Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:18, 08 Қыркүйек 2023

«Үмбетов зауытымды тартып алды, бар үмітім президентте»

None
None

Соңғы уақытта заңсыз біреудің меншігін иелену фактісі бойынша қозғалып жатқан сот істері аз емес

Соңғы уақытта заңсыз біреудің меншігін иелену фактісі бойынша қозғалып жатқан сот істері аз емес. Редакциямызға осы мәселемен, өзінің зауытына 17 жылдан бері кіре алмай жүрген Бақыт Шәкіров мырза келді.

Елімізде қағаз жүзінде сот – президенттен басқа ешбір адамның сөзі жүрмейтін мемлекеттік орган. Іс жүзінде шешім шығарып, сол шешімді орындата алмайтын әлсіз мекемелер жиыны. Бұлай деуімізге себеп те, дәлел де жетіп артылады. Бір мысал – Бақыт Шәкіровтің мәселесі.

Сот келбеті

Кейіпкеріміздің даулап келген мәселесі – «Талгарский экспериментальный литейно-механический завод» ЖШС. Кәсіпорын 1994 жылдың 27 желтоқсанында жұмысын бастаған. 2000 жылға дейін заводты екі серіктес басқарған: 62,5% үлесі Бақыт Шәкіровке, 37,5%-ы Марат Жәмшиевке тиесілі. Ал 2000 жылы жартысынан көп үлесін иемденіп отырған Бақыт Шәкіровтің кәсіпорнын біреулер заңсыз тартып алған. Олардың ішінде елге аты белгілі адамдардың аты аталып қалды. Сотқа арыз жазылған. 2006 жылы сот қаулысымен Талғардағы зауыт Бақыт мырзаның меншігіне қайтарылуы керек-ті. Алайда меншік қайтарылмады, кәсіпорын босатылмады. Ең сорақысы, ТЭЛМЗ-ті әлдекімдер жалға алып, кірпіш шығаратын зауытқа айналдырған. Содан не керек, облыстық сот, бас прокуратура, жоғарғы сот, тіпті президент әкімшілігіне дейін дабыл қаққанмен, шешім шығып қойған соң, іс қайта қарауға келмей, сот шешімінің орындалуы мүмкін болмай қалған. Арызданушының айтуынша, сот шешімінің орындалмауына сот орындаушыларының бейқамдығы ғана емес, осы аймаққа тісі батқан, қолы ұзын шенділердің де ықпалы болған.

«Мен зауытты меншігіме толық алғалы бері маған көрсеткен қорлықтары қалмады. Бұл – бұрынғы Алматы облысының әкімі Серік Үмбетов пен оның орынбасары Әлихан Тойбаевтың ісі. Мен осы зауыт жұмысына салған еңбегім еш болып отыр. Олар бекіткен адамдар – зауыттың қандай мақсатта, қалай жұмыс істейтінін білмейтін адамдар. Сондықтан елге қыруар пайда әкелетін объектіні маған қайтаруы керек», – дейді Бақыт Шәкіров.

Сот шешімі бар, бірақ орындалуы тежеліп тұр. Конституцияға сәйкес, сот балғасын тарс ұрған сәттен бастап 40 күн ішінде сот орындаушы шешімнің орындалуын қамтамасыз етуі қажет. Ал біздің жағдайда бір жарым ай емес, бақандай 17 жыл өтіп отыр. Шағымданушының жағдайын толығырық тарқату, кедергілерді айқындау үшін біз ең алдымен заңгерге жүгіндік. Бірнеше заңгермен тілдестік. Заң баптарын қарша боратып, «қалың» пікір берген заңгерлеріміз Үмбетовтің атын ести сала, пікірін жарияламауды өтінді. Тіпті қорықты ма, қорғанды ма, әйтеуір «пікірімді жариялауға қарсымын» деген жазба да қалдырды. Прокуратураға қорықпай кіріп, талабын тіке айтып жүрген танымал заңгер Тілеужан Кішкенбаев қана мәселені майшаммен қарауға көмектесті.

«Сот шешімі қолында бар. Кәсіпорын Бақыт Шәкіровтің меншігінде. «Заңсыз иеленгендерді шығару» туралы шешім де бар. Бұндай жағдайда заңсыз иеленгендерді омондармен барып шығару керек. Оған меншік иесінің құқығы бар. Жалға берген болсын, мейлі зауыттың ішіндегі заттарды түгел шығарып, өз ісін бастап кету керек. Заң бойынша осылай жүзеге асу қажет», – дейді заңгер.  

Заңды қағаз бойынша заңсыздарды зар илетуге болады. Бірақ кәсіпорын артында – Үмбетов, алдында қолшоқпарлары тұрғанда омондардың ол жаққа аттап баса қоюы екіталай.

Бәзбіреулер ақталды, көңілде дақ қалды…

Біреу қойға айналғанда, біреу тойға айналыпты. Тұңғыш президент кезінде біреудің мүлкін, яки кәсібін тартып алу «отбасы» мүшелері үшін аса қиын болмайтын. Бұл туралы қоғамда да жиі айтылатын. «Хрущев жылымығы» келгендей, Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаев айналасындағы адамдарға қатысты шағымдар көбейе бастады. 2022 жылы Алматы облысындағы «Almaty steklo» зауыты құрылтайшыларының бірі әрі басшысы Әзім Абдуллаев меншігіндегі кәсіпорын үлесінің тең жартысын заңсыз тартып алғаны туралы айтып, дабыл қаққан. Оны тартып алған Болат Назарбаев. Ал осыдан екі-үш ай бұрын Қызылорда облысында кәсіпкер құны 30 миллион доллар тұратын зауытын қайтара алмай жүргені туралы айтқан. Оны заңсыз иеленген – Қайрат Боранбаев. Қайрат Боранбаев – Айсұлтан Назарбаевтың қайын атасы, яғни тұңғыш президенттің құдасы. Бұл әзірге елдің құлағына жеткен деректер. Біз білмейтіні қаншама...

Біздің кейіпкеріміз де Қ.Тоқаевтың «Заңсыз иемденілген активтерді қайтару» туралы заңы шыққаннан кейін осы қисыны келмеген мәселе шешілер деген үмітпен келіп отыр. Үмбетов үзген үмітті, тек әділет қана жалғамақ. 17 жылдан бері алпауыттармен алысқан ағамыз бір сөзінде, қаскөйлер оның көлігін де өртеп жібермекші болғанын айтып қалды. Талай мәрте өлтіруге оқталғандарын да ақтарып, налыды. 15 жылдан астам уақыт қоқан-лоқы көрген Бақыт мырза ендігі үміт президентте ғана дейді.

«Мен бұлар отырғызған адамдармен үш рет сотта кездестім, сот шешімі мен жаққа шыққанмен, орындаушылар да, басқасы да осы істі аяқтауға ниет білдірмейді. Үмбетов Алматы облысын алақанында ұстағанда, менің ісім алға басуы екіталай болды, олар орнынан кетсе де, жағдай әлі сол қалпы. Олардың сөзі осы аймаққа әлі де өтімді. Сондықтан Алматы қалалық, облыстық, аудандық сотта менің мәселемді естісе жалтарып қашуға тырысады. Юстицияның маған қарайтын беті жоқ. Олармен де алысып біттім. Тек соңғы үмітім – Президент қолдауы».

Заңсыздық түбі – құлдырау шыңы

Үмбетов пен Тойбаев мырзалардың көзі түскен бұл зауыттың не құдіреті бар? Бұл зауыт жұмыс істегелі бері болашақ энергиясын алу, оның ішінде ЖЭС-на керек бөлшектерді өндіреді. Бұл – қазіргі АЭС-тен он есе арзан жаңа заман талабына сай ауқымды жоба. Бақыт мырзаның айтуынша, салынуы керек ЖЭС жобасы Қазақстанға үлкен пайда әкелмейді.

«Зауыт қайтарылып, станция салынса, елдің 5 облысы электр қуатымен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар заманауи технологиямен жабдықталатын жоба таза әрі тиімді болмақ. Қаржы көлемі – 1 млрд теңге. Іс алға басса, 1 кВт электр құны 2 теңгеге түседі. Қазіргі уақытта елімізде 1 кВт бағасы 8,31 теңге. Энергия артылып жатса, Қытайға кемінде 15 теңгеден сатуға болады. Мемлекет қамбасына да қаражат ағыны аз болмайтыны анық. Мен Ливиядан инвестор тауып қойғанмын. Ауқымды электр өндіруші құрылғылар Жетісу облысы Алакөл ауданы Жоңғар Алатауында орнатылады. Өйткені «Жоңғар қақпасы» деп аталатын киелі мекенде, желдің соғысы – 50 кв.м дейін ұйытқиды. Бұл өз кезегінде үлкен энергияны алуға мүмкіндік беретін бізге «құдайдың сыйы болып отыр. Ал жаңағы дөкейлер осы маңызды жобаның іске асуына кедергі болып отыр», – дейді Бақыт мырза.

Жемқорлық мен рейдерлік тартып алу жөнсіздіктері доғарылмаса, осындай жобалардың орындалуы мүмкін болмайды. Сыбайласып, ауыз жаласқан топтар, өз пайдаларын ойлап, қарапайым жандарға мұндай мүмкіндік бермей отыр. Сол үшін де заң күшейіп, әділдік орнауы тиіс. Заң мен конституция өз азаматтарын арашалап, олардың мүдделерін қорғай алмаса, онда Ата заңның құндылығы мен абыройына сызат түседі. Осы орайда мемлекет, сот органдары әділдік айнасы ретінде зауытты өз иесіне қайтаруы керек.

Тегтер: