Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:47

Трамп Путиннің Ираннан уранды Ресейге шығару туралы ұсынысын қабылдамады

АЭС
Фото: из открытых источников

Axios порталының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путиннің Иранда 60 пайызға дейін байытылған 450 килограмм уранды Ресейге шығару туралы ұсынысын қабылдамаған.

Ресей басшысы бұл бастаманы 9 наурыз күні телефон арқылы сөйлесу кезінде АҚШ президентіне ұсынған.

БАҚ мәліметіне сәйкес, Путин Трамппен әңгіме барысында АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы соғысын тоқтатуға қатысты бірнеше идея ұсынған. Солардың бірі — Ирандағы байытылған уранды Ресейге шығару болған.

60 пайызға дейін байытылған уранның қауіптілігі – оны бірнеше апта ішінде қару жасауға жарамды 90 пайыздық деңгейге дейін жеткізуге болады. Ал Иранда сақталып отырған 450 килограмм уран 10-нан астам ядролық бомба жасауға жеткілікті деп бағаланады.

— «Бұл ұсыныс алғаш рет айтылып отырған жоқ. Бірақ ол қабылданған жоқ. АҚШ-тың ұстанымы – уранның қауіпсіз сақталатынына толық сенімді болуымыз керек», — деді Axios басылымына америкалық шенеуніктердің бірі.

Порталдың жазуынша, Ресей мұндай ұсынысты бұған дейін де айтқан. Мәселен, 2025 жылдың мамырында өткен АҚШ–Иран келіссөздері кезінде, сондай-ақ 2025 жылдың маусымында АҚШ пен Израиль Иранның ядролық нысандарына соққы жасамас бұрын және 2026 жылғы 28 ақпанда басталған Таяу Шығыстағы соғыс қарсаңында да көтерген.

Сонымен қатар Axios дереккөзі Трамп бұл мәселені тек Путинмен ғана емес, Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен және Еуропа елдерінің басшыларымен де талқылап жатқанын хабарлады.

Басылымның мәліметінше, соғыс басталғанға дейінгі келіссөздердің соңғы кезеңінде Иран уранды АҚШ-қа өз еркімен тапсыру ұсынысын қабылдамаған. Оның орнына Тегеран байытылған уранды өз нысандарында Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) бақылауымен сұйылтуды ұсынған.

Ал The Wall Street Journal газетінің жазуынша, Тегеран байытылған уран қорының бір бөлігін Ресейге беруге де дайын болған, бірақ мұндай нұсқалар АҚШ-ты қанағаттандырмаған.

Бұған дейін Axios басылымы АҚШ пен Израиль соғыстың келесі кезеңінде ядролық арсенал қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Иранға арнайы күштер жіберу мәселесін талқылағанын жазған. АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Ирандағы жоғары деңгейде байытылған уранды бақылауға алу үшін бірнеше нұсқа қарастырылып жатқанын мәлімдеген. Сонымен бірге ол уран қорын ерікті түрде тапсыру нұсқасын АҚШ құптайтынын да айтқан.

Еске салсақ, 2015 жылы Иран, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты бес мүшесі (АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция) және Германия Иранның ядролық бағдарламасы бойынша келісімге келіп, Бірлескен кешенді іс-қимыл жоспарын (JCPOA) қабылдаған.

Бұл келісім бойынша Иран санкциялар біртіндеп алынуының орнына МАГАТЭ инспекторларын өз нысандарына кіргізуге және байытылған уранның негізгі бөлігін шетелге шығаруға міндеттелген еді. Соның нәтижесінде Ресей Ираннан 11 тоннадан астам уранды қабылдап, ал Тегеранға шамамен 140 тонна уран рудасын берген.

Алайда 2018 жылдың мамырында Дональд Трамп АҚШ-тың бұрынғы президенті Барак Обама кезінде жасалған бұл келісімнен шығатынын жариялаған. Оның айтуынша, АҚШ-та Иранның ядролық қару жасау бағдарламасын жалғастырып жатқаны туралы деректер болған.

Тегтер: