Түркістандағы табиғи өсім және көші-қон

Қазақстан халқының саны жыл сайын артып келеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы 1 маусымда ел халқы 20 миллион 370 мыңнан асты. Бұл – жыл басынан бері 87 мыңнан аса адамға көбейді деген сөз.
Оның ішінде 80 мыңға жуығы табиғи өсім арқылы, яғни туу мен өлім арасындағы айырмашылықтың нәтижесінде, ал қалған 7 мыңнан астамы көші-қон есебінен тіркелген. Бір қарағанда, бұл – елімізде халық саны тұрақты өсіп келе жатыр дегенді білдіреді. Алайда өңірлерге жеке-жеке қарағанда, жағдай бұлай емес. Әсіресе Түркістан облысында.
Түркістан облысы – еліміздегі ең көп бала дүниеге келетін өңірлердің бірі ғана емес, туу көрсеткіші бойынша көшбасшылар қатарында. 2025 жылдың алғашқы үш айында облыстағы табиғи өсім 15 372 адамды құраған. Бұл – бір жағынан, қуантатын жаңалық. Бірақ мәселенің екінші қыры бар. Дәл сол кезеңде облыстан 18 421 адам басқа өңірлерге қоныс аударған. Яғни облыстан кеткендердің саны дүниеге келгендер санынан көп.
Түркістан облысында туу көрсеткіші өте жоғары. Әр мың тұрғынға шаққанда – 21,27 баладан келеді. Бұл көрсеткіш Маңғыстау облысынан кейінгі екінші орында екенін білдіреді. Дегенмен осынша жоғары табиғи өсімнің өзі өңірдің халық санын көбейтуге жетпей отыр. Керісінше, халық саны көші-қон есебінен кеміп барады. Бұл өңір үшін аса алаңдатарлық жағдай. Себебі халық санының көбеюі тек бала туу ғана емес, өмір сүруге қолайлы жағдайға да байланысты.
Көші-қонның бағыттарына қарасақ, адамдар негізінен Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларға қоныс аудара бастаған. Мысалы, осы жылдың алғашқы бес айында Астана қаласына 17 579 адам көшіп келсе, Алматы қаласына 8 725 адам, Шымкентке 3 208, ал Алматы облысына 2 593 адам қоныс аударған. Бұл өңірлерде көші-қон балансы оң болып отыр, яғни келушілер кетушілерден көп. Бұл тұрғыда Түркістан облысында жағдай керісінше.
Киелі өңірден халық неге үдере көшіп жатыр дегенді түсіну де қиын емес болар. Сол үшін өңір басшылығы жұмыссыздық, мектеп, аурухана, балабақша секілді әлеуметтік инфрақұрылым, баспана секілді ел үшін ең өзекті деген мәселелерге лайықты назар аударуы қажет деген сөз. Демек алдағы уақытта осы бағыттағы нақты жұмыстар қарқынды жүргізілуі қажет. Тиісінше, бұл шаруалар облыс әкімшілігі назарынан да тыс қалған жоқ.
Айта кету керек, Түркістан облысында халық саны азайып жатқанына қарамастан, бұл өңір республика бойынша екінші орында. Қазір мұнда 2 млн 150 мыңнан астам адам тұрады. Одан жоғары тек Алматы қаласы ғана. Бірақ қазіргі көші-қон үрдісі жалғаса берсе, бұл көрсеткіш те біртіндеп төмендеуі мүмкін.
Қазақстанда урбанизация деңгейі артып келеді. Қазіргі кезде халықтың шамамен 63 пайызы қалада тұрады, қалған 37 пайызы ауылда өмір сүреді. Түркістан облысы негізінен ауылшаруашылығына бағытталған, ауылдық өңірлердің бірі болғандықтан, жұртшылықтың қала өміріне бейімделгісі келетіні де жасырын емес.
Жалпы, ресми мәліметтерде елдегі ішкі көші-қон көлемі де жыл сайын өсіп келеді. 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылдың алғашқы жартысында ел ішінде көшіп-қону 18,4 пайызға артқан. Осы орайда демографиялық өсім тек туу көрсеткішімен өлшенбейтінін аңғаруымыз керек. Табиғи өсім қаншалықты жоғары болғанымен, көші-қон теріс нәтиже көрсетсе, демек өсім жеткілікті деңгейде емес деген сөз.
Бекбол АМАНГЕЛДІ
Түркістан облысы