Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:04, 30 Қаңтар 2024

Аккредитациясыз «Азаттық». Депутаттардың ұсынысы – сөз еркіндігіне қысым

Азаттық
Фото: из открытых источников

26 қаңтарда медиақауымдастық өкілдерінің қатысуымен онлайн-брифинг өтті. Брифингте елімізде қабылданғалы жатқан «Масс-медиа» туралы заңға толықтырулар енгізу талқыланды. Мәжіліс депутаттары – Никита Шаталов пен Анас Баққожаев аккредитация алмаған шетелдік БАҚ өкілдеріне елімізде жұмыс істеуге тыйым салуды ұсынған. Кездейсоқтық па, әлде шынымен осы оқиғаға тұспа-тұс келді ме, қаңтар басында сыртқы істер министрлігі Азаттық радиосының 36 журналисіне аккредитация бермейтінін хабарлаған.

Егер бұл ұсыныс БАҚ туралы жаңа заңға енгізілетін болса, «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне қатер төнген жағдайда» сыртқы істер министрлігі шетелдік ақпарат құралдарына елімізде жұмыс істеуге тыйым сала алады. Заң нормалары бұзылған жағдайда, шетелдік ақпарат құралдарының қызметі соттан тыс тәртіпте тоқтатылуы мүмкін. «Бұл шешіммен келіспейміз» деген Азаттық радиосы сотқа жүгінетінін мәлімдеді. Азаттық радиосы аталған ұсынысты «биліктің Азаттықты жауып, редакция журналистеріне Қазақстанда жұмыс істеуге тыйым салуға талпыныс» деп бағалады. Ал ұсынысты енгізуді сұраған депутат Никита Шаталов: «Заңды белгілі бір басылымға арнап жазбаймыз. Басқа елдерден келіп, аккредитациямен жұмыс істейтін журналист көп. Азаттыққа қарсы емеспіз. Бар болғаны медианарықта тәртіп болғанын қалаймыз» деп жауап берген. Екі депутаттың ұсынысынан кейін еліміздегі БАҚ өкілдері Азаттық журналистеріне аккредитация бермеу сөз бостандығын тежеу деп, өз қарсылықтарын білдіріп жатыр.

Жалпы, Азаттық радиосының тілшілеріне аккредитация бермеу мәселесі бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатыр. Мысалы, елімізде 2019 жылы президент сайлауы кезінде Азат Еуропа/Азаттық радиосының жеті журналисіне (Чехия, Ресей, Қырғыз Республикасы) Қазақстаннан ақпарат таратуға сыртқы істер министрлігі рұқсат бермеген. Және оның себебін түсіндірмеген. 2020 жылы Азат Еуропа/Азаттық радиосы (АЕ/АР) медиакорпорациясы президенті Джейми Флай Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіге хат жолдап, Азаттық тілшілеріне биліктің аккредитация бермеуін «заңсыздық» деп атаған болатын. Бұл жағдай тек Қазақстанда ғана емес, Азаттық Тәжікстанда, Өзбекстанда, Қырғыз Республикасында, Ресейде жиі қысымға ұшырайды. Тілшілеріне аккредитация бермеу мәселесі жиі болады. Мысалы, көктемде Қырғыз елінде Азаттық радиосы жабылатыны туралы хабарлар тарады. Тәжік билігі де 2012 жылдары Азаттыққа хабар таратуға тыйым салды. Өзбекстанда 2005 жылы Әндіжандағы тәртіпсіздіктер кезінде президент Ислам Каримов оппозициялық БАҚ-ты жағдайды жариялағаны үшін сынағаннан кейін оның көпшілігі жабылған. Азаттықтың Өзбекстан редакциясы тек 2015 жылы ғана бұғаттан шықты. Ал Владимир Путин билікке келген жылдары Азаттықтың орыс қызметінің редакциясы да осы мәселелерге тап бола бастады. 2017 жылы Азаттық радиосын Ресей әділет министрлігі «шетел агенттері» тізіміне енгізді, 2022 жылдың көктемінде Ресей билігінің қысымымен Мәскеудегі «Азаттық» бюросы жабылды. Украинаға соғыс ашып, Ресейде әскери цензура енгізілгеннен кейін Ресей қызметінің сайттары мен оның көптеген әлеуметтік желілердегі аккаунттары Роскомнадзор тарапынан бұғатталды. Енді кезек Қазақстандағы Азаттық радиосына келген сияқты.

