Судыр Сәтқалиев, саудагер Ақкенженов және ашулы ОПЕК+

Өткен аптада ОПЕК+ ұйымына мүше сегіз ел онлайн бас қосып, Қазақстанның мұнай өндірісін квотадан асырып жібергенін талқылады.
Осыған дейін Қазақстанның ұйым квотасын орындамай, мұнай өндіруді қайта-қайта арттырып, рекорд орнатуы осы топтың мүшелерінің, соның ішінде Сауд Арабиясының наразылығын тудырған. Биыл жыл басынан бері ОПЕК+ Қазақстанды мұнай өндірісін қысқартуға, артық өндірісті шектеуге шақырып жүр.
Өткен бейсенбідегі кездесуде Қазақстанның энергетика министрлігіне өндіріске қатысты талаптарды орындаудың маңыздылығы түсіндірілді. Ұйым мүшелері тіпті бұдан былай мұнай өндірісінің жоспарын бұзғандарға қысым көрсетуге де келіскен. Жиында тосын шешімдер айтылды. Мәселен, бұл басқосуға дейін ОПЕК+ елдері мамыр айында мұнай өндірісін тәулігіне 135 мың баррельге ғана көтеруді жоспарлап отырған. Жиыннан кейін ұйым осы жоспарын күрт өзгертіп, мамыр айында өндірілетін мұнай көлемін тәулігіне 411 мың баррельге дейін өсіруге келісті. Сегіз ел бірдей өндірісті ұлғайтатынын жариялаған сәтте-ақ нарықта мұнай бағасы бірден 5 пайызға арзандап сала берді. Қазірде қара алтынның бір баррелі әлемдік нарықта 63 доллар болып қалды.
«Өндірісті ұлғайту нарықтағы жағдайға байланысты уақытша тоқтауы немесе алынып тасталуы да мүмкін» деп ескертті ұйым.ОПЕК+ елдері бірауыздан келісіп, өндірісті көтеру арқылы осыған дейін квотаға бағынбаған мемлекеттерді «жазалағысы» келеді. Себебі мұнай көп болса оның нарықтағы құны да арзандайды. Мұндайда белгілеген межеге бағынбай мұнайды көп өндірген мемлекеттерге арзан мұнайдан түсетін пайда да мардымсыз болады.
Жалпы, Қазақстан OПЕК+ келісіміне сәйкес мұнай өндірісін тәулігіне 1,468 млн баррельден асырмауға тиіс. Алайда біздің өндірген мұнайымыз 2024 жылдың басынан бері квотадан асып кетіп, ұйым алдындағы міндеттемесін қайта-қайта бұзды. Мұндай жағдай биыл да қайталанды. Наурыз айында халықаралық S&P Global Commodity Insights ұйымы ОПЕК+ келісіміне мүше елдердің міндеттемелерін орындауы жайлы есепті жариялаған. Қазақстан осы есепте «бас кейіпкер» болды. Ресми мәліметтерге сәйкес, 2025 жылғы ақпанда Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі тәулігіне 1,77 млн баррельді құраған. Бұл бекітілген 1,468 млн баррельдік квотадан 302 мың баррельге артық. Биыл ақпан айында Теңіз кен орнында тәулігіне 920 мың баррель мұнай өндірілген. Қалған үлес Қарашығанақ пен Қашағандікі. Қазақстан 2024 жылғы артық өндірілген мұнай үшін де ОПЕК+ алдында өтемақы жасауға міндеттелген.
Сәтқалиев ашуландырып кеткен ОПЕК-тің тілін кім табады?
Ал бұған қатысты экс-энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев биылғы жыл басталғалы қайта-қайта шұғыл мәлімдеме жасап, министрліктің ОПЕК+ келісіміне толықтай адал екенін айтып, ақталып жүрген. Сәтқалиев квотадан асып кеткен өндіріс көлеміне өтемақы төлеп, басқа міндеттерді де толықтай орындайтынына сендірген. Министрлік мұнайды артық өндірудің себебі ретінде Теңіз кен орнындағы Болашақты кеңейту жобасын (БКЖ) көрсетті (америкалықтар Теңіз кен орнындағы кенішті кеңейтуге 48 млрд доллар бөлген).
