Тендерге түскен Досаев. Алматы әкімінің сыналғаны да ақша

Алматы әкімі Ерболат Досаевты қала тұрғындары жиі сынайды. Жақында тағы да бір сынға қалды. Олай дейтініміз, 18 желтоқсанда Астанада Досаевтың 2024 жылды қорытындылаған брифингі өтті.
Сол жерде қала әкімдігінің билікті сынайтындарды анықтайтын мониторинг жүргізетіні де айтылып, бұған қатысты сұрақтар қойылды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ДОСАЕВ ТҰРҒЫНДАР ТӨСЕГЕН ЖОЛДЫ ӨЗ ЕСЕБІНЕ ЖАЗЫП ЖҮР
Өзі тендер жариялап, өзі жеңімпаз атанады
2023 жылы сәуір айында Қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік сатып алулар арқылы желідегі ақпаратты бақылауға тапсырыс берген. Әкімдік БАҚ пен блогерлер қала билігінің және қала басшысы Ерболат Досаевтың жұмысын қалай бағалайтынын білгісі келген. Тендер жеңімпазы Alem Research компаниясы 4,6 млн теңгеге Досаев туралы кім не жазып жүргеніне анализ жасаған. Rasaitam telegram каналының жазуынша, тапсырысты орындаушы әкімдіктің тапсырмасы бойынша Алматы қаласы әкімінің атына жазылған жағымды, жағымсыз және бейтарап пікірлерді бақылауға алуы тиіс болған. Досаев атына жазылған «негатив» пікір былтыр шілде айында көп жазылған. Мысалы, 12 мың пікірдің 10 725-і «негатив». Осы уақытта әкімдіктің әл-Фараби және Абай даңғылдарындағы жолдарды бір мезгілде жөндеу туралы шешімі тұрғындардың наразылығын тудырған.
Дәл осыған ұқсас тендер былтыр да өткізілген. 2023 жылы мемлекеттік сатып алу порталында жарияланған Қоғамдық даму басқармасының тендері алдымен өтпей қалған. Кейіннен тағы да жарияланған лотты Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Мониторинг-талдау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны ұтып алған. Келісімшарт біріншісінде ашық конкурс арқылы өткізілсе, екінші рет бір көзден тікелей берілген. Қысқаша айтқанда, әкiмдiк өз бөлiмiн жай ғана қаржыландырып отыр. Қаражаты да аз емес, былтырғы тендердің сомасы – 190 млн 625 мың теңге.

Алматы әкімдігі биыл да осындай лотты ақпан айында жариялаған. Сомасы былтырғы тендерден 70 млн-ға жуық көп, яғни 259 623 214 теңге. Биыл да тендер алғаш рет ашық конкурс арқылы жарияланып, өтпей қалды да, кейін қайтадан құжаттарға өзгерістер енгізіп жарияланды.

Биыл да жеңімпаз әдеттегідей Қоғамдық даму басқармасының «Мониторинг-талдау орталығы» болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ФИНАНСИСТ ДОСАЕВ ПЕН ӘЙЕЛІНІҢ КӨРІНБЕЙТІН МИЛЛИАРДТАРЫ
Досаев не дейді?
Алматы әкімі брифинг барысында бұл әлемдік практикада бар екенін, мұндай зерттеу «мемлекеттік орган жұмысындағы кемшіліктерді анықтау» үшін қажет екенін айтқан. Ал жағымсыз пікірлерге қатысты «көңілі толмайтындардың әлеуметтік статусын анықтау үшін» қажет деп жауап берген.
«Бізге күшімізді қайда бағыттау керегін түсіну үшін осындай зерттеулер қажет. Егер сын көп айтылып жатса, демек, біз бір нәрсені дұрыс істемей жатырмыз дегенді білдіреді. Бұл муниципалитеттердің жалпы тәжірибесі», – дейді Досаев.

Енді Алматы әкімдігі желіде айтылып жатқан сындарға дайын ба деген сауал туады? Мысалы, мониторинг нәтижесінде қала әкімін жиі сынап жүргендер: YouTube арналар арасында Аiran, «Гиперборей», Jurttyn balasy, Бәсе, «Уақыт көрсетеді», «Обожаю» арналары, БАҚ арасында Ulysmedia және «Азаттық радиосының» аты аталады. Ал жеке адамдардан Жанболат Мамай, Абай Ерекенов, Абзал Достиярдың тізімі бар.
Бәлкім, бұл кездейсоқ болар, бірақ жергілікті БАҚ-тағы ақпаратқа қарағанда былтыр осы тізімге енген белсенді Мәдина Көкетаева қыркүйекте Алматы әкіміне тұрғын ретінде сауалдарын қоймақ болған. Бірақ әкімнің халықпен кездесуі өтіп жатқан мектепке барар жолда оны полицейлер ұстап алып, патрульдік көлікке отырғызып, полиция бөліміне апарып, екі сағат бойы жібермей қойған. Сондай-ақ бақылау тізімінде бар тағы бір белсенді Абзал Достияр қыркүйекте ұсталып, 15 тәулікке қамалған. Досаевты сынап жүрген журналистердің тағы бірі Асхат Ниязовтың Telegram-арнасы 2023 жылдың соңында кибершабуылға ұшырады. Алдымен белгісіз біреулер оның арнасына бот-шабуыл жасап, кейін оның Telegram нөмірін бұзып, арнасын бұғаттап тастаған. Осы тізімде бар «Азаттық радиосының» жағдайы да мәлім, былтыр сыртқы істер министрлігі Азаттықтың 36 журналисіне аккредитация бермей, біраз дау болды.
Өзін сынағандарды анықтауға ақша жұмсау – абсурд
Liberty қорының президенті, құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуовтің айтуынша, Досаевтың сыни пікірлерді жинау үшін тендер жариялауы – абсурд. Alem Research халықтың ақшасын бөліп алуға бағытталған жобаның нағыз мысалы.

