01:22, 13 Маусым 2018
Ұлытауды әлемге танытамыз

Әрине, қазақ жерінің қай өңірі болса да, қасиетті де қадірлі. Әйтсе де халқымыз үшін Ұлытаудың орны ерекше екені даусыз.
Өйткені дәл осы жерде елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түскен қысылтаяң шақта қазақтың игі жақсылары бас қосып, үш биі пәтуә жасап, үш жүзі мәңгілік бірлікті қалайтынын білдіріп, тасты қашап таңба салды.Иә, Қазақстанда тарихи-мәдени ескерткіштер өте көп. Солардың ең шоқтығы биігі, тарихи тұрғыдан алғанда ең маңыздысы осы Ұлытау даласында. Теректі әулие археологиялық кешені, Алаша хан, Домбауыл, Жошы хан, Болған ана, Құлан ана, Жансейіт кесенелері, Ақмешіт әулие, Қойлыбай әулие, Едіге, Тоқтамыс қорымдары, Байқоңыр, Зыңғыртау түбі бір түркі жұртының таңбасын басып, енші алысқан «Таңбалы тас» кешені, хан ордалары – бұлардың әрқайсысы қадау-қадау, бір-бір елдің маңдайына басқан жұлдызындай қастерлі, көнелігімен керемет, ғажайып ескерткіштер.Ұлытау – тарих шежіресінің қоймасы, әр тасы, әр төбесіне тіл бітірсек, тәуелсіздік үшін күрескен бабалардың өршіл рухын көз алдына әкеліп, қиялыңды шарықтатады. Ұлытау туралы, ғажайып табиғаты, тарихи орындары туралы айтып тауысу мүмкін емес. Шыңғыс хан мен Жошы хан, Кетбұғы, Керей, Жәнібек, Қасым, Хақназар, Тәуке, Барақ, Көшім, Абылай, Кенесары, Әбілқайыр, Ақжол би, Қазыбек би және т.б. тарихи тұлғалардың өмірбаяны Ұлытау атымен байланысты. ХІV ғасырда өмір сүрген дала ойшылы Асанқайғы бабамыз да Жерұйығын осы жерден тапқан болатын. Бүгінде Ұлытау кентінде Асанқайғы бабаға арнап ескерткіш орнатылды. Тарихи орын, тарихи тұлғалар, қасиетті тау, жеті әулие, ем бұлақ көзі және үңгір, шалғыны шипа табиғат сыйлаған бұл өлке өз құпияларымен келушілерді әлі де таңғалдыруда.Енді, міне, туризмді дамытып, туристердің легін көбейту үшін Қарағанды облысының Ұлытау ауданында 718 млн теңгеге сапар орталығы салынбақ.– Жасыратыны жоқ, Қарағанды облысының тарихы дегенде ең алдымен көз алдымызға индустрияландыру, шахталар, репрессия кезіндегі КарЛАГ елестейді. Біз ескіден келе жатқан осынау қасаң түсінікті тарих шежіресінің қоймасы саналатын Ұлытаудың арқасында мүлдем өзгертсек деген жоспарымыз бар. Өткен жылы Ұлытауға 11 мыңнан астам турист келді. Жалпы, бұл ауданның 50 мыңнан астам турист қабылдауға мүмкіндігі бар. Сондықтан құны 718 млн теңгеге бағаланған орталықтың құрылысы биыл басталады. Бұдан бөлек, инвестиция тартудың арқасында 150 млн теңгеге этноауыл салынады. Осылайша Ұлытауды тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемге танытсақ деген ойымыз бар, – дейді бұл жөнінде Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов.Әрине, туризмді дамытудың ең басты өзегі сапалы жол екені белгілі. Осыған байланысты құны 5,5 млрд теңгеге жобаланған Қарағанды–Жезқазған трассасын реконструкциялау жұмыстары аяқталуға жақын. Егер бұл жұмыс аяқталса, жолда жүрудің уақыты екі есеге дейін қысқарар еді.– Біздің туған жерден шыққан кәсіпкерлер өз қолдауын көрсетіп келе жатыр. Тек солардың көмегімен 76 әлеуметтік нысан салынды және қайта жөнделді. Биыл Қарағанды облысында «Жез киік» халықаралық этномузыка фестивалі өткізіледі. Бұқар жыраудың 350 жылдығын да атап өту жоспарда бар. Сонымен қатар қарағандылықтар елорданың 20 жылдық мерейтойына «Қазақ еліне мың алғыс» монументі мен «Ұлытау» аллеясын сыйға тартады, – дейді Ерлан Қошанов.Иә, Ұлытау – Қазақстанның географиялық орталығы. Табиғаттың өзі бұл жерге қисапсыз қазына сыйлаған. Сондықтан болашақта Ұлытаудың толыққанды туристік орталық болуына барлық мүмкіндігі бар.