Тәңіршілдік – дін емес

Басқаны қайдам, бала күнімде молда атамның тәрбиесінде өстім. Ол кезде имамды сыйлап, төрден орын беріп, бізге молданың немересі дейтін.
Ал қазір дін әбден саясиланған. Неше түрлі ағымдар мен қозғалыстар көп. Қысқасы, қайсысы қара екенін ажырата алмайсың. Өзің адасып, жұртты да шатастырасың.
Жалпы қазір әлеуметтік желіге кіре қалсаң, дін тақырыбын қозғамайтын адам кемде-кем. Қасарысқан қауым. Бәрі шетінен білгіш. Тек өз жолын, өз ұстанымын дұрыс санайды. Біреуі – уақапшы, біреуі – гүленші, енді біреуі – зікірші. Уақапшылар, яғни «салафиттерің» өз ішінде неше түрлі ағымға бөлінеді. Мадхалиттер, хабашиттер деген секілді. Оның қайсысы радикалды, қайсысы «жұмсақ», ал айырып көр. Суфистер де солай: зікірші, тәкпірші, тарихатшы, Исматулла мен Құрбанәлінің мүридтері дегендей. Тәңіршілдер де дәуірлеп тұр. Гүленші, нұршы, сүлейменші дейсің бе, түрікшілдер де қақ жарылған. Бәрі осал емес. Нәтижесінде дінді жеккөрінішті еттік. Ал дін дұшпандарына керегі де – осы.
Тәңіршілдік наным-сенімі тек түркі халықтардың, соның ішінде қазақ халқының төл діні емес. Бұл – ежелгі барлық қауымдардың ортақ нанымы. Мұндай сенімдер барлық құрлықтарда, әсіресе Солтүстік және Оңтүстік Америка, Африка, Солтүстік Азия және Австралиядағы бейсауат қауымдарда көне замандардан белгілі болған. Л.Гумилев ежелгі қытайлықтарда түрік ұғымындағымен бірдей көк тәңір нанымы болғанын растайды. Көне Қытай, Мысыр, Рим, Месопотамия елдерінде көк тәңір туралы нанымдардың болғандығын, аталмыш елдердің патшаларының атағы көбіне «Көктің ұлы», «Күннің ұлы», «Аспанның перзенті» боп аталғандығын «Древние тюрки» атты еңбегінде дәлелдейді. Ғалымдар көк тәңірі туралы нанымды тәңірлер және тәңірсымақтар туралы культтерден бұрын болған ең тұрпайы наным деп бағалайды және мұндай тұрпайы сенім ең шалғай құрлықтарда да болғаны ғылыми ақиқат. Әрине «Тәңірі сенімі», «Көк тәңірі» немесе «Тәңірлік дүниетаным» бар. Ол қалыптасқан мәдени құндылық. Біз мұны жоққа шығара алмаймыз. Ал біздегі кейбір азаматтар тарих қойнауына кеткен тәңіршілдікті қайта тірілтпек. Ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрді жаңғырту мүмкін болмағанда, «дінім – ислам, құдайым – Алла, пайғамбарым – Мұхаммед, қасиетті кітабым – Құран» деген ұмытылған нанымды қайтпек?
Түркі халықтарының ешқайсысы да «Біздің ұлттық дініміз, ата-баба дініміз тәңіршілдік» деп ұрандағанын көрмедік. Тәңіршілдік барша түркілердің ортақ нанымы екенін ескерсек, расында да ақиқат дін болса, өзге бауырлас түркілер неге жаңғыртуға тырыспайды?
Тәңіршілдік – дін емес. Өйткені дін болуы үшін сүйенетін негіздері, іргетасы болуы тиіс. Және сүйенетін адам болуы керек. Мәселен, ислам дінімізде сүйенетін кітабымыз – Құран. Бізге пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) келді. Алла Тағала сол арқылы, періште арқылы барлық адамзатқа осы ислам дінін насихаттады. Солай мұсылман болдық. Ал тәңіршілдер өздерін мұсылманбыз дейді. Бірақ неше түрлі кері пікірді ұстанады. Ата-бабаларымыздың өзі тәңіршілдік хақында ешқандай сөз айтпаған және ондай нәрсені ұстанбаған. Абай атамыз «Алланың өзі де рас, сөзі де рас. Рас сөз ешуақытта жалған болмас» дейді. Адам баласы бұл тәңіршілдікті не үшін ұстанып, не үшін насихаттап отыр десе, олардың түбінде саяси астар жатыр десек те болады. Жалпы адам шынайы дінді ұстанған уақытта бұл діннен алшақтататын және бездіретін жаулар пайда болады. Адамның ойын өзгертуге, сенімін өзгертуге тырысады. Негізгі мақсаты – исламшылықты, мұсылмандықты жойғысы келуі, – дейді ол.