«Қазір әлеуметтік желіде 500 мың доллардың тендеріне сын айтылып жатыр. Бұл қаржының дұрыс жұмсалмай жатқанын білдіреді. Миллиондаған тендер мұндай қызметтен гөрі белгілі бір өндіріске немесе әлеуметтік жобаға жұмсалуы керек еді. Мұның орнына ақша әкімдікте мақсатсыз жобаларға жұмсалып жатыр. Қалада аудандық мәслихат немен айналысып жатыр? Олар қала бюджетін жұмсаудан қолдары босамайды. Олар өздері үшін миллиондаған қаржыны игеруге жұмыс істейді. Бізде басты проблемалар елеусіз қалып қойып жатады. Досаевтың 500 мың долларды өзін сынағандарға жұмсауы енді – абсурд. Әкімдік, керісінше, сынағандарды анықтағанша, адамдарға көмек көрсету керек. Қалада мүмкіндігі шектеулі адамдар көп. Досаев бұл проблемаларды шешемін дейді де, іс жүзінде ештеңе істемейді. Alem Research халықтың ақшасын бөліп алуға бағытталған жобаның мысалы. Әкімдіктің тендер жариялау тәсіліне келсек, дәл осы ойды айтуға болады. Әрине, тендерде бөтен адамдар жоқ. Өздері жариялады, өздері жеңімпаз атанды. Бұл ақшаны өз ішінде бөліспей ме? Басқаша мұны қалай атаймыз?! Құқық қорғау органдары жарияланып жатқан тендерлердің қайда кетіп жатқанын, қомақты қаржының біреудің қалтасына түсіп кетпеуін үнемі қадағалап отыруы керек деп ойлаймын», – дейді құқық қорғаушы.
«Демократиялық елдерде әкім өзіне қатысты сын айтқандар тізімін жасауға ресурс жұмсамайды»
Ал журналист Жолдас Өрісбайдың айтуынша, Алматы әкімдігі тапсырыс беру арқылы жүргізген мониторинг мәселелерді шешуден гөрі қарсы пікір айтушыларды анықтауға ұқсайды. Себебі қала әкімдігі тапсырыс бергенде қаладағы мәселелерге қатысты сауалнама не фокус топпен зерттеу емес, әлеуметтік желілерде нақты әкімге қатысты сын пікірлерді топтастыруға ден қойылған.

«Әкім халықпен кездесуде бұған қаражат бөлгеніне қатысты сұраққа «жалпы әлемдік практика» деп жауап берген екен. Бұл оны демократиялық елдерге қатысты айтты ма, әлде автократиялық па, белгісіз. Автократиялық елдерге қатысты айтса, түсінікті. Бірақ демократиялық елдерде әкім өзіне қатысты сын айтқан белсенділер мен медиа ресурстар тізімін жасауға ресурс жұмсамайды. Мысалы, АҚШ-та федералды үкімет социологиялық институттар көмегімен өзекті мәселелерге қатысты қоғамдық пікірді анықтайды. Бірақ ол анонимді түрде өтеді. Францияда сары жилет кигендер протесті кезінде француз президентіне қатысты әлеуметтік желілерде жаппай сын айтылды. Француз үкіметі интернеттегі белсенділікті бақылады. Бірақ олар сыншылар тізімін жазу үшін емес, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жасады. Ерболат Досаевтың халықпен кездесуі қарсаңында оны жиі сынаған белсенділерді полиция ұстауы да желідегі мониторинг нәтижесін теріс пайдалану күдігін тудырады. Әрине, бұл сәйкестік болуы мүмкін. Бірақ Алматы әкімшілігі интернеттегі сынға қатысты есепті не мақсатта пайдаланатынын ашық айтпаған соң, оның үшінші мекемелерге кетіп қалу қаупі сақталады. Демократиялық елдерде сынды басуға емес, оған жауап беруге басымдық беріледі. Алматы әкімдігінің бұл практикасы, қайткенде де, жергілікті билікке сенімді төмендете бермек. Одан да, әкім өзіне қатысты сентименттерге этика және заң шеңберінде баға беріп, сынды өз қызметін жақсартуға бағыттаса, оған деген қоғам сенімі ұлғая түсер еді», – дейді журналист.
P.S. Алматы әкімдігінің мемлекеттік сатып алудағы тендерлеріне қатысты туындап жатқан дау бірінші рет емес. Мысалы, Алматы қаласы мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Наиля Мүліковаға қатысты қазір сот процесі өтіп жатыр. Біз Мүлікованың тендерлерге қатысты әрекеттерін «Мәдениет саласындағы тендерлер. Тергеліп жатқан Майлыбаевтың қай орынбасары?» деген атпен бұдан бұрын жазған едік. Мүлікова мемлекеттік сатып алу порталындағы тендерлерді туысы атынан «Безендіру kz» деген компания ашып, сол арқылы 456 млн теңгелік 8 тендерді жеңіп алған. Сөйтіп бюджетке 100 млн теңгеге жуық шығын әкелген.
Тұрсынбек БАШАР