Украина Зеленский мен Путиннің кездесуін ұйымдастыруға дайындалып жатыр

Украина мен Ресей президенттері Владимир Зеленский мен Владимир Путиннің жеке кездесуі өтуі мүмкін.
Бұл жөнінде Украина сыртқы істер министрі Андрей Сибига мәлімдеді. Оның айтуынша, Киев аталған кездесуді халықаралық араағайындардың қатысуымен өткізуді жөн көреді. Әсіресе, Украина тарапы АҚШ президенті Дональд Трамп пен Еуропалық Одақ өкілдерінің қатысуын аса маңызды деп есептейді.
Киев АҚШ-тың қатысуын талап етеді
Андрей Сибига Ресей тарапы АҚШ-ты бейбіт келіссөздер процесінен шеттетуге тырысып отырғанын, алайда Украина бұған үзілді-кесілді қарсы екенін айтты. «АҚШ-тың, оның ішінде президент Трамптың бейбіт бастамаларын біз құптаймыз. Бізге Вашингтонның қатысуы өте қажет», – деді министр.
Оның айтуынша, Түркияда өткен келіссөздерде екі тарап алдын ала шарттарсыз диалог жүргізуге келіскен. «Ресей делегациясы тарапынан түрлі тарихи лекциялар айтылғанымен, нақты уағдаластықтар да болды», – деді ол.
Ресей жаңа талап қойды
16 мамыр күні Стамбұлда өткен келіссөздер барысында ресейлік делегация Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын Мәскеуге беруді талап еткен. Бұл туралы The Economist басылымы хабарлады. Басылымның дерегінше, Ресей делегациясын басқарған Владимир Мединский егер Украина бұл талаптарды орындамаса, тағы екі облысты күшпен басып алатынын айтып, «соғысты шексіз жалғастыруға дайынбыз» деген.
Сибига бұл келіссөздердің алғашқы нәтижесі ретінде тұтқындар алмасу процесінің басталғанын атап өтті. Келесі кезең – Ресей тарапынан бітімге қатысты нақты ұсыныс беру, ал Украина өз құжатын әзірлеп қойған.
Зеленский кездесуге дайын, бірақ Путин бас тартты
Путин 11 мамырда Украина мен Еуропалық Одақтың соғысты дереу тоқтату жөніндегі талабынан бас тартып, келіссөздерді қайтадан Стамбұлда жалғастыруды ұсынған. Зеленский бұл ұсынысты қабыл алып, кездесуге дайын екенін мәлімдеді. Алайда Путин өзі келмей, орнына көмекшісі Владимир Мединский бастаған делегацияны жіберген.
Кремль өкілдері Путин мен Зеленский арасындағы тікелей кездесудің тек делегациялар арасындағы нақты келіссөздерден кейін және нақты уағдаластықтар болған жағдайда ғана мүмкін екенін айтып отыр.
Кремль Зеленскийдің легитимділігін мойындамайды
Соңғы кездері Ресей тарапы Зеленскийдің легитимділігіне қатысты сын айтып, «онымен келісімдерге қол қоюға болмайды» деген ұстаным білдіруде. РФ президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Біз үшін Украина атынан кім келісімге қол қоятыны – өте маңызды мәселе», – деді. Бұл пікірді Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров та қолдап отыр.
Еуропа мен АҚШ Путиннің бейбіт ниетіне күмәнмен қарайды
The Wall Street Journal газетінің хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп 19 мамырда Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, одан кейін еуропалық көшбасшыларға Ресей басшысының соғысты тоқтатуға ниеті жоқ екенін айтқан. Газет дерегінше, Путин Украинадағы соғыста жеңіп жатырмын деп есептейді және сондықтан бейбіт шешімге мүдделі емес. Бұл Трамптың бұрынғы мәлімдемелеріне қайшы келеді, онда ол Путинді бейбітшілікке ұмтылатын көшбасшы ретінде сипаттаған болатын.