Сыртқы істер министрлігі Курск облысындағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украина қарулы күштерінің Ресей Федерациясының Курск облысына басып кіруіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Exclusive.kz басылымы хабарлады.
Бүгінде бүкіл әлем Ресей Федерациясының Курск облысының жекелеген аудандарындағы жағдайды үлкен алаңдаушылықпен бақылап отыр. Қазақстан мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатын нақты белгілейтін БҰҰ Жарғысын барлық елдердің сақтауы қажет деп санайтынын атап өткім келеді, – деді Смадияров.
Оның айтуынша, Қазақстан мемлекеттер арасындағы қақтығыстарды тек саяси және дипломатиялық құралдарды пайдалана отырып, тек бейбіт жолмен шешуді дәйекті түрде жақтайды және халықаралық қоғамдастықтың өзара қолайлы шешімдерді сындарлы іздеуге бағытталған кез келген күш-жігерін құптайды.
Бұған дейін Украина қарулы күштері Курск облысындағы 74 елді мекенді бақылауға алғаны хабарланған болатын.