Өз кезегінде экс-министр Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарын игеретін халықаралық мұнай-газ компанияларының басшыларымен кездесу өткізіп, келіссөздер де жасап көрді. АҚШ-қа ұшып барып та Total, ExxonMobil, Shell, Chevron секілді алпауыт компаниялардың басшыларына мұнай өндіруге қатысты ұсыныс айтты. Бірақ оның жыл басынан бері ауыз жаппай айтумен болған «Қазақстан ОПЕК+ келісіміне адал. Барлық міндеттемелерді орындайды» деген жағынған сөздерінен түк шықпады.
Сәтқалиевтің орынбасары Әлібек Жамауов наурыз айынан бастап Қазақстан мұнай өндіруді тәулігіне 1,5 млн баррельге азайтатынын айтқан. Жамауов бұл ретте негізгі қысқарту Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы тасымалданатын мұнайға тиесілі болатынын мәлімдеген. Ал наурыз айындағы деректерге сүйенсек, министрлік бұл уәдесін де орындамапты. Керісінше, наурызда Қазақстандағы мұнай-газ өндіру көлемі 2,18 млн баррельге дейін өскен. КҚК арқылы тасымалданатын мұнайдың көлемі де еш қысқармаған. Ақыры 18 наурызда Сәтқалиев лауазымынан босатылып, орнына Ерлан Ақкенженов тағайындалды. Қазір «Сәтқалиев «ОПЕК+ті алдап кетті» дейтіндер де бар. Оның осындай жағдайда министр болған Ақкенженовке артылар жүк ауыр. Енді ол ОПЕК+ алдындағы міндеттерді де, мұнай-газ өңдеу зауыттарын салу және мұнай өнімдері өндірісін дамыту жөніндегі тапсырмаларды да орындауы керек.
Мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов қалыптасқан жағдайдың оңай еместігін, су жаңа энергетика министрінің сыналатын тұсы алда екенін айтады.
«ОПЕК+ талабын орындамау Қазақстанның репутациясы үшін жақсы жаңалық емес. Бірақ біз мұнай өндірісінің көлемін төмендете де алмаймыз. Себебі Қазақстанның кірісі тікелей сатылған мұнайға, одан түскен табысқа байланысты. Қазақстанда негізінен мұнайды Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындары игеріп жатыр. Ал енді бұл кен орындарының негізгі акционерлері шетелдік инвесторлар. Бұл компанияларда АҚШ, Еуропа, Қытай, Жапония, Лукойлдің үлестері бар. Ең қиыны, бұл шетелдік акционерлерге Қазақстан үкіметі мұнай өндіруді төмендету туралы тікелей талап қоя алмайды. Энергетика министрлігі отандық кен орындарын игеріп отырған шетелдік инвесторларға мұнай өндірісін қысқартуға қатысты тек ұсыныс қана жасай алады, күштеп талап қоя алмайды. Инвесторлармен әу баста жасалған келісімдер бар. Сол келісімдерге байланысты олардың мұнайды көп шығаруға құқы бар. Демек, бұл жерде екі мәселе бар. ОПЕК+ ұйымына берген уәдеміз бар және мұнайымызды игеріп жатқан инвесторлармен келісе алмай отырғанымыз тағы бар. Сондықтан жағдай өте күрделі. Бұл арада дипломатия мықты болуы қажет. Сауатты мәміле керек. Жаңа энергетика министрі енді осы қырынан сыналады», – дейді ол.
Ақкенженов те асықпайды
Негізінде, мұнай өндіруші инвесторлар мен мемлекет бір мәмілеге келіп, жобаларды ынтымақтаса орындауы қажет. Алайда шетелдік инвесторлар көбіне өзінің пайдасын ойлап тұрады. Келісімдерді де өз пайдасына ыңғайлайды. Экономист-ғалым Бейсенбек Зиябековтің сөзіне сүйенсек, Қазақстан ірі мұнай өндіру жобаларынан өте аз түсім көріп отыр.
