Білім гранты конкурсына құжат қабылдау қашан басталады?
Ұлттық тестілеу орталығы 2026-2027 оқу жылына арналған білім гранттары конкурсына құжат қабылдау мерзімін хабарлады.
Орталықтың мәліметінше, құжаттарды жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн немесе виртуалды қабылдау комиссиялары мен eGov порталы арқылы онлайн тапсыруға болады.
Талапкерлердің өтініші 2026 жылғы 13-20 шілде аралығында қабылданады.
Грант конкурсына қатысу үшін жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3х4 көлеміндегі фотосурет, орта білім туралы аттестат немесе колледж түлектері үшін диплом қажет. Сонымен қатар жеңілдетілген санат бойынша конкурсқа қатысатын талапкерлер растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс.
Қосымша ақпаратты жоғары оқу орындарының қабылдау комиссияларынан алуға болады.
Еске салайық, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек 2026-2027 оқу жылына жоғары білім алуға арналған 89 457 мемлекеттік грант бөлінгенін мәлімдеген болатын.