Йеменде хуситтер БҰҰ кеңсесіне шабуыл жасап, қызметкерлерін ұстады
Йемендегі хуситтер Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) кеңселеріне басып кіріп, кемінде 11 қызметкерді ұстады. Бұл оқиға Сана қаласы мен Ходейда портында болғанын БҰҰ-ның Йемендегі арнайы өкілі Ханс Грундберг хабарлады, деп жазады Reuters.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш хуситтердің Санада орналасқан Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының кеңсесіне қарумен кіріп, ұйым мүлкін тартып алғанын мәлімдеді. Сондай-ақ олар БҰҰ-ның өзге кеңселерін де басып алуға тырысқан.
БҰҰ агенттіктерінің ішінде ЮНИСЕФ, БҰҰ Даму бағдарламасы және Босқындар жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасы Сана мен Ходейдада өкілдіктері бар мекемелер қатарында.
Грундбергтің айтуынша, бұл алғашқы жағдай емес. Бұған дейін Йеменде БҰҰ-ның 23 қызметкері ұсталған. 2021 жылы бірнеше адам қамауға алынса, 2025 жылы бір қызметкер түрмеде қайтыс болған.
Хуситтердің бұл қадамы 28 тамызда Израиль Санаға әуе соққысы жасағаннан кейін орын алды. Ол соққыдан хуситтер құрған үкіметтің премьер-министрі Ахмед аль-Рахави және бірнеше министр қаза тапқан.
29 тамызда Израиль әскерилері бұл соққының хуситтердің бас штабы бастығына, қорғаныс министріне және Иранмен байланысы бар өзге де жоғары шенділерге бағытталғанын хабарлады.
Израиль мен хуситтер қақтығысы
Израиль қорғаныс министрі Исраэль Кац шілде айында Йемендегі хуситтерге қарсы жауапты шара қолданатынын мәлімдеген еді. Бұған Йеменнен Израильге қарай атылған, бірақ әуеде атып түсірілген зымыран себеп болған.
Хуситтер бірнеше рет Израильге қарсы шабуылдарын Газа секторындағы соғыс тоқтағанша жалғастыра беретінін айтқан. Израильдің ХАМАС-қа қарсы әскери операциясы 2023 жылдың қазан айында басталған болатын.