Су тасқыны. Биыл да қар көп, биыл да дайынбыз
Қазақстанда су тасқыны кезеңіне дайындық басталып кетті. Өткен жылғы «апокалипсистен» қорқып қалды ма, әлде биыл да ұрыс естігісі келмеді ме, әйтеуір жауапты ведомстволар мен жергілікті органдар «жүгіріп жүр».
Іс жүзінде қалай екені белгісіз, бірақ есептер мен уәделер жағы жаман емес. «Қазгидромет» болжамдарын жасаған, осы жылдан бастап ақпарат беру мен консультацияны мықтап қолға аламыз дейді. Су ресурстары және ирригация министрлігі де «ананы жасадық, мынаны аяқтадық» деп брифинг өткізді. Ал төтенше жағдайлар министрлігі су жаңа комитет кірпік қақпай жұмыс істеп жатқанын, өңірлердің бақылауда екенін хабарлады. Бірақ бұл жылда айтылатын құлақ үйренген сөздер. Содан да болар, халық үрейлі.
Былтырғы су тасқыны мен шығындар
Өткен жылы да министрлер мен әкімдер су тасқыны қаупі кезеңіне 100 пайыз дайынбыз деген. Одан арғысын айтпайық. Он облыста төтенше жағдай режимі жарияланып, апаттық-құтқару жұмыстарына ТЖМ ғана емес, қорғаныс, ішкі істер министрліктері мен Ұлттық гвардия, ҰҚК, мемлекеттік күзет қызметі, ақыр соңында еріктілерге дейін араласты. Үкімет бірде әкімдерді кінәлады, бірде соңғы 80 жылда болмаған табиғи апат деп ақталды. Не де болса, алдын алу қолдан келмеді. Ал салдарлар мемлекеттік бюджетке ауыр тиді. Мыңдаған адам үйсіз қалып, мал қырылды, кәсіпкерлік субъектілері шығынға ұшырады. Оған қоса, инфрақұрылым зардап шекті. Үкіметтің 2024 жылдың соңында жасаған есептеріне сүйенсек, 36,4 мың отбасыға бір реттік әлеуметтік көмек тағайындауға – 13,3 млрд теңге; 21,8 мың отбасыға компенсация төлеуге – 10 млрд теңгеге жуық; 3,6 мың отбасыға АӘК беруге – 656 млн теңгеге жуық; зардап шеккен үйлер мен саяжайларды жөндеуге, жаңасын салуға, сатып алуға кемі – 118,7 млрд теңге; ШОБ шығындарын өтеуге – 12,1 млрд теңге; фермерлерге өтемақыға – 3,5 млрд теңге бөлінген.
Мұндай шығын мен апаттың негізгі себебі дайындықтың әлсіздігі екені айтылды. Тасқын күшейіп жатқан уақытта, алдын алу шараларына бөлінген 7 млрд теңгенің жартысы игерілмегені де шу тудырғаны есімізде. Бірақ бұл таңғалатын жайт емес. Осыған дейін де миллиардтаған сома қарастырылғанымен, су тасқыны жыл сайын қайталанып келген. Мәселен, 2010 жылы Алматы облысындағы Қызылағаш ауылында су қоймасының бөгеті жарылды, 2011 жылы Батыс Қазақстан облысында су тасыды. 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында, 2013 жылы Қарағанды облысындағы Көкпекті су қоймасында бөгеттен ақаулар шығып, 2014 жылы Ақмола облысында тасқын болды. Кейінгі жағдай ушыға түскен. 2015 және 2017-2018 жылдары бірден бірнеше облыста су көтерілді. 2020 жылы Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданы, 2022 жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстары зардап шекті. 2023 жылы да төрт облыста жағдай қайталанды. Ал 2024-тің көктемінде он облыста ТЖ режимі жарияланып, 120 мыңнан астам азамат эвакуацияланған.
Бірнеше облыста қауіп жоғары
Қазақстандықтар, әсіресе су тасқыны кесірінен үйсіз-күйсіз қалып, бірнеше ай бойы үрей құрсауында өмір сүргендер өткен жылғы жағдай қайталана ма деп қорқады. Оны өңірлерді аралап келген депутаттар да мәлімдеген. Болжамдар да жақсы емес. «Қазгидрометтің» зерттеулеріне сүйенсек, биыл да бірнеше облыста жоғары қауіп сақталып отыр. Ол туралы мемлекеттік кәсіпорынның ресми өкілімен сөйлестік.
«Биылғы болжамдар жасалып, жарияланды. 2025 жылғы көктемгі тасқын кезеңіне арналған алдын ала болжам бойынша, Абай, Қарағанды, Ұлытау, Ақмола, Қостанай, Ақтөбе облыстары және ШҚО, СҚО, БҚО жоғары қауіп аймақтары деп танылған. Бұл есептер суық кезеңде жауған жауын-шашын мөлшеріне, жердің мұздану тереңдігіне, жер бетінде мұз қабатының болуы сияқты факторларға негізделген. Болжам ауа райы жағдайларына байланысты нақтыланып, жаңарып отырады. Осы жылдан бастап әр облысқа жеке, терең талдаулар жүргізіп, консультация беріп отырамыз. Күрт өзгерістер байқалса, 2-3 күн бұрын ескертеміз», – дейді Аружан Мұратова.
Енді дайындыққа келсек. Су және ирригация министрлігі жақында су тасқынының алдын алу тақырыбында брифинг өткізді. Ең қызығы да, маңыздысы да – бюджет. Вице-министр Нұрлан Алдамжаровтың айтуынша, биылғы алдын алу шараларына деп «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнына 2,3 млрд теңге берілсе, «Демеу Қазақстан» қоры 29,3 млрд теңге бөліпті. Белгіленген шаралардың 50 пайыздан астамы атқарылып қойыпты-мыс. Өңірлерде гидротехникалық құрылыстарды күтіп ұстауға арналған ұйымдар құрылған. Оларды облыстық әкімдіктер қаржыландырады екен. Министрлік өкілдері дабылды ескертетін ақпараттық жүйе әзірлеп жатқандарын да жеткізді. Құрылғанына бір жылдан енді асқан ведомство өткен жылғы су тасқыны кезінде сынға іліге қоймады. Тепкінің бәрі ТЖМ мен әкімдіктерге бағытталды. Ал ендігі су тасқыны қаупі кезеңінде жағдай күрделене қалса, бірінші «ұрыс еститіндердің» қатарында министр Нұржан Нұржігітов тұр.
ТЖМ-ның хабары жоқ бюджет
ТЖМ-ның да жауапкершілігі көп, шаруасы шаш-етектен. Олар өткен жылғы жағдайдан соң төтенше жағдайлардың алдын алу комитетін құрған. Осы комитеттің дерегінше, қазір су басу қаупі болжанған аймақтарда 1 223 елді мекен бар.
«Жалпы, өңірлерде 1 400 су тасқынына қарсы шара іске асырылды. Елді мекендерді қорғау үшін 576 шақырым қорғаныш бөгеттері салынған. Ал елді мекендердің ішінде жаңбыр мен дренаж жүйелері жөнделіп, жаңалары салынуда. Сонымен қатар елді мекендерден қар шығару үшін қауіпсіз полигондар алдын ала анықталған. 960 автомобиль және темір жолдардың астына су өткізу құрылыстары орнатылды және ауыстырылды, 658 километр каналдар мен арықтар құрылды. 74 өзеннің қауіпті учаскесінде 300 километрден астам тереңдету мен жағалауды нығайту, 190 километр тазарту жұмыстары жүргізілді», – делінеді ресми хабарламада.
Ал қарастырылған қаржы жағы белгісіз күйі қалып отыр. ТЖМ-ның ресми дереккөздерінде бұл туралы мәлімет жоқ. Ведомствоның баспасөз қызметіне хабарласып, осы жөнінде сұрадық. Олар: «Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінеді. Бізде ақпарат жоқ», – деп жауап берді... Демек, ТЖМ биылғы су тасқынының алдын алу шараларына қанша теңге қарастырылғанынан бейхабар. Бірақ министр Шыңғыс Әрінов «біз бәрін бақылап отырмыз, аралап жатырмыз, дайындық жоғары» деңгейде дейді. Негізгі жауапты деген ведомствоның бірі бюджет туралы хабарсыз болса, дайындықтың жоғары екеніне сену қиын сияқты. Өйткені қалай айтсаңыз да бұл бірнеше министрліктің, бірнеше әкімдіктің ортақ шаруасы.
Кеше өткен мәжілістің жалпы отырысына қатысқан Әрінов алдымен депутаттардан сөз естіді. Олар «жаңадан құрылған комитет не істеді?», «1 200 елді мекенді қорғай аласыздар ма?» деген сауалдарын жолдап жатты. Артынан журналистер де талқыланған заң жобасы туралы емес, су тасқынына қатысты алаңдаушылық білдіріп, сауалдарын қойды. Біз де су тасқыны кезеңіне дайындықтың қалай жүріп жатқанына қызықтық. Министр жоғарыдағы сандар мен статистиканы келтіріп, «шенділерге тән» бірсарынды жауабын берді:
«Бөлімдер дайын. Өткен жылы да жоғары кәсібилік көрсеттік. Тек техникамен, байланыспен қиыншылықтар болды. Биыл оның бәрін жақсылап реттедік. Жалпы 1 400 шара өткізілді. Жұмыстар жалғасады. Жақында жауапты комитет техникалық әзірлік бойынша қорытындысын береді».
Осыдан кейін өзге де журналистер жылда бір жауап естиміз, бірақ жағдайды көріп отырмыз деп, сұрақтарын жаудырды. Оған Шыңғыс Әрінов: «Дайынбыз дедік, дайындығымызды көрсеттік. 120 мың адамды эвакуацияладық. Адам өлімі болған жоқ. 80 жылда болмаған табиғи апатқа төтеп бердік. Оны да айтуымыз керек. Комитет әлі де дайындықты тексеріп жатыр», – деп жауап берді.
Ал «егер биыл да дайындық әлсіз болып, өңірлердегі жағдай ушықса, орныңыздан кетуге дайынсыз ба?» деген сауалға: «Істеген, істемеген істерім үшін жауап бере аламын, жауапкершілікті өзім аламын. Жағдайға қарай жұмысымыздың бағасын сіздер, халық, басшылар береді. Мен кез келген шешімге дайынмын», – деп қысқа қайырды.
Еске сала кетейік, өткен ақпанда да Әрінов үкімет отырысында сөз сөйлеп, республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу негізінде басқару органдарының күштері мен құралдарының дайындығы нақты тексерістен өтті деген. Облыс әкімдері де дәл биылғыдай дайындық барысынан фотолар мен видеолар жүктеп, сансыз статистикаларын жарыса жариялаған. Артынан 7 миллиардтың жартысы игерілмегені анықталып, салдармен күреске бірнеше жүздеген миллиардтар кетті...
Баян МҰРАТБЕКҚЫЗЫ