Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:30

Склярдың жаңылтпашы: Өндіріс аз, тұтыну көп, бірақ жанармай жетеді

Роман Скляр
Фото: Жас Алаш коллаж

31 шілде күні ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр қасына төрт министр, бір төрағаны ертіп, баспасөз конференциясын өткізді. Бірақ алтауы отырып, алаш жұртын қуантатындай ештеңе айта алған жоқ.

 Жиналыстан бар есте қалғаны – Склярдың мемлекеттік тілде ежіктеп оқыған баяндамасы, елдегі үшінші АЭС-ті де Қытай компаниясы салатыны жайлы ақпарат және вице-премьердің биыл 300 мың тұрғынды газбен қамтимыз деген уәдесі ғана болды.

Айтпақшы, осы жиында жұрт көңілін күпті ететін тағы бір жайсыз әңгіме айтылды. Роман Склярдың сөзіне сенсек, алдағы уақытта Қазақстанда жанармай бағасы көрші елдермен теңеседі. Әрине, бірден емес, біртіндеп. Бірақ баға нақты қанша уақытта, қаншаға өсетінін Скляр мырза айтқан жоқ. Вице-премьердің сөзінше, Қазақстанда бензин мен дизель көрші елдерден көп арзан болғандықтан, ел экономикасына, мұнай-газ саласына мол зиян келіп отыр.

Склярдың айтып отырғаны, біз бұған дейін сан мәрте естіген ескі әңгіме. Билік басындағылар бұған дейін де бізде жанармай арзан екенін алға тартып, оны қымбаттатпасақ болмайтынын айтқан. Үкімет елдегі арзан отын көрші елдерге контрабандалық жолмен кетіп жатыр деп есептейді. Шенділер не үшін шекараны бекемдеп, заң-тәртіпті күшейтпейтіні түсініксіз. Тіпті елдегі мұнай өңдеу зауыттарын жаңартып, өндіріс көлемін арттыру да қолдарынан келер емес.

Склярдың айтуынша, Қазақстанда жылына 85–90 млн тонна мұнай өндіріледі. Ол тұтыну өндірістен көп екенін мойындай отырып, 2019 жылдан бері елде бензин, дизель және авиакеросин тапшылығы тоқтады деп, өз сөзіне өзі қарсы шыққаны қызық болды. Жыл сайын көктемгі және күзгі егін маусымында дизель тапшы болатынын, елдегі айналдырған 3 зауыттың бірі аяқ астынан жөндеуге жабылса, машинаға құяр бензин жетпей қалатынын біле тұра кейінгі 5 жылда жанармай тапшы болған жоқ дегенді аузы барып айтса Қазақстан үкіметі ғана айтатын шығар. Алысты айтпағанда, биыл шілденің басында бірнеше өңірде АИ-95 маркалы бензин тапшы болып, жүргізушілер шағымданған. Айтпақшы, кейінгі үш жылда Қазақстандағы 3 ірі мұнай өңдеу зауытында кем дегенде 400 мәрте жоспардан тыс жұмыс тоқтаған екен.

Биліктің жартыкеш уәжі

Үкімет биыл қаңтардың аяғында жанармай бағасын мемлекеттік реттеуден бас тартып, мұнай өнімдері бағасын жанармай құю бекеттері өздері белгілеуге мүмкіндік алған. Содан бері бензин, дизель және автогаз бағасы мысықтабандап өсіп жатыр. Жанармай бағасын еркіне жіберу туралы шешім қабылдаған тұста үкімет отын бағасы күрт өспейді деп уәде берген. Обалы не керек, алты айда бензин бағасы шарықтап кеткен жоқ. Бірақ бұл жалпылама көрініс қана. Жанармай құю бекеттері бағаға бір жолда 1–2 теңге ғана қосқандықтан, шынайы жағдай жұрт назарынан тыс қалып отыр.

