Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 15:10

Зеленский: «Қытайсыз Путин ешкім емес»

Зеленский
Фото: Aaron Schwartz / CNP / Keystone Press Agency / Global Look Press

Украина президенті Владимир Зеленский БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қытайды Ресейдің соғысын тоқтатуға ықпал етпей отырғаны үшін айыптады.

Қытай Мәскеуді тоқтата алар еді

Зеленскийдің айтуынша, егер Қытай шынымен соғыстың аяқталуын қаласа, Мәскеуді басқыншылықты тоқтатуға мәжбүр етер еді.

«Қытайсыз Путин ешкім емес. Бірақ Қытай үнсіз, бейтарап қалып отыр. Оның орнына бейбітшілік үшін әрекет етуі керек еді», – деді Украина басшысы.

АҚШ-тың ықпалы

Зеленский Ресейді тоқтата алатын тағы бір ел – АҚШ екенін атап өтті.

«Мәскеу Америкадан қорқады және әрқашан оған құлақ асады», – деді ол.

Сол күні Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен кездескенін еске салды. Оның айтуынша, Киев Вашингтон ұсынған барлық бітімгерлік бастамаларды қолдағанымен, Ресей үнемі «жоқ» деп жауап берген немесе жағдайды созып, келісімге жол бермеген.

Путин тікелей келіссөзден қашады

Зеленский Ресей президентін Украинамен бетпе-бет кездесуден қорқып, тек соғысты жалғастыруды көздеп отыр деп айыптады.

«Бұл адам Украинамен де, әлеммен де бетпе-бет отырып ашық кездесуге қорқады. Ресейдің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі өкілі – шешім қабылдайтын адам емес. Ал Путин шетелге тек уақыт ұтып, қырғынды жалғастыру үшін дипломатия іздеген кейіп танытып шығады», – деді ол.

Зеленский бұған дейін Fox News арнасына берген сұхбатында Киевтің Путинмен Аустрия, Швейцария, Түркия, Катар, Сауд Арабиясы және Қазақстанда бейтарап кездесуге дайын болғанын, алайда Мәскеудің әлі күнге дейін бұл ұсынысқа келіспегенін айтқан.

Аляскадағы саммит

Тамыз айында АҚШ президенті Дональд Трамп Путинмен Аляскада өткен саммиттен кейін Ресей мен Украина басшылары кездесіп, соғысты тоқтатуды талқылауы қажет екенін мәлімдеген.

Алайда Путин Зеленскиймен келіссөздің мәні жоқ екенін, әсіресе басып алынған территориялар жөнінде келісімге келе алмайтынын айтып, бас тартқан.

Bloomberg дерегінше, Путин Аляскадағы саммитте Трамптың қақтығысқа белсенді араласуға ниеті жоқтығына көз жеткізген соң, Киевті Мәскеудің шарттарымен келіссөзге мәжбүрлеу үшін эскалацияға барған.