19:15, 08 Қаңтар 2019
«Шымбұлақ» шаңғы тебу мәдениетін қалыптастырмақ
Шымбұлақта шаңғышылар мен сноубордшылар үшін жаңа мүмкіндіктер ашылды. Шаңғымен түрлі трюктер жасағанды жақсы көретіндер енді Gorilla ChimbaPark-те шеберлігін жетілдіретін болады.
Соңғы жылдары тау-шаңғы спортын модернизациялауды тоқтаусыз жетілдіріп келе жатқан «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешені эктрималдарға арнап ТМД көлемінде ең жоғарғы сапаға ие қар паркін ашты. Салтанатты ашылуы 16-қаңтарға белгіленіп отырған бұл паркте бұдан былай фристайлды жаны сүйетін кәсіпқой спортшылармен қоса спорттың бұл саласына енді қызығып жүрген әуесқойлар да сырғанайды. Кешеннің негізгі артықшылығы да осы, – тек кәсіпқойларға арналмағандығында. Сол себепті, ең алдымен, қауіпсіздік мәселесіне мән берілген.Айталық, жылдамдық арттыратын трамплиндер мен джибингтік фигуралардың күрделілігі әр деңгейде. Әркім өзіне ыңғайлы деңгейді таңдай алады. Трамплиннен секіруші бұрынғыдай емес, ұзақ қашықтыққа қалықтай алады. Және трюкті сәтті жасап, оңтайлы қонған жағдайда ары қарай сырғанауды жалғастыра беруіне болады. Әрине, бұл спорт түрінде трюктер ылғи да сәтті бола бермейді, сол себепті, құлаған шаңғышы арнайы қауіпсіздік жастығына құлайды. Мамандар, бұл жастықтардың сапасына сенімді, айтуларынша, құлаған шаңғышы кәсіпқой немесе әуесқой болғанына қарамастан жарақат алудан қорықпауына болады. — Трамплиндер кешені мен джибингтік фигуралар жасалды. Фристайлға қажетті барлық бағыттар қамтылған. Арнайы жастықтар әуесқой шаңғышыларға да трамплиннен секіруге мүмкіндік береді. Қауіпсіздік шаралары толық сақталған, — дейді «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешені маркетинг бөлімінің жетекшісі Владислав Семенов. Тағы бір айта кетерлігі – бағасының қолжетімділігі. Келіп-кететін спортшыларды айтпағанда, мұндай кең ауқымды кешенді салуға кез келген курорттық кешеннің мүмкіндігі жете бермейді. Жеткен жағдайда, құрылысқа кеткен шығын мен күн сайынғы профилактикалық қызметтерге кететін ақшаның есебінен тұтыну бағасы тым жоғары болады. Бұл спорт түріне жіті көңіл бөлетін шетелдерде экстрималдар мұндай паркке кіру үшін қосымша ақша төлейді. Ал, Шымбұлақ бұл қызмет түрінің ақысын жалпы абонементке кіргізіпті.Сноупарк қаңтардың ортасында ашылады дегенмен, құрылысы 1-қаңтарда толықтай аяқталған. Кешен әкімшілігінің айтуынша, соңғы жылдары келушілер қатары артып келеді. Мәселен, 2016-17 жылдары 540 мың қонақ келсе, 2017-18-де 625 мың адам келген. Оның ішінде шетелдік қонақтардың да саны артып келеді. Тіпті, әр демалысын пайдаланып, маусым бойы үзбей келіп тұратын шетелдіктер де бар екен. Осының бәрін ескергенде, Шымбұлақты дұрыс пайдалану, жыл сайын жаңартып, жетілдіріп отыру уақыттың сұранысы деуге болады.Сырғанаушылардың жұмсақ құлауына арналған 13/25 метрлік жастықпен қоса адам көп келетін демалыс күндері тәртіп пен қауіпсіздік үшін арнайы полицейлер жұмыс істейді. Сондай-ақ, қар көшкіні қаупін алдын алу шаралары да назардан тыс қалмайды. Өткен жылы Алматы қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырған балаларды тегін үйрету бағдарламасы биыл да жалғасын табады деп күтілуде. Бұл жоба ақпан айында жұмысын бастамақ. Былтыр аталмыш бағдарлама бойынша 2400 бала тау-шаңғысын тебуді тегін үйренген.Жаңадан ашылған Gorilla ChimbaPark-те наурыз айында халықаралық жарыс өтеді деп жоспарлануда. Ал, 16-қаңтар күні кәсіпқой спортшылар жиналған жұрттың алдында өнер көрсетіп, өзара сайысқа түседі. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар қарастырылған.«Шымбұлақ» тау-шаңғы кешені маркетинг бөлімінің жетекшісі Владислав Семенов осындай шаралар арқылы Алматы қаласы тұрғындары мен қонақтарының тау шаңғысымен сырғанау мәдениетін қалыптастырып, оны арттырғымыз келеді дейді. В.Семеновтың «Жас Алаш» тілшісіне айтуынша, Алматы қаласы тұрғындарының 3 пайызы ғана таушаңғысына қызығады. Алатаудың дәл іргесінде тұрған, 5-6 шаңғы базасы бар Алматы үшін бұл өте төмен көрсеткіш екен. «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешені тұрғындарды сергек спорт түріне баулу үшін оқушыларды тегін сырғанауға үйрете бермек. Сондай-ақ, шаңғы тебеміз деген зейенткерлер үшін аптаның арнаулы күндері Шымбұлақтың төрінен тегін орын беріліп келеді. Фото: shymbulak.com