Тоқаев Қазақстан бокс құрамасын Азия чемпионатындағы жеңісімен құттықтады
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық бокс құрамасын Азия чемпионатындағы сәтті өнер көрсетуімен құттықтады.
Бұл туралы Мемлекет басшысының кеңесшісі – баспасөз хатшысы Айбек Смадияров өзінің Telegram-арнасында хабарлады.
— Президент еліміздің спортшылары жалпыкомандалық есепте бірінші орын алып, отандық бокс мектебінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдегенін атап өтті, — делінген хабарламада.
Құттықтауда жалпы жеңіске ерекше үлес қосқан спортшылар ретінде Оразбек Асылқұлов, Сабыржан Аққалықов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай, Надежда Рябец және Дина Исламбекова аталып өтті. Олар турнирде алтын медаль жеңіп алған.
Мемлекет басшысы қазақстандық боксшыларға алдағы уақытта да халықаралық ірі жарыстарда ел намысын абыроймен қорғауға тілектестік білдірді.
Айта кетейік, бұған дейін Президент Дина Исламбекова мен Надежда Рябецті Азия чемпиондары атануымен жеке құттықтаған болатын.
Азия чемпионатының қорытындысы
10 сәуір күні Моңғолия астанасы Улан-Баторда өткен ерлер мен әйелдер арасындағы Азия чемпионаты аяқталды. Қазақстан құрамасы жалпы медаль есебінде бірінші орын алды.
Қазақстандық спортшылар жалпы 13 медаль жеңіп алды, оның 6-уы – алтын.
Жүлдегерлер:
Алтын: Надежда Рябец, Дина Исламбекова, Сабыржан Аққалықов, Оразбек Асылқұлов, Нұрбек Оралбай, Айбек Оралбай
Күміс: Бақыт Сейдіш, Төрехан Сабырхан
Қола: Айгерім Сәттібаева, Валентина Хальзова, Ертуған Зейноллинов, Махмуд Сабырхан.