«Осы уақытқа дейін біз шетелдік инвесторларға жайлы орта қалыптастырдық, олардың еркелігін көтердік. Бізде мұнайды игерушілермен келіскенде «Өнімді бөлісу келісімі жасалған». Осы келісім бойынша мұнай өндіруден түскен пайданың 80 пайызын шетелдік инвесторлар алады. Ал біз 20 пайызын ғана өзімізде қалдырамыз. Мысалы, биыл көл-көсір мұнай өндіріп, оны сыртқа саттық. І тоқсанда тәулігіне 2 миллион баррельден асатын мұнай өндірдік. Сол үшін ОПЕК+ елдерінің де шамына тидік. Алайда мұнай рекордтық деңгейде өндірілсе де Ұлттық қорда түсім аз, бюджет тапшы. 2025 жылдың І тоқсанында Ұлттық қорға 520 миллиард теңге ғана түскен, 1,45 триллион теңге шешіп алынған. Ұлттық қор биылғы үш айда инвестициялық табысты есепке алмағанда, шамамен 2 миллиард долларға кеміген. Мұнайдан түсетін түсімнің 80 пайызы шетелдік инвесторлар қалтасына кетіп жатқанда біз көп мұнай өндіру арқылы экономикалық табысқа жете алмаймыз. Сондықтан бірінші кезекте үкімет Теңіз, Қарашығанақ, Қашаған келісімдерін қайта қарауға қол жеткізу керек.
Екіншіден, қазір біз үшін мұнайдан өнім алу маңызды. Мысалы, Норвегияда мұнай мен газды қосқанда 15 млрд көлемінде қор бар. Бізбен салыстырғанда мұнай қорлары екі есе төмен ел, бірақ олардың өнім алуы бізден 50 пайызға көп. Сондықтан біз үшін шикі мұнай өндірудің ай сайын артып отыруы емес, мұнай өнімдерінің көбеюі тиімді. Қазір Қазақстанда мұнай өнімін көтеретін бірде-бір маңызды жоба жоқ. Елдегі үш үлкен кен орны 100 пайыз мұнайын сыртқа сатуға жібереді. Келісімшартта солай көрсетілген. Орта және шағын мұнай кәсіпорындары, шағын мұнай өңдеу зауыттары өнімдерін ішкі нарыққа сатады. Ішкі нарықтағы баға экспортқа қарағанда екі есе төмен. Бізге осы ішкі нарыққа мұнай өнімін сататындарға жағдай жасау керек. Жаңадан ұңғымалар қазылып, ішкі нарыққа мұнай өнімін сататын инфрақұрылым жаңаруы керек», – дейді экономист.
Ерлан Ақкенженов аспаннан түскен жоқ, бұған дейін энергетика вице-министрі болды, мұнай-газ секторын қадағалады. Оны энергетик емес, мұнай саудалаушы дейтіндер де бар. ОПЕК+ онлайн жиынынан кейін жаңа министр әзірге жоспарын ашып айта қоймады. Білетініміз, қазір министр арнайы жұмыс тобымен мұнай өңдеу саласын дамытудың 2040 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Ал салалық мамандар үкіметке нақ қазір 15-20-30 жылға жоспар құрып тастауды қоя тұрып, осы шақта қалыптасып отырған күрделі мәселелерді дереу шешуді үйрену керек деп жүр. Соған қарағанда, Ақкенженов те асықпайды.
P.S. «Жас Алаш» министрліктің атына ОПЕК+ шешімінен кейін министрлік қандай шаралар атқарады?! Шетелдік акционерлерге қандай ұсыныстар айтылады?! Жалпы, саланы таяу үш жылда дамытуға қатысты қандай жоспар, нендей мақсат бар екенін сұрап, ресми сауал жолдады.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