Биыл қаңтарда елде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 205 теңге болған. Қазір Алматыда оны 218–222 теңгеге құясыз. Ал дизель бағасы 295 теңгеден 319 теңгеге дейін жетті. Яғни 6 айда бензин – 17 теңге, дизель – 24 теңге қымбаттады. Мұның қаншалық үлкен сома екенін түсіну үшін статистикаға жүгінейік. 2017 жылы 130 теңгеден сатылған АИ-92 маркалы бензиннің бір литрі 2021 жылдың басында 152 теңге болды. Яғни 4 жылда 22 теңге ғана өскен. Бұл кезде баға мемлекет бақылауында болған. Ал 2021 жылдың аяғында 180 теңгеге жетті. Яғни бір жылға жетпейтін уақытта 30 теңге қымбаттап, оған дейінгі 4 жылдағы көрсеткіштен асып түсті. Бұл кезде билік бағаны еркіне жіберген. Мұндай қымбатшылықтың соңы Қаңтар оқиғасына ұласып, үкімет жанармай бағасын қайта қолға алды. Соның әсері болар, АИ-92 бензині 2022 жылы қаңтардағы 182 теңгеден 2025 жылғы қаңтарда 205 теңгеге ғана өсті.

Енді салыстыра беріңіз. Бұған дейін үш жылда 23 теңге ғана қымбаттаған жанармай биыл алты айда 17 теңгеге қымбаттап кетті. Роман Скляр осының өзін азсынып, бағаны көршілермен теңестіреміз деп отыр. Оның айтпағы, АИ-92 Өзбекстанда – 440, Қырғызстанда – 399, Ресейде – 380 теңге тұрады, Қазақстандағы баға да осы мөлшерге жетуі керек. 2023 жылы билік ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен бензин бағасын теңестіреміз деп бір бүлінген, ақыры бұл жоспар кейінге қалды.

Шенділердің айтуынша, біздің Қазақстан әлемдегі жанармайы өте арзан елдердің бірі. Иә, бұл ақпарат рас, Қазақстан жанармайы ең арзан 20 елдің қатарына кіреді. Бірақ бұл – шынайы статистиканың жартысы ғана. Тұрғындардың табыс деңгейін ескерсек, біздің елде бензиннің қолжетімділігі орташа деңгейде ғана. Билік Швейцария, Сингапур, Норвегия сияқты мемлекеттерде бензин құны мың теңгеден жоғары екенін алға тартады. Бірақ ол елдердің табыс деңгейі бойынша есептесек, біз әлдеқайда артта қаламыз. Мысалы, Норвегияда орташа жалақыға 2 200 литр бензин құя алады. Ал Қазақстандағы орташа жалақыға 1 200 литр ғана бензин келеді. Басқаша айтқанда, табысы жоғары елдерде бензин қымбат болса да, қалтаға салмақ салмайды. Ал біздің елде арзан бензиннің өзі табысы төмен тұрғындарға қымбат көрінеді.

Сондықтан үкімет статистиканың өздеріне тиімді тұсын ғана есепке алмай, тиынның екінші бетін естен шығармағаны жөн. Егер халықтың табысы өспей, әлеуметтік маңызы бар тауар саналатын жанармай құны шарықтап кетсе, нарық бұзылуы мүмкін. Отын қолжетімсіз болса – тасымал қымбаттайды, тауар бағасы өседі. Бұл экономиканың барлық саласына әсер етеді. Көршімен күй таластырғыш Скляр осыны ескерді ме екен?..

Мұнай-газ сарапшысы Абзал Нарымбетов «Жас Алашқа» елде өндіріс төмендеп, сұраныс артып келе жатқанын айтқан. Бұған саладағы төмен баға әсер етіп отыр. Маманның айтуынша, баға төмен болғандықтан, тұтынушылар көбейіп, сұраныс артады. Екінші жағынан қарағанда, төмен баға өндірушілерге тиімсіз, сол үшін олар бұл салаға қаржы құйып, өндірісті үлкейткісі келмейді. 

Мұнай құбыры – қазақтың күретамыры

Қазақстан экономикасы мұнайға тәуелді екенін елдің бәрі біледі. Мысал ретінде еліміздің сыртқы саудадағы экспорт көлемінің 50 пайыздан астамы мұнайға тиесілі екенін айтсақ жеткілікті. Бірақ өз жерімізден шыққан «қара алтынды» өзіміз игере алмаймыз. Қазақстанда өндірілген мұнайдың 60 пайызға жуығын елдің батысындағы Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз кеніші береді. Бұл кен орындарын шетел компаниялары тиімсіз шарттармен ұзақ жылға жалға алған, өнім толықтай экспортқа шығады, ішкі нарыққа бір тамшы мұнай бермейді.

Бұл кен орындарын АҚШ, Италия, Ұлыбритания сынды батыс елдерінің Shell, TotalEnergies, ExxonMobil, Inpex, Chevron сияқты үздік мұнай өндіруші компанияларынан құралған халықаралық консорциум игеріп келеді. Бірақ өркениетті әлемнің өкілдері Қазақстанда ойына келгенін істеп жүр. Қазақ билігінің дәрменсіздігін пайдаланып, тиімсіз шартқа қол қойып алғаны аздай, сол шарттағы талаптарды да толық орындамайды. Ең берісі, экологияны қорғамай, қоршаған ортаға зиян келтіріп жүр. Ел үкіметі осыны негізге алып, халықаралық сотқа шағым түсіріп, Қашаған кенішін басқаратын NCOC консорциумына кіретін Eni SpA, Shell Plc, Exxon Mobil Corp және TotalEnergies SE фирмаларына 2,3 трлн теңге (4,2 млрд доллар) айыппұл салуды сұраған. Ең қызығы, алғаш шағым түскенде 2,3 трлн теңге 5,1 млрд доллар болатын, арада жылдар өтіп, теңге құнсызданып кеткендіктен, арыздағы сома 4,2 млрд долларға түсіп қалды.

Бірақ осы соманың өзін өндіріп ала алмадық. Халықаралық сот консорциумның сөзін сөйлеп шықты. Яғни Қазақстан үкіметі сотта оңбай жеңілді. Бұған дейін 10 жылға созылған «Стати ісінде» де жолымыз болмаған. Қысқасы, халықаралық алпауыттармен алыста әлсіз соғып, есемізді жіберіп жүрміз. Сондай-ақ ел мұнайының көп бөлігін өндіріп отырған Теңізшевройлды – 2033, Қарашығанақты – 2038, Қашағанды – 2042 жылыға дейін шетел компаниялары жалға алған. Осы мерзім аяқталмай бұл кеніштерді қайтара алмаймыз.

Ол аздай, өз мұнайымызды өз қалауымызша экспорттай да алмаймыз. Қазақстан мұнайының 80 пайызы Ресей аумағындағы КТК құбыры арқылы экспортқа шығады. Мәскеу Астанаға өкпелеген күні құбырды тарс жауып, кілтін қалтасына салып, теріс қарап жатып алады. Кремльдің көңілін тауып, «кілтті» алу үшін Астана тағы жайылып жастық, иіліп төсек болуға мәжбүр. Мамандар Мәскеудің бопсасынан босау үшін КТК-ға балама жол табу керек деп санайды. Бұл Қазақстан билігінің де көптен бері ойда жүрген арманы.

Қазақстанды Ресейдің бұл бопсасынан құтқаратын маңызды жол – Транскаспий халықаралық дәлізі. Бұл жобаны жүзеге асыру оңай емес. Кремльмен кетіспей, көңілін аулай жүріп, жаңа бағытты ашуға тура келеді. Бір жақсысы, бұл жобаны өз өнімін Еуропаға саудалау үшін Қытай қолдап отыр. Сондай-ақ Түркия да оған қолдау танытатын сыңай танытып жүр. Бірақ жеме-жемге келгенде Анкараның ағайындығы қандай болары белгісіз.

Жақында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанның шақыруымен Анкараға барды. Ердоған Тоқаевқа «екінші отаныңызға қош келдіңіз!» деп құрмет көрсетіп жатты. Сарапшылар осы кездесуде қос тарап Транскаспий дәлізін дамыту жайлы сөйлескенін айтады. Қазақстан түрік кәсіпкерлерімен бірге жаңа теміржол, порт және жүк терминалын салуға ниет білдірген. Ердоған Астана мен Анкара арасындағы сауда айналымын 15 млрд долларға жеткіземіз (қазір 5 млрд) деді. Соған қарағанда, Қазақстанға Түркия бизнесі инвестицияны арттыруы мүмкін. Сондай-ақ Түркия азаматтары енді Қазақстанда 3 ай визасыз жүре алады. Біз бұған дейін Астана Пәкістан порттары арқылы Үнді мұхитына жол табу үшін Ауғанстанмен ара-қатынасын жақсартуға тырысып жатқанын айтқан едік. Үнді мұхиты мен Каспий теңізі Қазақстан үшін Ресей мен Қытайды айналып өтіп, үлкен әлемге шығуға мүмкіндік беретін жалғыз жол. Осы екі бағыт ашылса, жат қолындағы қазақ мұнайы Кремльге жалтақтамай, саудаға шығар ма еді, қайтер еді? Оған дейін... жанармай бағасын өсіруге көне тұруға тура келетін сияқты.

Қуаныш Қаппас