Тоқаев Қылмыстық кодекске енгізілген түзетулерге қол қойды
Тоқаев "Қылмыстық кодекске және Қылмыстық-процестік кодекске толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Аталған түзетулер аясында Қылмыстық кодекске жаңа 380-3-бап енгізілді. Бұл бап медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем бригадаларының жүргізушілеріне қатысты күш қолдану немесе күш қолданамын деп қорқыту үшін қылмыстық жауапкершілікті көздейді.
Атап айтқанда, медицина қызметкерлері мен жедел жәрдем жүргізушілеріне қатысты күш қолданамын деп қорқытқаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған. Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда жаза 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру түрінде белгіленеді.
Ал өмірі мен денсаулығына қауіпті емес күш қолданғаны үшін 500-ден 1000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе 2 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы көзделген. Егер бұл әрекет ауырлататын мән-жайлармен жасалса, жаза 3 жылдан 7 жылға дейін күшейтіледі.
Өмірі мен денсаулығына қауіпті күш қолдану қылмысы үшін 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді. Ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда жаза мерзімі 7 жылдан 12 жылға дейін ұлғаяды.
Заңның толық мәтіні бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Айта кетейік, соңғы жылдары медицина қызметкерлеріне қатысты күш қолдану деректері жиілеп отыр. Былтыр елімізде жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан оқиға тіркелген. Сондай-ақ тағы бір жағдайда азамат медициналық мекеменің есігін бұзып кіріп, дәрігерге қол көтерген. Бұл оқиғалар қоғамда үлкен резонанс тудырып, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін күшейту қажеттігін айқын көрсетті. Қабылданған заңнамалық түзетулер осындай құқықбұзушылықтардың алдын алуға және кінәлілерді қатаң жауапкершілікке тартуға бағытталған.