Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:20

Ұлттық мәдениет – халықтың рухани коды

1
Фото: gov.kz

Шымкент қаласы – еліміздің мәдени өмірінің айнасына айналған ірі орталықтардың бірі. Кейінгі жылдары шаһарда ұлттық өнерді жаңғырту, ұлт мәдениетін дәріптеу, жастарды дәстүрлі өнерге баулу бағытында бірқатар іргелі жұмыстар атқарылып келеді.

Қалалық әкімдік пен Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының бастамасымен ұйымдастырылып жатқан түрлі шаралар қазақтың бай рухани мұрасын бүгінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған.

Осындай мәні зор шаралардың бірі – «Қазақ хандығына 550 жыл» алаңында өткен «Ер-тұрманым күмістен» атты республикалық шеберлік сағаты. Бұл жиын ұлттық қолөнердің үздік дәстүрлерін дәріптеуге, ұмыт бола бастаған көне қолөнер түрлерін қайта жаңғыртуға арналған үлкен мәдени оқиға.

Іс-шараға еліміздің әр өңірінен келген белгілі шеберлер мен өнертанушылар, студенттер және қала тұрғындары қатысты. Негізгі мақсат – ер-тұрман жасау дәстүрін насихаттау, жастардың ұлттық өнерге қызығушылығын арттыру және халықтың мәдени мұрасына құрмет сезімін күшейту.

Алаңда орнатылған сахна маңында шеберлер көрерменнің көз алдында ер шабу, былғарымен қаптау, күміспен өрнектеу, қамшы өру сияқты шеберліктерін көрсетті. Әр өңірден келген ұсталар өз қолдарынан шыққан бұйымдарын таныстырып, олардың жасалу жолы, қолданылған материалдары туралы жан-жақты түсіндіріп өтті. Көрме бұрышында күміспен күптелген ер-тұрмандар, өрме қамшылар, сүйектен, былғарыдан және ағаштан жасалған тұрмыстық бұйымдар мен ұлттық әшекейлер қойылды.

Көрменің құрметті қонағы әйгілі ұста Дәркембай атындағы қолөнер музейінің басшысы, белгілі шебер Дәулет Дәркембайұлы болды. Ол көрерменмен сырлас әңгіме құрып, балалық шағынан бастап қолөнерге қызығушылығының қалай қалыптасқанын айтып берді. Сондай-ақ өз әкесі, Қазақстанның атақты ұста-шебері Дәркембай Шоқпарұлының өнегесін, ұлттық өнерді дамытудағы еңбегін ерекше ілтипатпен еске алды.

Шымкент қаласы әкімдігі соңғы жылдары осындай ауқымды мәдени жобаларға ерекше қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, қалада жыл сайын дәстүрлі қолөнер фестивальдері, этнофестивальдер мен ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар этноауылдар мен шығармашылық орталықтар ашылып, жас шеберлерге арналған тегін үйірмелер мен курстар жұмыс істейді.

Қалалық мәдениет басқармасының бастамасымен ұлттық аспаптарды насихаттау, домбыра тарту өнерін үйрету, айтыс өнерін қолдау бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Шымкент қаласында тұрақты түрде «Домбыра-думан», «Шеберлер ордасы», «Этноfest» сынды мәдени жобалар өткізіліп келеді. Ал ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында көкпар, тоғызқұмалақ, асық ату сияқты сайыстарға арналған жаңа алаңдар салынып, жастарды спортқа тарту шаралары кеңінен жүргізілуде.

Ұлттық мәдениет – халықтың рухани коды. Ал ұлттық мәдениет бұл белгілі бір халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани және материалдық құндылықтарының жиынтығы. Ол тілде, дәстүрде, әдет-ғұрыпта, өнерде, салт-санада және өмір салтында көрініс табады.

Қазақ халқының мәдениеті ұлт болмысының өзегі, ел бірлігінің бастауы. Көшпелі өмір салты мен табиғатпен етене тіршілік ету қазақ мәдениетіне ерекше өрнек берген. Домбыраның қоңыр үні, зергердің күмістен соққан бұйымы, киіз үйдің оюлы керегесі – бәрі де ұлттың жан дүниесін бейнелейді.

Сондықтан ұлттық мәдениетті сақтау – тек өткенді еске алу емес, болашаққа бағытталған қадам. Бүгінгі жастар ата-бабамыздың мұрасын танып, ұлттық өнердің қыр-сырын меңгерсе, бұл елдің рухани тұрақтылығын арттырады. Осындай мақсатты көздеген Шымкент қаласындағы мәдени жобалар ұлттың рухани жаңғыруына айрықша серпін беріп отыр.

Міне, осындай бастамалар арқылы Шымкент қаласы ұлттық өнер мен мәдениеттің ордасына айналып отыр. «Ер-тұрманым күмістен» сынды іс-шаралар тек қолөнерді ғана емес, халқымыздың тарихи жадын, рухани тамырын сақтап, келешек ұрпаққа аман жеткізудің жарқын үлгісі деп бағалауға негіз бар.

Қуан Өмірхан

Тегтер: