Қоғам

Павлодарда өрт кезінде терезеден секірген бойжеткен көз жұмды

2026 жылғы 12 маусым күні таңертең Павлодар қаласындағы бес қабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шықты. Өзін құтқармақ болған бойжеткен екінші қабаттың терезесінен секіріп, кейін ауруханада қайтыс болды. Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады.

Өрт

Кадрлардан пәтер терезелерінен қою түтін шығып, жалынның лапылдап жатқанын көруге болады. Бір сәтте бойжеткен терезеден секіріп, жерге құлаған. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер пәтер ішінде тұрмыстық заттар, жиһаз және терезе жақтауы жанғанын анықтады. Өрт 20 шаршы метрді шарпыған.

«Өрт сағат 04:16-да оқшауланып, 04:22-де толық сөндірілді. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері үш иінді сатының көмегімен үшінші қабаттан екі адамды түсіріп, ауыр зардаптың алдын алды», - деп мәлімдеді ведомство өкілдері.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, екі адам түтіннен уланып ауруханаға жеткізілген. Ал 2003 жылы туған бойжеткен терезеден секіргеннен кейін Павлодар қалалық №3 ауруханасына жатқызылған.

«Дәрігерлер барлық қажетті медициналық көмекті көрсеткенімен, сағат 05:50-де оның биологиялық өлімі тіркелді», - деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта қала тұрғынының нақты неден қайтыс болғанын анықтау үшін мәйіт сот-медициналық сараптамаға жіберілді.

Сайт  Әкімшілігі
Сайт Әкімшілігі Сайт Әкімшілігі

Оқыңыз