Трамп: Путин энергетикаға қатысты уәдесін бұзған жоқ
АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей басшысы Владимир Путин энергетика нысандарына соққы жасамау жөніндегі уағдасын белгілі бір мерзімде сақтағанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Путин Украинаға «жексенбіден жексенбіге дейін» шабуыл жасамауға уәде берген.
«Бұл жексенбіден жексенбіге дейінгі кезең еді. Кейін бәрі қайта басталды, ал кеше түнде ауыр соққы жасалды. Бірақ ол уәдесінде тұрды. Бір апта — бұл да аз емес», - деді Трамп 3 ақпан күні кешке Ақ үйде журналистер сұрағына жауап бере отырып.
АҚШ президенті сөзінше, қатты суық кезеңде бір апталық үзіліс жасауға Ресей тарапы келіскен. Алайда Трамп бұл келісім туралы 29 қаңтарда жариялағанымен, төрт күннен кейін Ресей соққыларды қайта жалғастырды.
Трамп тағы да Путинді Украинадағы соғысты тоқтатуға шақырды. «Мен бұл соғыстың аяқталғанын қалаймын», - деді ол AFP агенттігінің сұрағына жауап бере отырып.
Сол күні Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Левитт Трамптың Ресейдің Киевке жасаған шабуылына «таңғалмағанын» айтты. Оның сөзінше, президент бұл соғыс АҚШ-тағы қазіргі билік кезінде басталмағанын бірнеше рет атап өткен.
Украина Қарулы күштері Әуе күштерінің деректеріне сәйкес, қаңтардың соңғы күндері Ресей тарапынан дрон және зымыран шабуылдарының саны уақытша азайғанымен, 2-3 ақпанға қараған түні энергетикалық инфрақұрылымға соққылар қайта жалғасқан.
Украина энергетика министрінің орынбасары Артем Некрасовтың хабарлауынша, Ресей әскері Харьков, Сумы, Днепропетровск және Черкассы облыстарындағы энергетикалық нысандарға соққы берген.
Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига X әлеуметтік желісінде Ресей соңғы шабуылдарда 450 дрон мен 60-тан астам зымыран қолданғанын жазды.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский 3 ақпан күні кешке Telegram арқылы мәлімдеме жасап, Киев Вашингтонның бұл жағдайға қалай жауап қайтаратынын күтіп отырғанын жеткізді. Оның айтуынша, энергетикаға соққы жасамау бастамасы дәл АҚШ тарапынан ұсынылған.