Аккредитация бермеу арнайы ұйымдастырылып отыр ма?

«26 қаңтардағы масс-медиа туралы заңға толықтыру енгізуді де кездейсоқтық деп айтуға болмайды. Қазақстанда ұжым болып жұмыс істеп жатқан, ең ірі, тіпті жалғыз халықаралық БАҚ – Азаттық радиосы. Азаттық ішкі аудиторияға ақпарат дайындаумен айналысады. Бюрода тек Қазақстан азаматтары жұмыс істейді. Жаңа заңдағы екі баптың бірі – аккредиттелмеген журналистер жұмыс істесе компанияның аккредитациясын алып қою мәселесі, екіншісі – «ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіруі мүмкін» деп тапқан жағдайда сыртқы істер министрлігі аккредитация бермей қою. Екеуі де тікелей Азаттыққа бағытталған болуы мүмкін деп күдіктенеміз. Алдағы уақытқа болжам жасау қиын. Бұл жерде шешім қабылдайтын – Қазақстан билігі. Билік еліміздегі сөз еркіндігін, демократиялық БАҚ мәселесін, азаматтардың құқығын бұлай аяққа таптауы дұрыс емес. Әлі де олар ойланып, оң шешім қабылдауға тиіс. Алдағы уақытта журналистерімізге аккредитация береді деп үміттенеміз», – дейді Азаттық радиосының бюро жетекшісі Қасым Аманжол.

Елімізде Азаттық радиосының тілшілері жиі шабуылға ұшырайды. Оларға оқиға орнынан хабар таратуға кедергі келтіретін жағдайлар болып тұрады. Журналистерге шабуылдаған әйелдер тобы немесе түсірілімге кедергі келтіретін қолшатыр ұстағандар жазаланған емес. Азаттық радиосынан бөлек елімізде БАҚ өкілдеріне жиі шабуыл жасалады. 2023 жылдың өзінде бірнеше журналист шабуылға ұшырады. Атап айтқанда, «Гиперборей» YouTube-арнасының авторы Вадим Борейконың пәтерінің есігін монтаж көбігімен бітеп, операторы Роман Егоровтың екі көлігін, журналист Динара Егеубаеваның бір көлігін өртеп жіберген. UlysMedia сайтына хакерлер шабуылдады. Elmedia YouTube-арнасы да шабуылға ұшырап, есігін сындырып кеткені хабарланды. ҚазТАГ агенттігінің Алматыдағы кеңсесіне ұры түсіп, екі ноутбук ұрланған. Қазақстан қоғамы бұл жайттардың бәрін кездейсоқтық емес деп бағалап жатады.

«Сыртқы істер министрлігі аккредитация бермеу арқылы сөз еркіндігіне қысым жасап отыр»

Жалпы, кейінгі екі жыл көлемінде сыртқы істер министрлігі Азаттық журналистеріне анық себебін көрсетпей, аккредитация беруден бас тартып келе жатыр. Мысалы, Азаттық радиосы тілшілеріне аккредитация алу үшін кейінгі екі жылда 15 өтініш түсірген. Бірақ одан еш нәтиже болмаған.

Қасым Аманжол
Фото: orda.kz

«Өтінішіміздің 90 пайызына «игнор» жасады. Тіркемей келіп, уақытын өткізіп жіберіп отырды. Сыртқы істер министрлігінің шетелдік ақпарат құралдарын және оның журналистерін тіркеу жөнінде арнайы ережесі бар. Сол ереже бойынша министрлік өтініш түскен мерзімнен бастап ерекше тыйым болмаса екі ай көлемінде шетелдік БАҚ өкіліне аккредитация беруге міндетті. Олар сол екі айды өткізіп, ресми жауап бермей, созып-созып келді де бірден 36 журналисімізге «аккредитация бермейміз» деп хат жолдады. Оны екі түрлі себеппен түсіндірген. Бірі – «осы уақытқа дейін аккредитациясы жоқ журналистер жұмыс істеді» деген уәж айтқан. Ал оған – аккредитацияның жоқ болуы немесе уақытының өтіп кетуіне тікелей өздері кінәлі. Біз қанша арыз түсірдік. Қабылдамады. Олар соны себеп етіп көрсеткен. Екінші себеп – былтыр қыркүйек айында шымкенттік заңгер Әлішер Турабаев деген азамат Азаттықты «жалған ақпарат таратты» деп сотқа берген. Бір мақалада біздің «Ұжымдық қауіпсіздік және келісімшарт ұйымының (ҰҚШҰ) Ресейге бағынатынын» жазғанымызды жалған ақпарат деп таныпты. Әкімшілік сот бізді кінәлі деп тауып, айыппұл салды. Сыртқы істер министрлігі сол шешімді себеп етіп көрсеткен. Бұл екі уәжді де мойындамаймыз. Бірінші жағдайда, жоғарыда айтып өткенімдей, министрлік өздері аккредитация бермеді, екінші жағдайда, бір сот шешімі үшін екі рет жазалауға немесе оны уәж етіп 36 журналисті бірдей «жалған» ақпарат таратумен айналысты деуге негіз жоқ. Біз бұл сотқа да күмән білдірдік, апелляцияға да бердік. Аккредитация бермеу үшін ұйымдастырылған сияқты. Сондықтан сыртқы істер министрлігі Азаттықтың тілшілеріне аккредитация бермеу арқылы сөз еркіндігіне қысым жасап отыр деп есептейміз», – дейді Қасым Аманжол.

Азаттық радиосы КСРО кезінде де қысымға ұшырап отырған

Азаттық радиосы алғаш рет 1953 жылы 1 наурызда «Азат ету радиосы» деген атпен орыс тілінде хабар тарата бастады. Азаттықтың Қазақ қызметі де сол жылы ашылып, 18 наурызда эфирге шыққан. Алғашында өзбек, татар, қазақ, ұйғыр және қарақалпаққа ортақ болу үшін шағатай, т.б. тілдер қосылған мәтінмен хабар таратылған. Сол кезде оны «ортақ тіл» деп атаған. Радио аптасына 4 күн 5 минуттан хабар таратып отырған. 1973 жылы күн сайын жарты сағат хабар тарататын болған. Ал 1975 жылы күніне екі рет – таңертең және кешке жарты сағаттан хабар тарататындай болып ұлғайған. Азаттық радиосы КСРО кезінде де қысымға ұшырап отырған. Тіпті бір рет Еуропадағы кеңсесін басбұзарлар бомба қойып жарып кеткен. КСРО елдеріне тарайтын радио хабарламаны билік толқынға шу тарату арқылы тұншықтыруға тырысқан. Бірақ 40 жыл бойы радио үздіксіз хабар таратуды тоқтатпаған. Алғашында қазақ бөлімінде 4 журналист жұмыс істесе, кейіннен ұжым ұлғайған. Ашылған кезде Азаттық радиосы және Азат Еуропа радиосы екі бөлініп жұмыс істейтін. Кейін жетпісінші жылдардың ортасында екі радио біріктіріліп, ресми түрде Азат Еуропа/Азаттық радиосы аталады. 1993 жылы Алматы қаласында Қиял Сабдалиннің жетекшілігімен Азаттық радиосының бюросы ашылады. Кейін Астанада да кеңсе ашылды. 2008 жылы қазақ және орыс тілдерінде хабар тарататын веб-сайт іске қосылған. Қазір Азаттық радиосы әлемнің 27 тілінде 30 елге хабар таратады. 2023 жылы радио бюджеті 146 млн 600 мың доллар болып бекітілген. Азат Еуропа/Азаттық радиосы коммерциялық емес, жекеменшік ұйым ретінде тіркелген. Оны директорлар кеңесі басқарады. Грант есебінде қаржы бөлетін Конгресс ұйымның ішкі жұмысына араласа алмайды. Бұл мәселе АҚШ заңдары арқылы қорғалған.

Тұрсынбек Башар