Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:50, 08 Желтоқсан 2022

Тұрандықтар туыстығы – түрікшілдігінде

None
None

Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде қазақ әдебиеті тарихы пәнінен дәріс беретінмін.

Кейде ағайын-туыс, кейде жора-жолдастар өзімсініп: «Сендер «түрік, түрік» деп мәз боласыңдар, орыстан әрең құтылғанда, енді түрік жаулап алмай ма бізді», – деп сұрайды. Ойнаса да ойындағысын айтып тұр.

Шындығында, орыс отаршылдығы сананы сансыратып, кімге болса да үрке қарауға, күдікпен қарауға бейімдеді емес пе?! Бұған не деуге болады енді.

Мектеп қабырғасында өткен тарих пәнінде Суворовтан асқан батыр қолбасшы жоқ деп оқытты, ал оның түрік бауырларымызды жазықсыз қырғанын, кейінірек қазақ жерінің батысында да талай-талай қан төккенін білмедік. Елді ерлікке бастар Сусаниннен асқан «шал» болмайды деп ойладық.

Ал Қорқыт бабамыз туралы тым бұлыңғыр айтылатын. Жоғары оқу орындарының өзінде Түркия мемлекеті «капиталистік ел» деген бір-ақ сөзбен түсіндірілетін. Ататүрікті бізге жау, дұшпан етіп көрсетіп бақты.

Мұстафа Кемал Ататүріктің өзі «Менің ой-пікірімнің әкесі» деп бағалаған аса көрнекті түрік ойшылы Зия Көкалыптың: «Тұран – барлық түріктердің бұрын шындыққа айналған немесе болашақта шындыққа айналатын Ұлы Отаны» дегені, өз өмірін азат және тұтас Түркістан мемлекетін құруға арнаған аса көрнекті қайраткер Мұстафа Шоқайдың: «Шын мағынасындағы Түркістан ұлтшылдығы және халықшылдығы, атамекеншілдігі Кеңес үкіметі тарапынан тартып алынған жері, қожалығы, аты, арбасы, өгізі және басқа жоғалтқандарымен бірге жоғалмақ емес. Нағыз Түркістан ұлтшылы енді қайтіп оралмайтын өткен күндер мен бастан кешкендерді ойлап,сары уайымға салынбайды. Ол қашан да өз халқының болашағы хақында ойлап, сол үшін қызмет ететін болады» деген жалынды сөздері Кеңес өкіметін қатты үрейлендірді.

Жай оғындай жарқ еткен Мағжан Жұмабайдың түрік ағайындарға арнаған «Алыстағы бауырыма» өлеңі ше?!

Шарқ ұрып өрге ұмтылған түрік жаны

Шынымен ауырды ма, бітіп халы?!

От сөніп жүректегі, құрыды ма

Қайнаған тамырдағы ата қаны?

Бауырым! Сен о жақта, мен бұ жақта,

Қайғыдан қан жұтамыз, біздің атқа

Лайық па құл боп тұру? Жүр, кетелік

Алтайға, ата мирас алтын таққа!

Ақынның өлеңі алысты қамтыды, тым айбарлы естілді. Сол үшін де большевиктер ақынды оққа байлады. Бірақ Мағжанның рухы күшті өлеңі түрікшілдер жүрегінде шоқ болып маздады.

Құдай сәтін салып осыдан біраз жыл бұрын Алматыға Түрік мемлекетінің бұрынғы президенті Тұрғыт Өзалдың келу сапарының куәсі болдым. Мен оның бұл сапары соңғы сапары болатынын сезбеп едім. Түркия президентінің ұшақтан түсе Алматыдағы мешітке жұма намазға келетінін естіп-біліп, жұмысымнан рұқсат алып, ертерек қам жасап, мешітке екі-үш сағат бұрын келіп күттім. Дәл намаз басталардың алдында келген Т. Өзал көлігінен түсе мешітке еніп кетті. Мешіт есігінен сыртқа шыға бергенде Түркияның ұлы перзентінің қасында, таяқ тастам жерде ғана тұр едім. Арамызда тұрған оққағар жігіт «Енді бұдан артық қайда барасыз» деді маған аларып. Сонда ғана өзімнің Т. Өзалды көру үшін өзге кісілерді басып-жанша алға өлермендене ұмтылғанымды білдім. Оққағарлар ол кісіні адамдар қоршауынан тезірек әкету үшін мықтап қолтықтап алған, бейнебір көтеріп әкетіп бара жатқандай, тығыршықтай топ-толық, дөңгеленген орта бойлы, шашы бұйралау, қасы қалыңдау, қара торы өңді, жылы жүзді жан ауада қалықтап бара жатып қолын созды, алақаныммен алақаны түйісе жаздады, ізеттілікпен бас идім, теледидардың репортер жігіті микрафонын президенттің аузына тосып үлгерді:

«… Ана жұртым – Түркия! Ата жұртым – Түркістан! Екі бауыр… қарындас, кардеш...» Тұрғыт Өзалдың ақ пейілмен, шын ниетімен айтқан осы сөзі тұла бойымды шым-шым еткізді.

Дәл осы жерде осыдан біраз жыл бұрынғы жәйт есіме түсті. Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданының орталығы Шолаққорған ауылында сол кездегі «жарты патша», Қазақстан коммунистік партиясының бірінші хатшысы Колбинді тура осылайша күтіп, көргенім бар еді. Колбин аюдай қорбаңдап, Шолаққорған ауылының бір шетінен орталық алаңға қарай жаяу жүрді, қалың топ жарыса жүріп отырдық. Ол да қолын көтерген, дәл жанында тұрғам, сырт көзге екі жәйт те өте ұқсас. Тек қана Колбин өзі үшін алдын ала сценарий бойынша дайындалған іші мебельге толған киіз үйді, оның алдында мойнына галстук таққан шопанды көріп, одан кейін сары май мен еттен бастап барлық азық-түлікке сықия толтырылған (әрине, алдын ала!) дүкенге кірген-ді.

Ал Түркия президенті Тұрғыт Өзал ең алдымен Алланың үйі мешітке кіріп, намазын оқып, екі беті бал-бұл жайнап, имандылығын ту етіп көтеріп, ешкімнің де қолпаштауын қажетсінбей қарапайымдылығын көрсетті.

Түркиядан Түркістанға жиі-жиі келетін бір адам бар. Ол – Намык Кемал Зейбек. Сөзге өте ұста, шешен, ділмар, сонымен бірге істің де адамы. Айтты, орындайды. Бір мысал келтірейін. Университеттің жаңа жатақханасы іске қосылып, ондағы асханадағы тамақтың құны оқытушыларды да, студенттерді де қанағаттандырмады. Қымбат. Не істеу керек? Осыны сезгендей Түркиядан Намык Кемал Зейбек келді. Келе сала кездесу жасады, көпшіліктің пікірін тыңдады және бірден мінбеде тұрып көптің көкейіндегісін екі жаққа да тиімді етіп шешіп берді. Әрі айтқанын бірден орындатты. Бәріміз де ырза болдық.

«… Түркі дүниесінің ортақ рухани атасы Қожа Ахмет Ясауи діннің ең маңызды негіздерінің бірі ретінде шындыққа апаратын бірден-бір жол – білім жолы екенін айтады. Қазақстан байрағындағы бүркіттің екі қанатының бірі – Қ.А. Ясауидің руханияты, ал екіншісі – білім дүниесі. Біз Халықаралық қазақ-түрік университетімізді дәл осылай түсінеміз. Біз білім ғасырын жағалай отырып, күллі түркілердің күшін біріктіруді қамтамасыз етеміз» деген сөздерінде Н.К. Зейбек көсіле сөйлеп, жігеріңді жанып, қанаттандыра отырып, талап қояды. Н.К. Зейбек секілді түрікшілдер бізге аса қажет.

Иә, бізге баршамызға түрікшілдік қажет.

Әр күні үйден шығып жұмысқа бару үшін Тұрғыт Өзал көшесімен көтеріліп, Абай даңғылынан автобусқа отырғанымда озық ойлы түркі даналарының түрікшілдігін, яки «Түркі дүниесі, түгел бол!» деген өсиетін еске аламын.

Тегтер: