Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:22, 17 Қазан 2023

Тәңірдің кім таласар бермесіне?

1
Фото:

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Несіпбек Айтұлы дүниеден өтті.

Тағдырдың жазғанымен ата-бабасы шекара асып, арғы бетте дүние есігін ашқан ақынның маңдайына атамекен топырығында гүлдеп, қанат жаю бұйырыпты. Абай мен Шәкерім туған өлкенің шежіресі мен аңызына құлақ түре жүріп, өзі де сөзге ынтығып, әңгімеге елітіп өсіпті.

Өлеңнің машақаты мен әдеби өмірдің аласапыранын өз қатарынан бұрын сезінген ақын өмірінің соңына дейін қаламынан айырылған жоқ. Тұсауын «Лениншіл жастың» бетінде Мұқағали Мақатаев кескен Несіпбек Айтұлы шығармашылық жолын балалар әдебиетінен бастайды. Балдырғандарға жаза жүріп, рухани өмірдің қаға берісінде қалған елеусіз тақырыптарға барды. Өсе келе құлашы кеңіп, тынысы ұлғайып, көп ешкім бата бермейтін дастандарға ауыз салды. Ол еңбегі ескерусіз де қалған жоқ.

Несіпбек Айтұлы өмірге ынтызар көңілімен адамның болмысындағы нәзік иірімдерді қапысыз танып, қалтқысыз жазуға тырысты. Әсіресе әндерге жазған өлеңдері қазақ тыңдарманының құлағына майдай жақты. Оның сөздерінде дүниенің терең сезінісі мен алапат тебіренісі жатты.

Тіршілікке іңкәр, дариға-ғұмырға құштар ақын көңілінің бір түкпірінде ажал дейтін сұрапылдың көлеңкесі бұрыннан жатыпты. Бұл, сірә, кез келген пенденің ойында болғанымен, айта алмайтын сөзі болса керек.

Сыйлаған біреуге сор, біреуге бақ,

Тағдырдың түсі суық күрең қабақ.

Шаңдатып, шерулетіп біз де өтерміз,

Қаларын қай қуыста кім аңдамақ?

Қазақ әдебиетінің қалың оқырманына, ақынның отбасына қайғыра көңіл айтамыз. Несіпбек Айтұлының ардақты есімі қазақ өлеңімен бірге ғұмырын жалғастыра бермек. 

 

                                                                                                                        Жасалаштықтар

 

 

                                                      Шуағын шашып өткен жан

Несіпбек Айтұлы ел, жер туралы, айналасындағы адамдар жайлы, табиғат, махаббат туралы көп дүние жазды. Әсіресе оның ел қорғаған, халқына қорған болған батырлар туралы жазған дастандары біздің есімізден еш уақытта кетпейді. Жақында «ауруханаға түсті» деп естігем, «жазылып кететін шығар» деп үміттенгенмін. Әттең, олай болмады. Өмірден ертерек қайтқаны әрине өте өкінішті.

Несіпбек өз ілтипатымен, ізетімен көңілімізде мәңгілік қалады. Оның енді рухани өмірі басталды. Отты, ерлікке толы рухты жырларымен айнала төңірегіне жылуын, шуағын шашып өмір сүре береді.

Өмірде Несіпбекпен жақынырақ араласып кетпедім, соңғы жылдары ол Астанаға кетті, біз Алматыда қалдық. Бірақ мен оның шығармашылығын үнемі қадағалап жүрдім. Әрине, тіршілікте бәріміз де пендеміз, кейде артық ауыс бірдеңелерді айтып қаламыз. Несіпбек те сөйткен болар, аңдамай айтқан сөздері бар шығар, бірақ оның жаны таза еді, ет жүрегі елжіреп, айналасына соншалық мейіріммен, қайырыммен қарайтын азамат еді.

Н.Айтұлы 50 жасқа толғанда Тұрсын Жұртбай, Жүрсін Ерман қатарлы азаматтармен бірге Тарбағатай ауданына бардым. Сонда керемет кеш өтті. Кейін оның шығармашылығы жөнінде мақала жаздым. Өз басым оның азаматтығын, ақындығын жоғары бағалаймын.

Артыңнан ерген інілердің қазасына көңіл айтып, қайғысына ортақтасқаннан ауыр дүние жоқ.

Алдың жарық, артың кеніш болсын, Несіпбек!

                                                                                                                     Темірхан Медетбек

 

 

                                                        АЛ, ДҮНИЕ...

                                                          (реквием)

                                                                       Несіпбек-Ақынға.

Уай...

Бай-бай-ай –

Дүние-Жалған-ай...

...Арман-ай!

Тура-Ажалына,

Ара –

Тұра алмай,

«Абайынан» –

Айырылған,

Қам-Қазақтың –

Кешегі,

Қалың-Қайғысын –

Со-Күйі,

Қарау-Тағдыр –

Бүгін...

Қайыра –

«Басына»,

Салғаны-ай...

...Нағашыма –

Бергісіз,

Жиенім:

Жыр-Құнарым –

Өлең-Киелім,

«Жауға» –

Шапсам,

Салар –

«Ұраным»,

«Өмірем» –

Қапсам,

Оқылар –

«Құраным»,

Едің –

Менің...

...Жаным –

Жүдеп,

Жылап –

Жүрегім,

Сырқырап –

Сай-Сүйегім,

Мазам –

Болмай,

«Орының» –

Толмай,

Сөзім –

Уланып,

Көзім –

Суланып,

Көңілім –

Буланып...

...Несібім-

Бегім,

Түп-Тұқияным –

Иенім,

«Тамұқтай» –

Тарынып,

Селкілдеп –

Тұр,

Иегім...

...Ал,

Дүние...

                                             ИРАН-ҒАЙЫП

 

                 Кетіп барасың, қайран дос

Несіпбекпен дос болған жылдардың енді алыстай беретінін ойлаған сайын бір өксік тамағыма тығылады. Қайран достың қазасын естіп, ес жиям дегенше, өксігімді басам дегенше біршама уақыт өтті. Көңілді сендіріп, жүрекке қаралы хабарды орнықтырам дегенім дәлі қазір мүмкін еместей.

Екеуміз бала кезден бірге өскен дос едік. Университетке бірге түсіп, әдебиет табалдырығын бірге аттап, бірге жүріп едік. Енді, міне, сол күндерімнің куәсінен көз жазып отырмын.

Несіпбек қазақ поэзиясына жаңа бет ашқан ақын десем еш артық болмайды. Халық поэзиясын әбден меңгерген талант еді. Біздің поэзияда кеміс қалған дастан, поэма жанрын қайта түрлендіріп, түлеткен Несіпбектің алдында ешкім түсе алмайды. Ешкім бәсекелес бола алмайды. Дастандарымен ұлттық тарихымыздың тұтас галереясын жасады. Қабанбай, Бөгенбай, Бердіқожа, Шақантай, Кенесары, Тайжан, Наурызбай батырлар туралы жазған туындылары әдебиетіміздің үлкен қазынасына қысылмай қосылды.

Несіпбек ажалмен арпаласты. Үш-төрт жыл өмір үшін күресіп, барын салды. Бірақ тағдырға шара, ажалға айла жүрмейді. Оның қадірін қатарластарының бәрі білді. Несіпбек алып талант еді.. Енді қайтеміз... Кетіп барасың, қайран дос.

Бақұл бол, мәңгілік жолдас!

                                                                                                           Жүрсін Ерман

 

                                                         Қош, біздің Нес-аға!

Несіпбектің біздің курстастардың арасындағы орны ерекше бөлек еді. Алғаш рет республиканың түкпір-түкпірінен журналистика факультетіне келіп оқуға түскен кезде Несіпбек бізден гөрі айналасындағы әдебиетшілерді, журналистерді көбірек білетін-ді. Міне, содан бері Несіпбек ылғи алдыңғы қатардан көрініп жүрді. Әу баста, жаңадан оқуға түскен кезде қатарымызда ақындар көп болды, бірақ кейін олар біртіндеп азая берді, ал Несіпбек сол алғашқы шабысынан еш танған жоқ. Кейіннен қазақтың қабырғалы ақынына айналды.

Несіпбектің әсіресе тарихи дастандары, сосын әнге жазылған мәтіндері өзіне тән стилімен ерекшеленіп тұратын. Оның жырларындағы айшықты тіл, терең қазақы психология оқырманын тәнті етті. Несіпбекті сол үшін де мақтан тұтатынбыз. Өз қатарласымыз болса да курстастары түгелдей оны «Нес-аға» деп атадық. Өткенде бір осындай суық хабарды естіп қамығып қалдық. Кейін ауырғанын біліп «қайтадан қатарға қосылатын шығар, жасы ұзақ болатын болды ғой» деп ойлап жүр едік, бүгін тағы жайсыз хабар естіп, қабырғамыз сөгіліп, айтар сөз таппай қиналып тұрмыз.

Несіпбекті халқы қадір тұтты. Ел-жұрты сыйлады. Бала-шағасын, үрім-бұтағын өсіріп, жетілдірді. Ол бақытты ақын.

Жатқан жерің жанат, топырағың торқа болсын, Несіпбек! Бұрын да алда едің, әлі де алдасың. Қош!

                                                                                                                   Намазалы Омашов

 

                                                          Біздің ұстазымыз еді

Алыптар көшінің соңындағы бір алыбымыздан айырылдық. Алдымен қара ормандай қазақ әдебиетінің оқырмандарына қайғыра көңіл айтамын.

Н.Айтұлы – «бостандық жырының бозжорғасы» атанған, көзі тірісінде елінен де, мемлекетінен де бағасын алған ақын. Қазақ өлеңінің бағы үшін Мұқағали айтатын: «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» деп барын салған, жанын салған ақын. Кешегі Ілиястардың Құлагер тынысының қазіргі қазақ поэзиясындағы көрінісі осы Несіпбек Айтұлында болатын. Ол қазақ даласының, қазақ ұлтының береке-бірлігін жырлап өтті. Ешкімді алаламай, алаштың аруағын аспандатып, ұлттың рухын көтерген батырлар мен би-шешендерінің жеке-жеке поэмалық галереясын жасады.

Несағаң неше буын, неше ұрпақ ақындардың ұстазы еді. Қазақ сөзінің мәйегін, нәрін, бар мүмкіндігін халыққа танытқан шығармалары оның ғұмырын ұзақ қылары сөзсіз.

Әдебиетте, өнерде ұлылар үндестігі деген ұғым бар. Н.Айтұлы Шығыстың жеті ғұламасының бірі – Әлішер Науаиды аудару арқылы өзі де ғұламалық биікке жеткен ақын.

Ағамыздың алдынан жарылқасын.

                                                                                                                Дәулеткерей Кәпұлы