Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
22:10, 01 Наурыз 2018

Ұлттық футбол құрамасына он алтыншы бапкер келді

Қазақстан ұлттық құрамасына бас бапкер болып Станимир Стойлов бекітілді. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Азамат Айтқожин мәлімдеді.

Танымал маманмен келісімшарт екі жылға жасалған. Бапкерге тапсырылған әуелгі негізгі меже – Ұлттар кубогында өз тобымызда бірінші орын алу.

Станимир Стойлов 2014 жылдың шілде айынан бері «Астана» командасын жаттықтырды. Осы уақыт аралығында «Астана» 4 рет ел чемпионы атанды, бір рет – ел Кубогын, бір рет Суперкубокты жеңіп алды. Стойловтың басшылығымен «Астана» үш рет еурокубоктардың (Еуропа лигасында – екі рет, Чемпиондар лигасында – бір рет) топтық турнирінде ойнады. 2017 жылы «Астана» Қазақстан клубтарының ішінде бірінші болып еурокубоктардың плей-офф кезеңіне шықты. Қазақ футболының ой-шұқырын жақсы білетін маман енді ұлттық құрамамыздың көсегесін көгертуге тырыспақ.

Баспасөз мәслихатында Стойлов айтқан ойлар мынадай:

— Өзімнің бапкерлік ғұмырым үшін еш қорқынышым жоқ. Оны ешкім құрта алмайды. Мен үшін құраманың қалай ойнайтыны аса маңызды. Өзімнің беделім үшін алаңдамаймын. Біздің футболдың беделіне қарағанда, жеке менің беделімнің төмендегені түк емес. Барлық жанкүйерлерді командамызды қолдауға шақырамын. Біз жүріп өтуге тиіс қиын жолдар болатыны сөзсіз. Бірақ біз бірге болсақ, жақсы нәтижелерге жете аламыз. Қазақстандық жанкүйерлердің жан күйзелісін көріп отырып, құрамаға келуді дұрыс көрдім. Біз команда сапында үлкен өзгерістер жасаймыз. — «Астана» мен «Қайрат» құраманың базалық командасы болып келеді. Бірақ біз барлық мықты футболшыға мүмкіндік береміз. Футболшы жақсы ойын көрсететін болса, құрама оны шетке қақпайды. — ҚФФ басшысы Әділбек Жақсыбековпен біз көп әңгімелестік, келіссөз жүргіздік. Басты мәселе – құраманы қалай жақсарту керек? «Астана» да жоқ болып кетпей, табысты жолын жалғастыра береді деп сенемін. Қазақстанда тұрып келе жатқаныма біраз уақыт болды, сондықтан жергілікті ерекшеліктерді тәуір-ақ білемін. Көп жанкүйер менен: «Құрама қашан жақсы ойнайды?» – деп сұрайтын. Әрине, Қазақстан құрамасында мәселе көп екені де рас. Оның еңсесін көтеру үшін қолымнан келгеннің бәрін істеймін. Құрама – елдің негізгі командасы. Әрине, клубтарды да көтеру керек. Олардың бапкерлерімен тығыз қатынаста болатынымыз сөзсіз. Құрамаға шақыру алу – қалжың емес, осыны әрбір ойыншы білуге тиіс. Қазақстанда жақсы футболшылар бар, тек оларға өзіндік сенім жетіспейді.

С.Стойлов – Қазақстан құрамасының он алтыншы бапкері. 1992 жылдан бері ұлттық құраманы 9 – отандық (Б.Байсейітов, Б.Баймұхамедов, С.Бердалин, С.Гороховодацкий, В.Талғаев, В.Фомичев, В.Масудов, С.Тимофеев, Т.Байсуфинов), 6 шетелдік маман (Л.Пахомов, А.Пайперс, Б.Шторк, М.Беранек, Ю.Красножан, А.Бородюк) жаттықтырды. Ең ірі табысқа 1997 жылы С.Бердалин жетті. Оның басшылығымен ұлттық құрама әлем біріншілігіне іріктеудің шешуші кезеңіне шықты. УЕФА қанаты астында голландиялық А.Пайперстің 2008 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеудегі нәтижесін қайталай алған ешкім жоқ.

1992 жылдан бері ұлттық құрама 182 кездесу өткізді. 42 ойында жеңіске жетіп, 44 рет тең түсті, 96 рет қарсыласына тізе бүкті. 188 гол соғып, өз қақпасына 309 гол жіберіп алды.

С.Стойловтың басшылығымен Қазақстан құрамасы алғашқы кездесуін 23 наурызда Венгрия құрамасымен сырт алаңда өткізеді. 26 наурызда Болгариямен жолдастық кездесу жоспарланған.

Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасы аутсайдерлердің D лигасында тұр. 1 топта отандастарымыз Грузия, Латвия және Андорра құрамаларымен кездеседі. Алғашқы кездесу 6 қыркүйекте Грузия құрамасымен өз алаңымызда өтеді.

 Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

Тегтер: