Зеленский мен Макрон Украина одақтастарымен бейбіт жоспарды талқылады
АҚШ пен Украина делегациялары арасындағы келіссөздерден кейін бір күн өткен соң, Украина президенті Зеленский Киев пен Мәскеу арасындағы ықтимал бейбіт келісім шарттарын Франция президенті Эмманюэль Макронмен талқылады.
Олар сондай-ақ Германия канцлеріне телефон соғып, басқа да еуропалық көшбасшылармен ақылдасты.
Кездесу Париждегі Елисей сарайында бірнеше сағатқа созылды
1 желтоқсанда Елисей сарайында өткен ұзақ келіссөздер барысында тараптар АҚШ пен Украина делегациялары арасында Флоридада өткен келіссөздердің нәтижелеріне ерекше назар аударды.
Зеленскийдің айтуынша, негізгі тақырып – АҚШ-тың соғысты тоқтату жоспары және Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктері.
Еуропа лидерлерімен келіссөздер жалғасты
Елисей сарайының хабарлауынша, Макрон мен Зеленский Украинадағы бейбітшілік мәселесін Еуропа елдерінің басқа көшбасшыларымен де талқылаған. Олар Германия канцлері Фридрих Мерцке, Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармерге, сондай-ақ НАТО бас хатшысы Марк Рюттеге жеке-жеке телефон шалған.
Келіссөздерге сонымен қатар Украина ҰҚМК хатшысы Рустем Умеров және Флоридадағы келіссөздерге қатысқан АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф қосылған.
Умеров X желісінде АҚШ-та өткен келіссөздерде «айтарлықтай прогресс» бар екенін айтып, Вашингтонға «конструктивті әрі серіктестікке негізделген ұстанымы» үшін алғыс білдірді. Дегенмен, кейбір мәселелерді әлі де толықтыру қажет екенін атап өтті.
Ол украин делегациясы Флоридадағы келіссөздер нәтижесі бойынша баяндама дайындап жатқанын және оны Зеленскийге Еуропада өтетін келесі кездесуде ұсынатынын айтты.
Еуропа бейбіт процесте сыртта қалмайды
Франция сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро келіссөздер басталар алдында Украинадағы бейбіт шешім процесі Еуропаның қатысуынсыз өтуі мүмкін еместігін айтты. Оның сөзінше, Еуропа АҚШ жоспары талқыланған кезде Киев үшін бірқатар маңызды шарттарды қорғап қалған.
АҚШ өкілдері де келіссөздерді оң бағалады
Флорида келіссөздерін Умеров «өте нәтижелі» деп сипаттады.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио да кездесуді «өте мазмұнды» деп атады, бірақ соғысты тоқтату үшін әлі көп жұмыс қажет екенін айтты.
Рубио келіссөздерде тек соғысты тоқтату шарттары ғана емес, Украинаға қатысты ұзақ мерзімді қауіпсіздік архитектурасы да талқыланғанын айтты.
Өз тарапынан АҚШ президенті Дональд Трамп бейбіт келісімге қол жеткізуге «жақсы мүмкіндік» бар екенін мәлімдеді.
Парижден кейін Зеленский 2 желтоқсанда Ирландия премьер-министрі Михол Мартин және оның орынбасары Саймон Харриспен кездесуге Дублинге баруы жоспарланған.