Тоқаев аңыз альпинист Ерванд Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әйгілі альпинист Ерванд Ильинскийге «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді.
Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Мемлекет басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, марапат альпинизмдегі жоғары жетістіктері, елдегі спорттың дамуына қосқан үлесі және қоғамдық қызметке белсенді қатысқаны үшін берілген.
Ерванд Ильинский 1940 жылы 25 тамызда Красноярск қаласында туған. 1949 жылы отбасымен бірге Алматыға қоныс аударған.
Ол — кеңестік және қазақстандық альпинист, жаттықтырушы. 1991–2010 жылдары Қазақстан құрамасын басқарған. Оның жетекшілігімен команда әлемде алғаш болып барлық 14 сегіз мыңдық шыңды бағындырды.
Ильинский:
– 1990 жылы Эверест шыңына шыққан;
– 2007 жылы Қазақстанда алғаш болып «Жеті шың» клубына кірген;
– КСРО чемпионаттарының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері.
1973 жылдан бастап альпинизм бойынша САВО спорт клубында аға жаттықтырушы болған.
Марапаттары мен шәкірттері
– 1975 жылы — Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы;
– 1979 жылы — КСРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы;
– 1982 жылы — КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері атанған.
Ол жүзден астам спорт шеберін, 36 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін және 24 еңбек сіңірген спорт шеберін тәрбиелеген.
1993 жылы болашақ әлемдік альпинизм жұлдызы Денис Урубконы байқап, өз клубына шақырған.
2000 жылдан бастап Массұт Жұмаев пен Василий Пивцовты жаттықтырып, жаңа буын альпинистерінен мықты команда жасақтады. Нәтижесінде 2010 жылы Қазақстан құрамасы әлемдегі барлық 14 сегіз мыңдық шыңды бағындыру бағдарламасын толық орындады.