Тарихи деректер бойынша, VIII ғасырдың ортасынан бастап қазақ даласына ислам дінінің келуімен түркі халықтарының арасында бұрын-соңды болмаған өрлеу мен даму басталды. Қалалар пайда болды, кітапханалар, ауруханалар, мешіттер, базарлар салынды. Өркениет пен мәдениет қарышты қарқынмен дамыды. Философия, логика, медицина, математика, астрономия, оптика, өнер, сәулет, музыка – мұның бәрі даму ренессансын бастан өткерді. Әлемдік масштабтағы ғылымдар мен өнерлердің негіздерін салған біздің аймақтан шыққан ғалым, мұсылмандар – Ибн Сина, әл-Фараби, әл-Хорезми, әл-Бируни, Ұлықбек және тағы басқалар болды. Сол тұста Қазақстан аумағында жиырма алты қала болған. Олардың арасында көптеген сауда, саяси және мәдени байланыстар болды. Оның үстіне, бүкіл аймақ «Жібек жолы» керуені арқылы әлемдік экономикалық және мәдени жүйеге енген. Өзара мәдени байыту мен алмасудың тұрақты жаһандану процесі болды, өркениет өркендеді. Мұның бәрі ұлан-ғайыр кең дала халықтарын надандық зұлымдығы мен пұтқа табынушылық тираниясынан азат еткен Исламның арқасында мүмкін болған.
Зерттеуші Бекен Қайратұлы: «… отарлаушылар таңған тағы бір қисынсыз ұстаным – Тәңір діні дейтінге келсек, бұл ары кеткенде байырғы көшпенділерге тән тұрмыстық салт қана. Отарлаушылар әртүрлі ғибадат жасап қиналмайтын, күнәлі істерден адам баласын тыймайтын, оқып-жаттайтын жалбарыну сөздері жоқ, жеп-жеңіл жалған дүниені дін деп тықпалаудағы мақсаты – халықты тек исламнан тайдыру еді. Мысалы, ағартушы-миссионер Николай Ильминскийдің «Қазақтарға «сендер мұсылман емессіңдер, сендердің діндерің басқа, ата-бабаң тәңір дінін ұстаған» деп түсіндіру қажет, бұл ұғым толық орныққан жағдайда оларды христиан дініне кіргізу оңай болады» деген құпия ұстанымын 1860 жылы патша үкіметіне жазған құпия хатында келтірген» дейді.
Кейбір зерттеушілердің айтуы бойынша, қазақ даласында тәңіршілдік жолмен жүретіндердің саны 200 мыңдай екен. Әр апта сайын осы бағытты ұстанатын 20-30 адам жиналып, түрлі тақырыпта әңгімелесіп отырады. Олардың арасында ғалым, жазушы, әнші, суретші, басқа да өнер адамдары бар. Ол жерде уағыз айтылмайды, тек өмірдің заңдылықтары туралы әңгіме өрбиді. Зерттеп қарасақ, тәңіршілдікті жақтайтындар да, оны тарихтың қойнауына енген ескі салт деп қарайтындар да баршылық екен. Бұған түрколог, академик Қаржаубай Сартқожаның «Шын мәнінде, сахалар және басқа түркі халықтары тәңіршілдік туралы толық біле бермейді. Сонау түркі империяларының кезіндегі дүниетанымның сарқыншақтары ғана қалған. Кейбір Еуропа тарихшыларының жазбасымен «Шаманизм» немесе «Тәңіршілдік» аталып кетті. Діннің аты бүгу болатын. Тәңіршілдіктің ғибадатханасы ретінде Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштерін атауға болады. Ол ғибадатханаларға адам жерленбеген, тек түрлі жоралғы өтіп отырған. Тәңіршілдік – бабаларымыздың тарихы. Біз сол тұрғыдан қарастырамыз, әрі зерттейміз» деген пікірі дәлел.
Түрлі талқылаулар әлі болып жатыр. Бола береді де. Өйткені тәңірге сенетін қазақтар өз ғибадатханаларын салғысы келетін ойын білдіріп жүр емес пе? Сондықтан тәңіршілдер туралы түсінік алдағы уақытта да талай талқыланатын тәрізді.