, министр кезінде де Созақтағы су дауын шеше алған жоқ. Ал қазіргі облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тіпті бұл түйеде менің жүгім жоқ деп санайтын сияқты. Бұл мәселе жөнінде жақ ашпай отыр. Әкімдіктің ресми сайты мен парақшаларында су дауына қатысты ешқандай ақпарат жоқ. Әкімнің баспасөз қызметі де біздің қоңырауға және хабарламамызға жауап бермеді. Тек ресми сауал жіберген соң ғана жауап жіберуге уәде етті. Сондай-ақ бұл іске Мойынқұм ауданы әкімдігі пікір білдіргенін айтты.
Аудан әкімдігі таратқан ақпаратқа сенсек, 2 сәуірде әкім Ермек Кәрентаев Созақ ауданынан келген азаматтармен кездесіп, кей мәселе бойынша өзара түсінісіп, көтерілген мәселені бірлесіп шешуге келісіпті. Бірақ бұл ақпаратқа сену қиын. Біз сөйлескен белсенділер ешбір шендіден оңды жауап естімегенін айтып отыр. Кәрентаев ауызша суды бөгемеуге уәде етіпті, ал құжат жүзінде ешқандай келісім жасалмаған.
Тұрғындар жіберген видеожазбалардан Шу өзенінің бойында су соратын техникалар, үлкенді-кішілі су құбырлары қаптап кеткенін байқадық. Тіпті құбырларды автомобиль жолдарының астынан көпір жасап өткізіпті. Бұл да өзен суын жырымдап бөлгендер ұзақ уақыттан бері ешкімнен жасқанбай ашық жұмыс істеп жатқанын аңғартса керек. Белсенді азаматтардың айтуынша, қолы жеткендер жайылымның өзіне өзеннен су тартып алған.
Мәселе осынша ушығып тұрса да министр Нұржігітов пен әкім Қарашөкеев халықтың үніне құлақ түруге ынталы емес. Бірі – бар бөгетті көрмегенсіп, шындықтан жалтарып жүрсе, екіншісі – ештеңе естімегенсіп, үнсіз отыр. Бұлай жалғаса берсе, соңы үлкен дауға ұласуы мүмкін. Өйткені жергілікті шенділерден күдер үзген 80 мың адам Астанаға барып, арыз айтуға ниетті. Наразы жұрт Ақордаға жетсе, Қарашөкеев пен Нұржігітов қалай ақталар екен?..
P.S. Істің беталысына қарағанда, бұл жақын арада шешіле қояр дауға ұқсамайды. Бұған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің үнсіз жатып алуы да себеп деуге болады. Қарашөкеевтің өзі де суға қаталап отыр, Созақты ойлағысы да келмейді. Және мұндай проблемаларды «көрмеуге» сонау ауыл шаруашылығы министрі болып тұрған кезінде-ақ үйреніп алған. Ал 2023 жылдан бері Түркістан облысы әкімінің орынбасары болып келген Көшеровтің үнсіздігі созақтықтар үшін ауыр үнсіздік болып тұр.
«Жас Алаш» Шудың Созаққа жету жолындағы қиындықтарды, дауға қатысты барлық процесті қадағалап отырады. Қазір редакция атынан бірнеше жауапты ведомствоға, мәжіліске, екі облысқа ресми сауал жолданды...
Қуаныш Қаппас